Home » Айтарым бар » Дастарқан басында отыру тәртібі

Дастарқан басында отыру тәртібі

Қазақстан халқы, қазақ елінің жұртшылығы өткен тарихымызға ой жүгіртіп, жылдар бойы жинақтаған жемісін көріп марқаятын күнге де жетті.

Адамзат қоғамы өзінің даму сатысында қай кезеңде өмір сүрсе де сол кезеңде өмір сүруші адамдарға арналған нормалар мен мінез-құлық ережелері, әдет-ғұрып дағдылары болады.

«Тәуелсіз елдің ұлы өжет, қызы қайратты, халқы қаһарман» дегендей, азаттық жолында жалындап жанып, тәуелсіздікке қолы жеткен халқымыздың қаһарман екендігін тарих шежіресі көрсетіп отыр. Ал тарих шежіресі қаншалықты бай болса, ұлттық тәрбиенің соншалықты құнды болатындығы мәлім.

Халқымыздың қанына сіңген әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін жас ұрпақтың бойына сіңірумен еңбектенген асыл жанның бірі – Бақыт Бозжігітов ағай еді. Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап, ертеңгі тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін ұстар азаматтарды тәрбиелеудің өте жауапты да, аса зор мәнді іс екенін жүрегімен сезініп, кеңестік дәуірдің тар құрсауында қалып, көрінбей қалған салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты қайта жаңғыртып, заман талабына сай жаңаша өрнек беріп, жас ұрпақ тәрбиесіне ұтымды пайдалану қажеттілігін түсінген Бақыт аға қазақ халқының қасиетті киіз үйін және сол киіз үйдің ішінде отбасы мүшелерінің дастархан басында отыру тәртібін дәріптеп келді.

Үнемі ізденісте, теориялық білімі, әдістемелік шеберлігі мол Бақыт аға ұлттық озық технологияны меңгерген, жұмыс жасай білетін шығармашыл шебер жан еді. Қазақ елін күллі әлемге танытқан, үлкен талант иесі, өскелең ұрпаққа үлгі аға болды.

Саналы да сапалы, білімді де белсенді жастары бар елдің қашанда еңсесі биік, болашағы зор болмақ. Олай болса, елдің ертеңгі бақыты жас ұрпақ екендігін әрдайым есте тұтып жүретін Бақыт аға қоғам өміріне белсене араласып, өз білген-түйгендерін ортаға салып, ОблБАИ әдіскерлерімен тығыз байланыста жұмыс жасап жүрді.

Елін сүйе білетін, жан аямай қызмет ете білетін Бақыт аға киіз үй туралы өз білімін 2008 жылы Маңғыстау облыстық білім беру ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында технология пәні мұғалімдеріне арналған «Технология пәнін үйрету әдістері» тақырыбындағы білім сатысы оқуында «Киіз үйдің құрылысы, қасиеті, қайда, қандай ағаштан жасалады?», «Киіз үйдің ішінде қазақ халқы дастархан басында қалай отырады, жанұя мүшелерінің орны» деген тақырыптарда дәріс берген болатын.

Бұл дәрістер технология пәні мұғалімдеріне үлкен ой салды. Мен кейіннен өзімнің барлық жүргізген білім сатысы оқуларымда Бақыт ағаның киіз үйін, отбасы мүшелерінің дастархан басында отыру тәртібін айтпай, тыңдаушыларға сабақ жүргізбейтін болдым.

Қазақта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген аталы сөз бар. Жас ұрпақты отбасынан тәрбиелеу үшін дастархан басында дұрыс отырудан бастау керек екендігін түсіндім. Мұны мұғалімдер ары қарай балаға ұғындыру үшін оны мектептердің дене тәрбиесі мұғалімдеріне эстафеталық ойын түрінде үйреткен тиімді деп ойладым. Бақыт ағаның дәрісінен кейін «Киіз құрылысынан алынған жеті ойын» деген әдістемелік нұсқаулық институт кеңесінде бекітіліп, Маңғыстау облысының аудан, қалаларының барлық мектептеріне таратылды. Кейін республикалық «Этнопедагогика» журналының 2010 жылғы №4 санында жарияланды.

