Home » Мақалалар » Дарынды балалармен жұмыстың заманауи ерекшеліктері

Дарынды балалармен жұмыстың заманауи ерекшеліктері

Алға жылжу (даму) өзгеріссіз болмайды, ал өз көзқарасын
өзгертпеген адам  ештеңені де өзгерте алмайды.
Бернард Шоу

 ХХІ ғасыр білімділер мен зеректер ғасыры, дарындылар мен таланттар ғасыры.Дарынды балалар, ғалымдардың айтуынша, — жалпы және арнайы дарындылығын (ғылым, техника, өнер түрлері, т.б.) байқатқан балалар. Дарындылық ақыл-ой дамуының қарқыны бірдей болғанмен баланың өз құрдастарынан озық дәрежесі арқылы анықталады екен. Ақыл-ой қабілеті  ерте дамыған, ерекше айқын жетістіктерге жеткен балаларды вундеркиндтер деп атайды. Алайда, баланың тіпті ең үздік деген жетістіктерінің өзі болашақ таланттың жеткілікті кепілі бола алмайды. Балада ерекше қабілеттіліктер болуының нышандары оның кемелдену қарқынына және жас ерекшеліктеріне байланысты.
Дарындылықтың дамуында отбасының ролі аса маңызды, атап айтқанда:

  • отбасының құрылымы мен эмоционалдық ахуалы;
  • бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас стильдері;
  • ата-аналардың бала дарындылығына қатынасы.

