Қостанай облысы
«Жітіқара ауданы әкімдігінің білім бөлімі» ММ
«№3 орта мектеп» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Ибрашева Нұрсұлу Сапабекқызы
Дарынды балалармен жұмыс ұйымдастыру әдістемесі: қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушыларды олимпиадалар мен ғылыми конференцияларға дайындықты ұйымдастыру
«Талант – тәңір берген сыйлық емес,
бұл ең алдымен төзімділікпен еселенген еңбек»
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Еңсесін енді көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды ұрпақтың орны мүлде бөлек»,-дейді. Демек, ұстаздар қауымының оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, ғылымды насихаттау бағытында интеллектуалды дамуына жол ашу, ғылыми-танымдық қызығушылығын қолдау мақсатында дарынды оқушылармен жұмыс жасауына тура келеді. Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты –олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету – оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.
Дарынды балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу қоғам үшін бүгінгі күні өте қажет, себебі дарынды адам басқаға қарағанда көп пайда әкеледі. Әрбір талантты адам еңбекке бейім, ол шығармашылық тапқырлықпен жігерлі еңбек етеді. Сонымен дарынды, талантты бала деп баланың, ата-ананың, мектептің үздіксіз еңбегінің жемісін айтуға болады.
Дарындалықты анықтау және мұндай балалармен жұмысты мен 5-ші сыныптан бастаймын, себебі мен орта және жоғары буын мұғалімімін. Балалар орта буынға келгеннен кейін дарынды оқушыны таңдаған кезде оқушының жеке құжаттарын, мінездемесін, бастауыш буындағы сынып журналын зерттеймін, оқушының сабақтағы, сабақтан тыс кездегі іс-әрекетіне бақылау жасап, талдау жүргіземін. Әртүрлі әдістерді пайдаланып оқушы білімін тексеретін жұмыстарды ұйымдастырып, баланың білім деңгейін анықтауға назар қоямын. Осы жұмыстардың нәтижесінде 5-ші сыныпқа келген оқушылардың дарындылығын, қабілеттері мен мүмкіндіктерін анықтап, жұмыс жоспарымды жасай бастаймын. Жоспарланған жұмысым жақын уақытта және болашақта қандай нәтижеге жеткізетініне болжам жасаймын. Бұл бағыттағы жұмысымды мектебіміздің «Дарынды балалар» бағдарламасына сәйкес жоспарлап жүргіземін. Бұл жұмыс оқу мотивациясы жоғары балалардың өз беттерінше білім алу, жүйелеу және сараптау дағдыларын қалыптастыруға, ғылыми көзқарастарын дамытуға негізделеді.
Жұмыс барысында мынадай мақсатқа жетуді көздеймін: дарынды, қабілетті, ынталы оқушылардың теориялық білімдерін тереңдетіп, бейімі мен қызығушылықтарына байланысты білім, білік, дағдыларын дамыту, шығармашылық қабілеттерін дамытып, шыңдау және ғылым жолына бағыт-бағдар беру, потенциалды қабілеттерін жүзеге асыруға қолдау.
Аталған мақсатқа жету үшін келесі міндеттер шешіледі:
1. дарынды оқушының шығармашылық бағытының ашылуына көмек көрсету;
2. коммуникативтік бейімдеу;
3. жан-жақты ақпараттандыру;
4. білімдерін көрсету үшін әртүрлі пән олимпиадаларына, ғылыми жоба қорғау сайыстарына, интеллектуалды, шығармашылық сайыстарға қатыстыру;
5. дарынды, қабілетті оқушылардың өзіндік ойлауларын, шығармашылықтары мен белсенділіктерін дамыту және ынтасын арттыру мақсатында оқыту мен оқудағы жаңа әдіс-тәсілдерді, инновациялық технологияларды жүйелі қолдану.
