Home » Білім және денсаулық » Денсаулық сақтау саласының мейірімді тұлғасы

Денсаулық сақтау саласының мейірімді тұлғасы

«Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша

Астана қаласы әкімшілігі мемлекеттік мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері де біздің кейіпкеріміздің жан-жақты білікті әрі тәжірибелі педиатр-дәрігер екендігін мақтан етеді. Өйткені  жүрегі мейірімді, қайсар мінезді мықты педиатр Бағира Игенқызы өзінің жан-жақтылығын дәлелдей білген маман иесі. 
Жүнісбекова Бағира Игенқызы, 1961 жылы 13 қарашада Қарағанды облысы Ағадір кентінде дүниеге келген. Ол Ағадір кентінде 1979 жылы 10 жылдық мектепті бітіргеннен кейін «дәрігер боламын» деген балалық арманын жүзеге асыру мақсатында, Қарағанды мемлекеттік медициналық Институтына «педиатрия» факультеті «педиатр» мамандығына түседі, аталмыш жоғары оқу орнын 1985 жылы тәмамдайды. Қарағандыда 1 жыл интернатура өтеді. Бұдан соң туған жері Ағадір кентінде учаскелік педиатр ретінде қызмет етіп, біліктілігін арттырып, аудандық ауруханада меңгерушілік қызметті де адал атқарады. Кейіпкеріміз туған өлкесінде 12 жыл бойы денсаулық сақтау саласында жан-жақты еңбек етіп, 1987 жылы Сарыарқа даласындағы Ақмола қаласына жолдасы қызмет бабымен ауыстырылған соң көшіп келеді. Үш айдай уақыт қалалық жұмыспен қамту орталығының мекемесінде тіркеуде тұрған соң кейіпкерімізге мамандандырылған балалар үйінен «педиатр» қызметі ұсынылады.


— «Мамандандырылған балалар үйінде» қызмет істеймін деген ой мүлде болмапты. Өмір бойы ауруханада балалар бөлімшесінде 12 жыл жұмыс істедім, меңгеруші болдым. 1997 жылы 10 қарашада осы мемлекеттік мекемеге келген едім, биыл мұнда қызмет еткеніме 20 жыл болыпты. Алғашқыда балалар үйінде қызмет ету рухани тұрғыдан өте қиын еді. Денсаулығы жақсы балалар мен мүмкіндігі шектеулі сәбилерді салыстыруға болмайды. Мүмкіндігі шектеулі сәбилер мен жетім балаларға аялы алақан, жылу қажет, себебі біздің мекемедегі қызметкерлер рухани мықты болуы тиіс! Міне, осындай ой жүрегімде болғандықтан бір-екі жылдан соң етім үйренді. Балаларға қамқорлықпен қарап, еңбек еттім. Мекемемізде меңгеруші болмаған кезде «атқарушы» болып та қызмет еттім. 2000 – 2005 ж.ж. ата-аналары уақытша өткізетін «Үміт» тобының жетекшісі болдым. Ал қазір ауыр балалардың группасында дәрігермін. «Бөбек» тобында ординатор дәрігермін. Ауыр сырқатпен туылған балалар, көздері жоқ, диагнозы асқынған балаларды біз емдеп, төрт жасқа дейін қалпына келтіруге тырысамыз, тиісті жасына жеткен соң басқа балалар үйіне жібереміз. Сондай ауыр топта қызмет етеміз, ал статистика бойынша реабилитация жақсарып жатыр.
Медицина саласы да даму үстінде. Жалпы менің еңбек өтілім 32 жыл. Жоғары санатты педиатр дәрігермін. Өмірлік ұстанымым – ауру балаларды емдеп, жетілдіру, қолымнан келгенше көмек көрсету. Денсаулық сақтау саласында ғылым мен білімге өз үлесімізді қосып, шала туылған балалардың табиғи қорегі туралы ғылыми мақалалар жазып жүрміз. Аракідік мақаламыз шығып тұрады. Яки жылына бір-екі мақала жазып тұрамын», — дейді дәрігер кейіпкеріміз.
Кейіпкер Бағира Игенқызы, өзінің дәл осы мекемеде қызмет етіп жүргеніне Аллаға мың да бір шүкіршілік етеді. Өйткені мұндағы басшылық тың да мықты маман екендігін айтып, ризашылығын білдіруде. «Біздің бас дәрігеріміз бұл мекемеде сәуір айынан бері қызмет етеді. Нағыз маман иесі әрі білікті басшы», — дейді. Астана қаласы әкімшілігі мемлекеттік мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері де біздің кейіпкеріміздің жан-жақты білікті әрі тәжірибелі педиатр-дәрігер екендігін мақтан етеді.
Кейіпкеріміздің отбасы туралы айта кетсек, екі қызы мен жан жары Бағира Игенқызының өмірде мықты тұлғалардың бірі болып қалыптасуына де өз септігін тигізген. Өйткені дәрігер кейіпкеріміз отбасы туралы әңгіме өрбіткенде жанарының ерекше нұрланып тұратындығын байқаған едік.

P.S. Дәрігер Бағира Игенқызы өте мықты, білікті педиатрлардың бірі деуге әбден болады. Өйткені кейіпкеріміз өзінің шеберлілігімен қатар кішкентай науқастарға мейірім мен жылуды сыйлай білетін аяулы тұлға.  Балалар туралы айта кеткенде кейіпкеріміз: «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шығады» деген мақалды еліміздің әрбір азаматы көкірек көзіне түйе білсе игі», — дейді.

Жансая Құрманғалиқызы, 

«Білім Айнасы» газеті

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.