Home » Мақалалар » Дарынды жас – еліміздің болашағы

Дарынды жас – еліміздің болашағы

 

  «Еркін елдің ертеңі — кемел білім мен кенен ғылымда» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жастарды осы заман талаптарына сәйкес оқыту және тәрбиелеу қажеттігін анықтап берді, сондықтан тәуелсіз қазақ елінің өсіп-өркендеуі мен гүлденуі – дарынды жастарды тәрбиелеу – бүкіл ұстаздарға зор міндет жүктейтіні сөзсіз.

Осы мақсатта 2017-2018 оқу жылында мектебімізде «Болашақ» оқушылар ғылыми қоғамы жұмыс жасайды. Оқушылардың ғылыми қоғамы міндеттерінің бірі — Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді  жүзеге асыруға белсенділік таныту.

Қазан айының 14-нші жұлдызында Рудный қаласы әкімдігінің №19 орта мектебінде оқушылардың ғылыми қоғамы мен 10 ерікті мектеп клубының ашылу салтанаты өтті. «Оқы! Ізден! Талаптан!» ұранымен өткен іс-шара барысында дарынды оқушылардың пәндерге деген қызығушылықтарымен қатар өнерлері де байқалды. Сонымен қатар, алғаш рет оқушылар ғылыми қоғамының «Болашақ ұраны» орындалды.

Бастауыш буыннан құрылған «Жас ғалымдар» секциясының мүшелері  М.Т.Ахбергенованың жетекшілігімен ұлы Абайдың «Кел, жастар, біз түрлі жол табалық» өлеңін мәнерлеп оқи отырып, жас дарындарды оқуға, білімге, жаңаны зерттеп білуге шақырды.

Г.А. Сайфуддинованың жетекшілігімен орта буын «Ғылым шарайнасы» секциясы Мұхтар Шахановтың «Арман» өлеңін сахнада шебер сомдап, ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің жолын қуып, ғаламда мәңгі лаулап жану үшін, үлкен бақыт табу үшін адамға «үлкен арман» керек екендігін көрермендерге жеткізе білді.  

Білім мен өнерді қатар алып жүрген «Дарын» секциясының мүшелері шағын флешмоб ұйымдастырып, көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлады. Жетекшісі – Ғ.Е. Саналиев.

Сонымен қатар, «Оқырмандар», «ХІХ ғасыр», «Математика әлемінде», «Адал ұрпақ», «Пифагор», «Жас эколог», «Жас флорист», «Логика», «Ұлттық қазына» және «Өлкетану» клубтарының жетекшілері мен мүшелері ортаға шығып, эмблемалары мен ұрандарын, өздерінің алға қойған мақсаттары мен міндеттерін айтып өтті. Түрлі жанрда өздерін таныстырып, көреремендерге қызықты ақпарат берді. Аталмыш клубтардың ашылуы оқушыларға жақсы әсер етіп, сабақтан тыс уақытта балалардың танымдық қызығушылықтары жоғары екендігі байқалды.

Осындай дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастырудағы басты міндет балалардың қабілеттері мен таланттарын жан-жақты аша түсу үшін дарындылық ерекшеліктерін анықтау болып табылады. «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп М. Әуезов айтқандай, тәуелсіздік туын тіккен елімізді өркениетке жеткізер бастауы — қабілетті де дарынды оқушыларымыз болмақ.

Бегайдарова Шынар Даниярқызы

Рудный қаласы әкімдігінің «№19 орта мектебі» КММ,

Директордың ғылыми ісі жөніндегі орынбасары

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.