Қазақ халқының этностық ерекшеліктерін байыптасақ, халқымыз ұрпақ сабақтастығын сақтап, алысты жақындатып, аразды татуластырып, ізетті келіннен таныған, татулықты абысыннан тапқан, дарқандықты даласынан, даналықты бабасынан, пәктікті баласынан алған халық. Төрде осы әулеттің атасы, ата жоқ болса, әкесі отырады. Атаның сол қанатында, жүрек жақ бетінде –ұлдары отырады. Олардан кейін ана, жұбайы, келіні отырады, үйдің келіні сол қолымен шәйнекті ұстап шай құяды, оң қолымен асты береді, мұндағы мақсат: “сол қолмен дәрет аласың, ал оң қолмен нан илейсің. Сондықтан асты оң қолыңмен бер” деген сөз. Сәлем еткенде де сол қолдың үстіне оң қолды қойып, тізеңді бүгіп, алақаныңды алға ашып, үлкендердің батасын алып сәлем етесің. «Келінжан, сәлем ет, сәлем етсең әдемі ет!» (беташар). Атаның оң қанатында қонақ (құда-құдағи, нағашы, жиен, бөле, т.б.), қонақтан кейін тұрмыс құрмаған қыз отырады. Қыз – қонақ, ертеңгі ел мен елді табыстыратын да, өрісіңді кеңейтетін де сол – қыз бала. Сондықтан ұлтымыз «Қызға қырық үйден тыйым» деп, оның тәрбиесіне ерекше мән берген. Кей кездері ұзатылып бара жатқан қызға «Сол үйден үш буылып шық» деп те айтып жатады. Бұл әулеттің бар ауыртпалығын да, қуаныш пен қайғысын да бөліссін, біте қайнасып кетсін, келмей, барған жеріне тастай батып, судай сіңсін деген игі тілектен шыққан. Одан кейін сол үйдің немесе әулеттің тұрмысқа шыққан қыз-күйеу баласы отырады.

Табалдырықтың қасиеті өте зор. Киіз үйді тіккенде бірінші табалдырық қойылады. Сол киіз үйдің ортасында қасиетті шаңыраққа тірелген адал бақанға сүйеніп толғатып, ана өмірге жас нәресте әкелгенде баланың жолдасы сол табалдырықтың оң жақ астына көмілген екен. «Қазақтың табалдырықты баспа» деп оны қасиет тұтатыны да сондықтан. Бақыт аға «Өміршең өнер» атты кітабында: «Қазақ шаңыраққа ерекше мән берген. Киіз үйдің барлық уықтарын біріктіріп ұстап тұратын шаңырақты қай уақытта да қадірлеп, ұрпақтарына үлгі еткен. Өйткені, көшпелі халық өмірінде шаңырақ оларды аспан әлемімен байланыстырады, сонымен қатар оның жасалуында да терең сыр жатыр. Бәлкім, шаңырақтың аспан түстес көкпен боялуында ежелгі ата-бабаларымыздың бір кездері Көкке табынған наным-сенімдері жатқан шығар. Шаңырақта ұрпақ жалғастығын табады, өніп-өсіп, өркендейді. «Кәрі шаңырақ» деп бір кездері өздерінің ұрпақтары бастау алған үйді, соны ұстап отырған адамды ерекше сыйлайтындығы да, құрметтейтіндігі де сондықтан. «Қазақтың бір-біріне айтылар тілегінің ең үлкені де – «Шаңырағың шайқалмасын, шаңырағың аман болсын, еңселі болсын, қазан-ошағыңнан құт кетпесін» деген сөздер.

Халқымыздың ежелден ерекше мән беріп, құрметтейтіні – табалдырық сол үйдің бастауы іспеттес. «Табалдырықтан имене аттады» деген сөзде үлкен мән жатыр. Өйткені ол үйдің төрінде рубасы, елге сыйлы ақсақал, қара қылды қақ жарған би, болмаса өзін өмір соқпағына адастырмай салған әке, қолтығын сүйер аға отырады. Сондықтан ондай үйді ерекше құрметтеп, уақытында келіп амандасып кетуді, берген батасын алуды жасы кішілер үлкен міндет санайды.

Маңғыстауда Мәтжан өзінің сыйлап, құрметтейтін бір нағашысына амалдан кейін көрісіп бара алмай, біраз уақыт өткізіп алады. Сол нағашысымен айдалада кездесіп қалады. Сәлем-сауқат алысқаннан кейін нағашысы:

-Мәтжан-ау, осы Маңғыстауда Отпаннан биік тау бар ма? – деп сұрапты.

Сонда Мәтжан:

-Бар ғой, нағашеке, — дейді.

-Бар болса ол қайда? – дейді нағашысы.