Отбасы құрылымы, көп жағдайда туыстар арасындағы қатынастар және жанұяның эмоционалдық ахуалмен байланысты. Көптеген зерттеушілер дарынды балаға жылылық, оны қабылдау, сүю және сыйлау қажет деп санайды. Бала мен ата-ананың қарым-қатынас стилі туралы мәселе аса ауқымды зерттелген. Ғалымдар баланы қатты бақылауға алу, күш көрсету, қысым көрсету сияқты стильдер дарынды тұлғаны дамытуға мүмкіндік бермейді деп есептейді.
Дарынды балалар есептерді шығаруда ойын элементтерін енгізеді, қиялы дамулы болады, шығармашылығы, фантазиясы терең дамыған. Дарынды балаларда әзіл-сықақ сезімі өте дамулы, күлкілі, сәйкес келмеушіліктерді, сөздерді жасыру т.б.ойындарды ұнатады.Ондай балаларға эмоционалды баланс жетіспейді, олар балалық шақта шыдамсыз болады.
Дарынды балалар энергиясы көп болуымен және олар аз ұйықтауымен ерекшеленеді. Мұндай балалардың интеллектуалды және дене-физикалық дамуының арасындағы ерекшелік оларды толғандырып, өз бетімен дамуына әсер етуі мүмкін. Бала қаншалықты дарынды болса да, оны оқыту керек екенін ұмытпау қажет. Оларды тұрақтылыққа, еңбек етуге, өз бетімен шешім қабылдауға үйрету керек. Баланы мектепке дейінгі уақыттан бастап шығармашылық еңбекке қатыстырып, шығармашылыққа қолайлы жағдай туғызу   қажет, Таланттарын дамыту үшін дарынды балалар өз уақытын еркін жүмсап, кеңейтілген оқу жоспарымен оқытылу керек. Бала өз мүғалімі жағынан назар аудару мен жеке қолдау көрсетуді сезінуі қажет. Бұл жерде нені емес,  қалай оқыту маңызды болып табылады. Дарынды баланың айтылған ойлар мен болжамдарды талдай алу мүмкіндіктері, табиғи аналитикалық және сыншыл ой-тұжырымның дамулы екендігіне сәйкес келеді. Қазіргі жағдайда дарынды   балалармен жұмыс олардың шығармашылық қабілеттерін ашуға бағытталуы қажет. Баланың алған білімдерін өз бетінше дамыта білуі, ғылыми жобалармен шұғылданғанда өздігімен іздене білуі, өзіне талап қоя білуі, тапсырылған жұмысты сапалы орындауы мұғалімнің немесе тәлімгердің назарында болуға тиіс.
Біздер, тәрбиешілер, дарынды оқушыларға арналған жылдық жұмыс жоспарын жасаймыз. Сынып кураторларымен және педагог — психологпен кеңесе отырып қабілетті (өте ерекше) оқушылар тізімін анықтаймыз.
Жұмыс барысында білім деңгейін игеру қабілеттері мен психологиялық ерекшеліктерін анықтау  маңызды. Дарынды балалармен жүйелі түрде қосымша сабақтар өткізуді қадағалаймыз. Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын жүйелеу (рефераттар, суреттер, жобалар, т.б.),
Дарынды оқушыларды тану және дамыту жұмыстарын дамыту мақсатында сабақтарға қатысу және бақылау жүргізу, мұғалімдерден, оқушылардан және ата-аналарынан сауалнама алу, сұхбаттасу, мектеп психологының көмегін ұйымдастыру, сыныпты зерттеу нысанына алу, топпен бірлескен жұмыс жоспарларын жүзеге асырамыз. Балалардың қызығушылығын ескере отырып, факультативтік сабақтарға, таңдау және элективтік курстарға, түрлі үйірмелер мен секцияларға, пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарына, зияткерлік ойындар мен конкурстарға қатысуына ықпал етеміз. Дарынды балалардың оқу жүктемесі, оқыту және тәрбиелеу нысандары олардың мүмкіндіктеріне сай келуі тиіс. Дарынды балалар туралы қамқорлық қабілеттердің дамытылуы және жалпы білімдік дайындықпен қатар жүруге тиіс.
Дарынды және шығармашылық қабілеті жоғары балалармен жұмыс істейтін мұғалімнің ролі – білімді таратушы жай мұғалімнің қалыпты ролінен ерекшелігі байқалады.Олардың міндеті білімді ғана беру емес, оқушының өзіндік мүмкіндігін ашуы тиіс. Дарынды балалармен жұмыс істеуде оқушының өзіндік дамуына, бағалауына және ойлау дербестігіне көп көңіл бөлінеді. Бұл шығармашылық потенциалының айқандалуына мүмкіндік туғызады.
Заманауи ақпараттардан хабардар болу үшін дарындылық бойынша мамандармен және дарынды балалардың ата-аналарымен жиі хабарласып тұру біздер үшін маңызды. Зияткер дарынды баланың шығармашылығын, икемділігін, дене және көркем қабілеттерін дамытуға бағытталған шаралар өте пайдалы.  Балаларға қателесуден қорықпай шешім табуға мүмкіндік беруге тырысамыз. Қателіктен қорытынды шығаруға және ең алдымен өзінің тың ойларын бағалауға көмектескен маңызды. Өз сұрақтарына жауап алу үшін балаға кітаптар немесе басқа да ақпарат көздерін табуға үлкендер, әсіресе ата-аналары көмектесуі керек. Бала үнемі және барлық салада өз дарындылығын таныта бермейді, оны түзетіп отыру қажет. Артық сынау шығармашылық қуатын және өзін қадірлеу сезімдерін төмендетуі мүмкін.
Дарынды балалар болған оқиғалар мен құбылыстарды тым терең қабылдайды, көбірек ұғады және түсінеді. Айналасындағылардың тәртіп үлгілері, жүріс-тұрыс қимылдары олардың назарынан тыс қалмайды. Сондықтан олардың жаны сезімтал келеді, көп нәрсені тікелей өзіне қабылдайды. Ата-аналардың өз баласының талантына шамадан тыс таңқалуы қажет емес, себебі ол өзін қабілеті үшін жақсы көреді және бағалайды деп ойлап қалуы мүмкін.
Қазіргі уақытта дарынды және талантты балалар тек ақыл-ой өрісінің деңгейімен (жоғары IQ) анықталмайды, олардың ерекше қабілеттерінің кең ауқымы көзделеді. Оларға зияткерлік, академиялық, шығармашылық, көшбасшылық қабілеттерді, жеке мүмкіншіліктері мен өнердегі визуалдық және орындаушылық қабілеттерді жатқызуға болады. Сонымен қатар олар бiр салада дарынды болса, басқа салаларда қиындыққа тап болуы мүмкін; олар дамудың бiр кезеңінде өте қабiлеттi болса, келесі кезеңдерде қабiлеттерiн танытпауы мүмкін.
Дарынды, жас талапты жастар – бүгінгі егеменді еліміздің жарқын болашағы. Елбасы Н.Ә.Назарбаев  болашақты бағдарлайтын  «Интеллектуалды ұлт -2020» ұлттық жобасын ұсынып, біздің мақсатымыз-жаңа қалыпта қазақстандықтарды тәрбиелеу, сондай-ақ Қазақстанды бәсекеге қабілетті адамдық капиталы  бар мемлекетке айналдыру» деген  болатын. Елбасымыздың: «Бізге керегі – шын дарындар. Нарық қалай қыспаққа алса да, мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын,  тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті» деген сөздері біздерге үлкен сенім береді.
«Өткенге қарап басымызды иеміз, ертеңге қарап білек сыбанамыз» демекші, бала-ертеңгі азамат. Оны тәрбиелеп, биік шыңдарға жеткізу, мемлекеттің  мүддесіне өзі жететіндей етіп қалыптастыру педагог қауымының бірден-бір мемлекеттік үлесі деп білемін.

Мукатова Эльмира Орынбековна
Химия-биологиялық бағыттағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі
жатақханасы тәрбиешісі
Қарағанды қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.