Назарбаев мектептерінде талантты және дарынды балалардың оқитыны белгілі. Дарынды балалардың оқуға қабілетті және оқуға қызығушылықтарының жоғары болуына байланысты оқу мен оқыту жеңіл, сондықтан олармен жұмыс жасау ыңғайлы деген сенім мұғалімдер мен ата-аналардың арасында қалыптасқан. Дегенмен дарынды және талантты балалармен жұмыстың да әр түрлі осындай оқушыларға тән мінез-құлықтарға байланысты қиындықтары болуы мүмкін. Талантты және дарынды оқушылар шыдамсыз болуы және топтық жұмыстар кезінде басымдылық көрсетуі, немесе басқа топ мүшелері тапсырманы сапалы әрі жылдам жасауға кедергі болады деп есептеп, олармен бірге жұмыс жасағылары келмеуі мүмкін. Олардың көпшілігі жеке жұмыс жасағанда өздерін жақсы және сенімді сезінеді немесе олардың басқа оқушылармен қарым-қатынас жасауда қиындықтары болуы мүмкін. Олар «зейінсіз немесе тапсырмаға мән бермей»( “inattentive or off-task”) отыруы немесе бір уақытта бірнеше заттармен айналысып отыруы мүмкін. Осылардың барлығы мұғалім мен басқа оқушыларды алаңдатып, оқу процесіне кедергі келтіруі мүмкін. (“Handbook for Teacher, II level, 2012, p333”)
Дарынды және талантты оқушылардың басқалардан арнайы қабілеттерінің түрі мен деңгейіне және ынтасына, оқу стильдеріне және басқа да жеке-әлеуметтік мінездемелеріне қатысты айырмашылықтарына байланысты, олар сара бағыт-бағдар мен жеке кеңесті қажет етеді. Өкінішке орай, бұл қажеттіліктерді түсінгенмен, бағыт-бағдар тек академиялық жеделдету мен тереңдетуге, нақты психологиялық проблемаларды шешуге немесе үлгермеушілікті азайтуға қатысты болып келеді. Дарынды балалардың қабілеттерінің толықтай жүзеге асуына кедергі болуы мүмкін жағдайлар:
- дарындары мен қабілеттерінің байқалмай және ашылмай қалуына байланысты көмек алмауы,
- дарындары мен қабілеттерінің ашылғанымен, оларды дұрыс қабылдамау немесе түсінбеу. Мысалы, кейбір қабілетті оқушылардың сабаққа құлықсыздығы байқалады, бірақ мұғалімдер мен ата-ана оны «сабақ өте жеңіл болғасын іші пысады» деп ойлайды. Бірақ себебі тереңіректе, мысалы құрбы-құрдастарымен арадағы жеке-әлеуметтік қарым-қатынаста, жатуы мүмкін.
Мен Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде дарынды және талантты балалармен жұмыс жасауды бастағаннан кейін, «мен олармен жұмысымды қаншалықты дұрыс жолға қоя аламын?» деген сұрақ туындады. Көптеген әдебиет оқып, әріптестеріммен тәжірибе алмастыруға тура келді. Сабақ беретін бір тобымда әр түрлі интеллектегі 11 оқушы болды. Оқушыларымның интеллектерінің басым түрін білу, олардың қажеттіліктері мен қызығушылықтарын анықтауға көмектеседі деп ойладым. Олардың интеллект түрлерін анықтау үшін Гарднердің тестін қолдандым (test on multiple intelligences). Тестің нәтижесіне сай оқушылардың тек 45% -ы (5/11) жоғары вербальді-лингвистикалық интеллект иелері, тек бір оқушыда ғана ақындық интеллект бар (poetic intelligence) болып шықты. Бір оқушыда бірнеше интеллект түрлері болатыны бәрімізге де белгілі жағдай болғанымен, мен бұл тесті алу барысында таңқаларлық құбылыспен кездестім. Бір оқушым 8 түрлі интеллектен тең дарынды болып шықты. Математикалық интеллект пен линвистикалық интеллект бірдей бір адамда жоғары болады деген ой кең тарамаған. Бірақ сегіз түрлі интеллектің иесінде олар тең жоғары деңгейде болды. Сонымен қатар халықаралық SAT емтиханының қортындысы да бұл оқушыны әлемнің математикадан өте дарынды 5% оқушыларының қатарынан көрсетті. Халықаралық тілдік IELTS емтиханы да оның жоғарғы тілдік деңгейін көрсетіп берді.
Жалпы дарынды оқушылар ақпаратты әр түрлі жылдамдықта қабылдайды және игереді, идеяларды тұжырымдайды және дәлелдейді, оған қоса күрделі консептерді тереңірек түсіну үшін сұрақтар қоя біледі. Олардың өздерінің мақсаттарына жетуге деген жоғары ынталары мен оқуға табандылықтары және сол пәнге деген қызығушылықтары оларға кез-келген пәнді үздік меңгеруге мүмкіндік береді. Егер осындай оқушылардың үлгеруге қатысты қиындықтары болса, ол белгілі бір пәнге деген қабілеттерінің жоқтығынан емес, басқа факторларға байланысты болуы мүмкін. Ол факторлар пәнге қызығушылық деңгейіне, ынталарына, мұғалім, ата-аналары мен құрбы-құрдастарымен арадағы қарым-қатынас сияқты жеке-әлеуметтік мәселелерге қатысты болуы мүмкін.
Дарынды және талантты оқушылар өздерінің оқуларын реттеу тәсілдерімен де бір-бірінен ерекшеленетінін есте ұстау керек. Өзімнің оқушыларымның өзін-өзі реттей білу деңгейін анықтау үшін Коннектикут Университетінің Дарынды және Талантты Оқушыларды Ұлттық Зерттеу орталығының ағартушыларының жұмыстарын басшылыққа алдым және олардың құрастырған сұрақтарын бейімдеп, өз жұмысымда қолдандым.
Оның нәтижесі көрсеткендей, бір оқушы жеке, мінез-құлықтық және қоршаған ортаны пайдалану сияқты әр түрлі өзін- өзі реттеу стратегиялар комбинациясын тең қолданса, келесі оқушы жоспарлау, түйіндеу, ерекшелеу, бағаларын жазып жүру, жаттау және қайталау сияқты жеке стратегиялардағы техникаларды пайдаланады. Өзін-өзі реттеу дағдысы нашар дамыған оқушылар да кездеседі. Көптеген оқушылар жеке өзін-өзі реттеу сиратегиясында уақытты тиімді пайдалану мен жылдамдықты ең аз дамыған ретінде көрсеткен. Мінез-құлықтық стратегиядан кейбір балалар өзіне-өзі нұсқау беру, кері байланысты дұрыс қолдану және зейінділікті дамыту керек деп есептейді. Қоршаған ортаны пайдалану стратегиясында өздерін алаңдататын заттарды азайту, басқа үздік оқушылардан көмек сұрау біршама оқушы үшін тартымды емес.
Дарынды және талантты оқушылармен жұмыс жасау барысында, олардың қажеттіліктері, қызығушылықтары мен алдыңғы білімдерін ескере отырып, оларға әр түрлі интерактивті үлгіде; жеке, жұпта және топта жұмыс жасатамын, өйткені бұл оларды тапсырманы орындау барысында топтың әрбір мүшесінің күшті жақтарын пайдаланып, бірге жұмыс жасай білуге үйретеді. Бұл, сонымен қатар ойлары мен тәжірибелерімен бөлісу кезінде олардың бір-бірінен үйренулеріне ықпал етеді. Одан басқа оқушылар әртүрлі адамдармен өзгеше ортада әрқилы проблемаларды шешу барысында әрбір топ мүшесенің толық потенциалын пайдаланып бірігіп жұмыс жасауға үйрену үшін әртүрлі жұпта, үштікте және топта(үнемі бір адамдармен емес) жұмыс жасайды. Мен сабақтарымда қабілеттері мен қызығушылықтарына қарай топтарда бірігіп оқу, өз бетінше жеке оқу және жоба жұмыстары және жұптар мен үштіктерде жұмыс жасау әдістері мен стратегияларын қолданамын.
Осы бағыттағы жұмысымды жандандыру мақсатында мен дарынды балалардың қабілеттерін одан әрі дамыту үшін бес бағытқа басымдылық беруге шештім. Олар: оқушылардың әлеуметтік дағдыларын; жоғары деңгейде сөйлеу және жазу; сын тұрғысынан ойлау және дәлелдеу (argumentation skills); зерттеу дағдыларын және білім, тақырып, сұрақтар мен сыртқы әлем үшін ағымдағы маңызды проблемалар жүйесін түсіне білу дағдыларын дамыту.( “The Programme of Developing Children’s Giftedness” pp 195-196). Мысалы, оқушылардың әлеуметтік дағдыларын дамыту үшін әлеуметтік және психологиялық мәселелер бойынша кеңес беріледі. Күтілетін нәтиже оқушылар әлеуметтік мәселелерді тиімді шеше алатын болады. Өздерінің ойларын жазбаша және ауызша анық жеткізе алулары үшін жоғары деңгейде сөйлеу және жазу дағдыларын дамытуға академиялық кеңес беріледі. Сын тұрғысынан ойлау және дәлелдеу (argumentation skills) дағдысы жоғары оқушы проблемаларды қайта айқындай, идеяларды тұжырымдай, идеяларды мысалдар келтіре отырып дәлелдей алады. Зерттеу дағдысы жоғары қалыптасқан оқушы гипотезаларды құрастыра, ақпаратты жинап, сараптай, әртүрлі дереккөздерден алынған жұмыстарды синтездей біледі. Білім, тақырып, сұрақтар мен сыртқы әлем үшін ағымдағы маңызды проблемалар жүйесін түсіне білу дағдыларын дамытудың нәтижесінде оқушы үлгілер мен қатынастарды көре біледі, негізгі принциптерді түсінеді және жаңа жағдайларға бейімделгіш және икемді болады. Осы дағдылардың барлығын дамыту үшін академиялық кеңеспен қатар әлеуметтік және психологиялық мәселелер бойынша кеңес беріледі.
Қорыта айтсақ, дарынды оқушыларға да басқа оқушылар сияқты өздерінің қабілеттерін толықтай жүзеге асыра алулары үшін мұғалімдері мен ата-аналарының тарапынан бағыт-бағдар мен көмек қажет. Талантты және дарынды оқушылар арнайы көмексіз өз беттерінше жетістікке жете алады деген көзқарас әрқашан дұрыс бола бермейді. Осындай оқушыларға тұжырымдар қысқаша түсіндірілуі керек те, нұсқаулар берілу керек. Ары қарай әр оқушы ақпаратпен өз бетінше жұмыс жасайды. Көптеген дарынды балалар берілген ақпаратты қиындықсыз қолдана алады. Дегенмен кейбір оқушыларға үлкендерден ары қарай кеңес керек болуы мүмкін. Мұндай кеңесті тек оқушы өзі қажет деп сұраған жағдайда берген дұрыс.
Енсепова Айгул Сейткалиевна,
ағылшын тілі пәні мұғалімі,
Назарбаев Зияткерлік мектебі