-Ол – ұялатын үйдің табалдырығы ғой. Отпанға тырмысып шығуға болады, ал ұялатын үйдің табалдырығынан аттай алмайсың-ау, — депті Мәтжан.

-Түсіндім, жиен, өкпем тарқады, енді келе бер, — деген екен сонда нағашысы.

Осы сөзден-ақ халқымыздың табалдырықты ерекше құрметтейтінін білеміз. Жаңа түскен жас келінге өмірден көрген-түйгені көп, жасы үлкен аналары «Шырағым, бұл – қасиетті табалдырық, оң аяғыңмен атта» дейді, болмаса кішкентай балаларға «Табалдырықты баспа, кіріп тұр» деп жататынымыз да оған деген құрметтен туындаса керек», — деп ұлтымыздың асыл қасиеттері туралы айтады.

Дастархан басында отыру тәртібін білу және сақтау – ол үйде тәртіп, яғни тәрбие бар деген сөз. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жадында қалуы үшін мұны тәрбие жұмысында, спортта және коорпоративтік кештерде ойын түрінде жүргізсе, барша халыққа пайдалы тәрбиелі іс болар еді. Ойынның тәрбиелік мән-мақсаты: қасиетті дастарқан басында отбасы мүшелерінің өз орнын тауып отыра білуі.

Жастарды өз елінің патриоты ету үшін Отанын, салт-дәстүрін сыйлауға тәрбиелеуіміз керек. Жеке кәсіпкерлер қазір көптеп мейрамхана, тойхана салып жатыр. Сол тойхана ұлттық нақышта салынған ба? Іші түгілі сыртында да ұлттық нақыштың ізі жоқ. Тойхана салған кәсіпкерлер елге жасайтын қызметінің мәнді де сәнді болуы үшін жауапты болуы керек қой!

Тойхананың босағасынан бастап кірген жан тойхана атауына сай дерек іздейді, мейрамхана иесі осыны залдарын безендіруде ескеріп, атаудың шығу тарихынан дерек ұсынуы, ыңғайлы орындарға тәрбиелік мәні бар мақал-мәтелдер, құттықтау жолдарын орналастыруы керек. Себебі тойхана халықтың көп баратын орны болғандықтан, оның ішіндегі тірліктің бәрінің өнегелілік мәні болуы керек. Тойды көп жасайтын халқымыз тойханадан тәлім-тәрбие алсын.

Мысалы: тойхананың аты – «Шаңырақ». Тойхананың қонақ бөлмесіне кірген кезде қақ төрдегі №1 стол – аталардың орны болуы тиіс. Аталардың сол қанатына үйленген ұлдың столы, оң қанатына ұзатылған қыздың столы орналастырылғаны жөн. Аталар столының оң қанатындағы №4 стол қонақтарға арналған. Мысалы: №4 «а, б» стол деп, шақырылған қонақтың санына қарай нөмірлер қоясыз. Қонақтар кімдер? Олар құда-жекжат, бөлелер, жиендер, нағашылар, достар, көршілер т.б. №5 столда осы елдің қыз-күйеулері отырады. Атаның сол қанатындағы №2 столдарға осы той жасап жатқан елдің ағайын-тумаластары отырғаны дұрыс. №2 «а, б, в» №3 столдарға осы елдің аналары, жесірлері, әйелдері, келіндері отырғандары жөн. «Ақ отау төріне қоныңдар!» деп жас жұбайларға өлең айтқанымызбен, қыз да, келін де аталардан ұлы емес. Сондықтан олар төрдің оң және сол жақ қанаттарына орналасады.

Дастарқан басында отыру тәртібін алғашқы ойын ретінде өткізуге болады. Дөңгелек үстел қойыңыз. Ойынға қатысушы 1-ден 7-ге дейінгі сандарды орналастырып шықсын. Кім қайда отырады? Білмейтін ағайын орнын тауып отырып, өз орнын біліп кетеді.

 

Мектептегі дене тәрбиесі пәні мұғалімдеріне сайыс үлгісі

Шаңырақ (жарысқа дайындық ойыны — 3 минут). Отбасылар сапқа тұрады

  1. “Шаңырақ” дегенде команда дөңгелене шаңырақ сияқты қолдарының ұшын бір-біріне тигізіп тұра қалады.

 

 

 

 

 

 

 

Уықтар дегенде бірінің артына бірі тұрып, қолын жоғары көтеріп лек болып тұра қалады.

