Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білімге ғана емес, өнерге құштар шәкірттер жетерлік. Солардың бірі 8 сынып оқушысы Даяна Мақұлбаева. Сазды әуенге жаны құмар жас талант өзінің алар биігі әлі алда екенін әркез дәлелдеп келеді. Жуырда ол «Бала шабыты» Халықаралық конкурстық жобасының «Generation Z» атты дарынды балалар мен жасөспірімдер байқауында 1 орынды жеңіп алды. Елордамыз Астана қаласында өткен өнер байқауы бірнеше аталымдар бойынша өткізілді. Атап айтқанда: вокал, хореграфия, аспапта ойнау, сахналық шығармашылық және көркем сөз оқу. Түрлі жас ерекшеліктер бойынша бақтарын сынаған жас дарындар сахнаға бекерден-бекер шықпағандарын дәлелдеуге тырысқан.
— Мен 13-17 жас аралығындағы жеткіншектер арасында өнер көрсеттім. Бұл жолғы байқауға «I Will Always Love You» әнін дайындаған едім. Әділқазылар арасында елімізге танымал Маржан Арапбаева әпкеміздің болуы әр қатысушыға үлкен жауапкершілік жүктегені анық. Кәсіби әншінің алдында орындауға тиісті әніңді нақышына келтіре шырқап шығуда аз еңбек емес. Мен өз мүмкіншілігімді пайдаланғанымның арқасында жүлдегерлер қатарынан көріндім деп ойлаймын, -дейді оқушымыз.
Даяна мектебіміздегі «STAR» вокалдық студиясының мүшесі. Мектебіміздің көркемдік жетекшісі Руслан Қасеновтің сөзіне сүйенсек, студия зияткерлік мектептерге ортақ «100 ән» жобасының аясында жұмыс жасайды екен. Соның арқасында оқушылар түрлі сайыстарға қатысып, алдыңғы лектен көрініп жүр. Мәселен, өткен жылы «Таңғы Шұғыла» шығармашылық фестивалінің аясында өткізілген «Зимний звездопад» халықаралық сайысында осы студияның 4 бірдей тәрбиеленушісі түрлі аталымдар бойынша жеңіске жетіп, мектеп абыройын асырған еді. Солардың қатарында Даяна да бар болатын.
Ал биылғы додадағы жеңісі үшін жас әнші арнайы диплом, кубокпен марапатталса, жетекшісі Руслан Қасенов алғыс хатқа ие болды.
Альсана Смаилова,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы