«Ешкім де іштей батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады»,- дейді Бауыржан Момышұлы. Яғни, бүлдіршіннің уақыт талабына сай дамып, заман ағымына ілесе алуы берілген білім мен тәрбиеге байланысты. Баланың жақсы өмір сүруге талпынып, қоршаған ортаға бейінделуі, салауатты өмір салтын ұстана алуы, тұлға болып қалыптасуы бәрі-бәрі балабақшадан басталады. Болар ел алдымен бесігін түзейді. Сондықтан біздің билік те мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына ерекше көңіл бөліп келеді. 2010 жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету мақсатында «Балапан» бағларламасын қолға алды. Яғни 2020 жылға дейін бүлдіршіндер балабақшамен толыққанды қамтылатын болады. Жоспар жүйелі жолға қойылғандықтан ел аумағындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны артып келеді. Мемлекеттік бағдарлама негізінде салынып, ел игілігіне берілген балабақшалардың бірі Астана қаласындағы №15 «Дарын» балабақшасы. Жұмысын 2015 жылдың 2-желтоқсанында бастаған ұжым ағымдағы айдың алғашқы жұмасында 1 жылдығын атап өтті. Салтанатты шараға Астана қалалық Білім Басқармасы мамандары мен ата-аналар арнайы қатысып, тәрбиешілер мен бүлдіршіндердің өнерін тамашалады.
Халықаралық стандарттарға сай салынған нысанның жалпы аумағы 3200м2 құрайды. Ғимарат іші кең, жарық, таза, заман талабына сәйкес соңғы үлгіде жабдықталған. Бүлдіршіндерді қарсы алатын, демалатын орындар, ойынға арналған, тамақтану, жуынатын бөлмелер бәрі-бәрі жоғары үйлесімділікпен жарасым тапқан. Жоғарғы топ балақайларына лайықталған дәріс кабинеттері де қарастырылған. Онда балалардың сабақ әзірлеуіне қажетті құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, хореография, спорт, мәжіліс залдарымен жабдықталған. Балабақша балаларға арналған орталық іспеттес. Онда түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Балалар бейінділігіне қарай арнайы мамандардан діріс алып, өз қырларын ашуға мүмкіндік алады. Жобалық қуаттылығы 200 орынға арналған балабақшада бүгінде 317 бала тәрбиеленуде. Балабақшада 10 топ болса, оның 2-еуі тілінде кемістігі бар балаларға арналған коррекциялық топтар.
Бүлдіршіндердің білімді, өз жасына сай ой-өрісінің дамуы жолында 18 тәрбиеші мен 8 педагог жұмыс жасайды. Оның 2-еуі І санатты болса, 3-еуі ІІ санатты мамандар. Ал жалпы қызметкерлер саны 53-ке жеткен. Тәрбиешілер оқу тәрбие үрдісінде жаңа инновациялық технологияларды пайдаланады. Білікті, жас мамандардан құрылған ұжым 1 жыл ішінде жақсы нәтиже көрсетті. Тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер түрлі қалалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлдегер атанды. Қысқа мерзімде өзінің болмысын қалыптастырып, дара жолын тапқан «Дарын» балабақшасы алдағы уақытта да болашағымыздың бағбаны болары сөзсіз.
Ж.БЕСЕУ