Кереге дегенде теріс қарап, қол ұстасып жерге отыра қалады. 6-8 рет қайталайды. Ұйымшылдық, шапшаңдықтар көрсеткен командаларға ұпай беріледі.

  1. Үй тігу эстафеталық жарысы — 3 минут. (алдын ала дайындалған магнитті екі тақта тұрады, командаларға киіз үй сүйегі жабдықтарының жеке-жеке жеткілікті суреттері беріледі).

«Дайындал, үй тігуге жүгіріңдер!» командасынан кейін отбасының әкесі жүгіріп барып табалдырықты қойып келеді. Сонан кейін 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7 қанат керегені отбасы мүшелері жүгіріп барып тақтаға жапсырып (жайып) келеді, керегелерде жеті ата атаулары жазылған (ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене). көрсеткіштер ретімен, яғни атадан неменеге ілінеді. Бұдан кейін бақанды, сосын шаңырақ, ең соңында уықтарды қояды. Уықтарға отбасына қатысты қанатты сөздер жазылған (татулық, сыйластық, достық, мейірімділік, қайырымдылық, қамқорлық ж.т.б) көрсеткіштер ілінеді, сөйтіп, әр отбасы мүшелері, яғни 5 адам 3 реттен барып үйді «тігеді».

  1. Дастарқан басында отыру тәртібі эстафетасы (3 минут). Үйіміз тігілді. (ойынға екі команда үшін қажетті спорттық құралдар: 2 шеңбер, 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7 сандары жазылған 7 кеглиден 14 кегли керек). Енді дастарқан басына отбасы мүшелерін орналастыру басталады. Дөңгелек шеңбер, яғни дастарқан басына сандар жазылған кеглиді 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7 жүгіріп барып өз орнына «отырғызып», неге ол орынға отырғызғаны баяндалады. Үстелде №1 кім отырады (атасы, әкесі), № 2 кім отырады (ағайындары, ағалары, ұлдары), №3 кім отырады (анасы, келіні), № 4 сан – қонақ (құда-құдағи, нағашы, жиен, бөле т.б) қонақтан кейін немесе қонақ келмесе тұрмыс құрмаған қыз отырады, №5 сол үйдің немесе әулеттің қыз-күйеулері, №6 табалдырық, №7 санының қасиеті – дастархан, ондағы ұлы тағам – ас.
  2. Сырықпен жүру жарысы — 3 минут (әкесі, баласы сырықпен белгіден айналып өтіп келеді). Сырық – бұл қол жетпейтін үзік, туырлық киіздерін жапқанда түзу жазу үшін қажет 2-3 м таяқ, оны есіктің сол қанатына керегеге сүйеп қояды. Үзіктің жабығына жеңгелер құрт, балқаймақ, ірімшіктерін кептіреді. Ал бозбалалар жеңгелерінің тәтті құрттарын сырықпен түсіріп алады да, сырықты ағаш аяқ етіп, цирк спортшылары секілді жарысып ұзап кете береді екен.
  3. Арқаннан секіру (отбасыларының барлығы қатысады, әке мен шеше арқанды айналдырады, балалары секіреді). Арқан ақ арқан, ала арқан болып ағаш үйдің белінде ілулі тұрады. Мына ала арқанның қандай қадір-қасиеттерін білесіздер?-деген сұраққа бала түсінік береді. Қазақстанның кейбір облыстарында әлі де сақталған дәстүр, құда күткенде, құдаларды немесе қонақтарды сынау үшін алдарынан ала арқанды тастайды екен, неге? Түнде далаға жатқанда арқанды дөңгеленте тастап ортасына жатады екен, сонда таң атқанша шағатын жәндіктер ол шеңберге ене алмайды. Кісінің ала жібінен аттама дегенді қалай түсінесің? Себебі ала арқан ақ пен ара қой жүнінен есіледі. Қара қойдың жүнінің иісінен қара құрт қашады.
  4. Киіз үйдің оң жағында. Бес тас.
  5. Киіз үйдің сол жағында. Асық ойнау.

Сурет 6. Керегелер керілді

 

Сурет 8. Отбасы мүшелері дастарқан басына жиналды.

Сурет 7. Уықтар шаншылды

Ағуза РАМАЗАНОВА,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ

Маңғыстау облысы бойынша филиалы,

Жаратылыстану-ғылыми

(гуманитарлық) пәндерді

оқытудың инновациялық

технологиялары мен әдістері

кафедрасының аға оқытушысы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.