Бұл мақсат пен міндеттерді орындау үшін сабақтарымда мынадай жұмыс түрлерін қолданамын: әр сабаққа сын тұрғысынан ойлау модулінен миға шабуыл, кластер, синквейн, шешімдер ағашы, swot сараптама кестесін толтыру, инсерт, эссе, борт журналы, семантикалық карта, шатастырылған тізбек сияқты тәсілдерді және оқыту мен білім берудің жаңа түрлері бойынша топтық жұмыс, жұптық жұмыс рөлдік /іскерлік/ ойын, пікірталастар, жағдаяттарды шешу, әңгімені аяқтау сияқты тағы басқа тапсырмалар арқылы логикалық ойлау, шығармашылық қабілеттерін дамытуға оңды әсер ететін және қызығушылықтарын арттыратын жұмыс түрлерін әр сабаққа енгізіп отырамын. Аталған жұмыстарды орындау барысында дарынды оқушы тапсырманы өзі ғана орындап қоймай, өз білімімен сыныптастарымен бөліскен кезде көшбасшы ретінде дамуына мүмкіндік туындайды. Әсіресе бұл қабілетті дамытуда топтық жұмыстың маңызы зор деп ойлаймын. Себебі дарынды оқушы бұл кезде өз білімімен бөлісіп қана қоймайды, ол топ мүшелерінің ортаға салған пікірлерін жинақтап бағалау арқылы басқару біліктілігін де арттырады. Менің ойымша, дарынды балалармен жұмыс жасауға өзім өткен деңгейлік курстардың маңызы өте зор деп ойлаймын.
Әрине бұл жұмысты жаңа педагогикалық технологияларды қолданусыз жүргізу мүмкін емес, сондықтан оқытудың сапасын арттыру үшін өз сабақтарыма түрлі озық технологиялардың элементтерін енгіземін. Озық педагогикалық технологиялардың ішінен өз сабақтарымда модульдік, деңгейлеп оқыту, ақпараттық технологияларды қолданумен қатар ерекше назар қойып пайдаланатыным жобалау, сын тұрғыдан ойлау және сатылай кешенді талдау технологиялары, себебі осы технологиялар дарынды балалардың пәнге деген қызығушылақтарын арттырып, танымдық белсенділіктерін дамытады. Жобалау технологиясы оқушыларды дайын өнімді қабылдайтын ғана емес, өз бетімен ізденетін, дербес іс-әрекет жасай алатын тұлға ретінде тәрбиелейді және жобалау технологиясын қолдану нәтижесінде – оқушының қызығушылық ынтасы дамиды, өз бетімен жұмысты жүргізу арқылы білімі жетіледі, ақпараттық бағдарлау біліктілігі қалыптасады, сыни тұрғыдан ойлау қабілеті артып, оқушы болашақта әртүрлі жағдаяттарда, әртүрлі қоғамдық ортада өзін-өзі көрсете білуге бейімделеді. Ал сыни тұрғыдан ойлау технологиясының стратегияларын қолдану нәтижесінде баланың ойлауына, бала белсенділігіне, оның сөздік қорын дамытуға, баланың өзіндік пікірінің қалыптасуына мүмкіндік жасалады. Бұл технологияны пайдалану барысында оқушының ой-өрісі кеңейеді, ізденіске қызығушылығы оянып, шығармашылық қабілеті ұшталады. Аса мән беріп, әр сабақта қолданатын педагогикалық технологияның бірі, қазақ тілінің төл технологиясы – сатылай кешенді талдау технологиясы. Аталған технологияны қолдану арқылы дарынды оқушының грамматикалық білімін тереңдетіп меңгеруге және ойлау, сауатты жазу, сауатты сөйлеу қабілеттерін дамытуға мүмкіндік туындайды. Өйткені талдау жасаған кезде бала теориялық білімін практикада қолдана білуін көрсетіп қана қоймай, өз ойын дәлелдеуге үйренеді және түрлі талдау барысында баланың логикалық ойлау қабілеттері де арта түседі. Замануи сабақты ақпараттық коммуникативті технологиясыз өткізу мүмкін емес деп ойлаймын, сондықтан өз сабақтарымда аталған технологияның мүмкіндіктерін толығымен қолданамын. Мысалы, жаңа сабақ түсіндіргенде көрнекі құрал ретінде, сабақтың бекіту кезеңінде түрлі қосымша бекіту жұмыстарын экранға шығарып, оқушылардың білімдерін бекітемін, тағы басқа. Әсіресе бұл технологияну қолдану – дарынды балалармен жұмыс жүргізуге көмектеседі, олар өз беттерінше тапқан білімдерін ортаға салып, сыныптастарымен бөліседі. Мұндай тапсырмалар орындау арқылы олар өздерін ізденушілікке баулиды.
Дарынды балалармен тағы бір ұтымды жұмыстың түрі – факультативтік сабақтар. 5-ші сыныптан бастап тіл үйренуге қабілеті жоғары оқушылармен сондай сабақтар өткіземін. Бұл сабақтарда қазақ тілінің ерекшеліктерімен таныстырып, мәнерлеп оқу, тіл және жазу мәдениеті дағдаларын қалыптастыруға аса мән беремін. Пән бойынша оқу бағдарлмасына енгізілмеген материалды талдап, оқушылардың білімдерін тереңдетемін. Жоғарыда атап өткен жұмыс түрлері тіл үйренуге қабілеттері жоғары оқушыларға биік жетістіктерге жетуге мүмкіндік беріп жатыр. Олар аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі өтетін олимпиадалар, оқушылардың ғылыми жоба сайыстырының жүлдегерлері болып жатыр.
Мектебімізде дарынды балалардың қабілеттерін дамытуға арналған көптеген түрлі шаралар өткізіледі. Осындай балалардың дарындылығын ұштау мақсатымен алуан түрлі шараларға қатыстырамын. Солардың ішінде өлеңдер, патриоттық әндер, шығармалар, әдеби қойылымдар сияқты сайыстар, интеллектуалдық ойындар және әдеби кештер. Осындай шараларға дарынды оқушылардың қатысулары да олардың жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуларына үлкен ықпал етеді.
Төмендегі істеліп жатқан жұмыстар оңды нәтижеге жеткізіп жатыр.
Облыстық деңгейде:
- 2012 жылы «Жарқын болашақ» сайысында «Жас ғалымдар» секциясында 10-сынып оқушысы Новицкая Яна ІІ-орын алды;
- 2012 жылы қазақ тілінің пәндік олимпиадасында Новицкая Яна ІІІ-орынды иеленді;
- 2012-2013 оқу жылы:
Ғылыми-практикалық конференцияда 8-сынып оқушысы Бекмұхамедова Айзада 3-орынға ие болды;
- 2013-2014 оқу жылы:
Ғылыми-практикалық конференцияда 9-сынып оқушысы Бекмұхамедова Айзада 3-орынға ие болды;
- 2014-2015 оқу жылында жоғарыда аталған конференцияға 8-сынып оқушысы Ізғалиева Анара қатысып, 3-орынға ие болды;
- 2014-2015 оқу жылы:
«Тіл шамшырақтары» облыстық сайысына 7-сынып оқушысы Аверьянова Алина қатысып, жүлделі 2-орынға ие болды;
- 2015-2016 оқу жылы:
Облыстық пән олимпиадасында Аверьянова Алина жүлделі 1-орынға ие болды;
- Осы оқу жылы «Зият» ғылыми-әдістемелік орталығымен бірлесіп өткізілген республикалық қашықтық ғылыми жұмыстар сайыстарында 10- сынып оқушылары Ибраева Жұлдызай 1-ші, Юсупова Динара 3-орындарға ие болды.
- Қазақ тілінен осы орталықпен ұйымдастырылған қашықтық олимпиадасына 8-сынып оқушылары Авсаткаринов Арсен мен Құрманғалиева Даяна қатысып 1-орын алды.
- Дәстүрлі болып кеткен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізген «Тіл – тәуелсіздік белгісі» атты қашықтық олимпиадасының Астана қаласында өткен 2-турына 8-сынып оқушысы Зейналова Сабина қатысып, «Мемлекеттік тілді үйренудегі ерекше жетістіктері үшін» грамотасына ие болды.
Аудандық деңгейде:
- 2013-2014 оқу жылы:
ОҒЖ – 1-орын (Ізғалиева Анар);
- 2014-2015 оқу жылы:
Пәндік олимпиада – 2-орын (Аверьянова Алина);
ОҒЖ – 2-орын (Бимағамбетова Әйгерім);
Шығармалар сайысы – 1-орын (Тұрсынова Әсел);
- 2015-2016 оқу жылы:
«Тіл шеберлері» – 2-орын (Аверьянова Алина);
Пәндік олимпиада – 1-орын (Аверьянова Алина);
ОҒЖ – 2-орын (Дюкова Анара, Кабиев Арман), 3-орын (Аверьянова Алина).