Халқымызда «Өткенін білмеген болашағын болжай алмайды» деген ұлағатты ұғым бар.
Міне, осы ойлы ұғым Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалсында айтылған тұжырымды пікірімен сабақтаса түскендей. «Өмір-өзен» демекші, кезінде аудан орталығындағы №3 «Балбөбек» балабақшасындағы өткен жылдарғы өмір жолым әлі көз алдымда.
Мен алғашқы рет қазіргі өзім еңбек етіп жүрген балабақша табалдырығын аттағанда қарсы алған Амандық Тоқтарқызы Баймекешова талапшыл, шығармашылықпен жұмыс істейтін, жаңашыл бәрін көзқарасымен түсіндіретін жан еді. Ол жұмыс барысында табиғат сыйға берген өзінің биязы мінезімен, ұтымды әзілімен кімді де болса күлдіріп, жұмысқа деген ынтамызды арттыру мақсатында серпілтіп қоятын. Осындай өзіне ғана тән мінезінің ерекше өрнегімен алғашқы еңбек жолымдағы ұстазым,басшым мәңгі есімде қалды. Күмән мен сенімі қатар жүретін жас жүрегім лүпілдеп, кент орталығындағы бірегей де жаңашыл,шығармашылықпен жұмыс істейтін Амандық Тоқтарқызы басқарған №3«Балбөбек» балабақшасындағы қызмет еткен жылдары менің тобымда 6 жастан оқыту басталған еді. Қиын болса да бойымдағы жастық пен жігерлік басым болды.
Кез келген нәрсеге елтіп тұратын бала көңілін табу,одан қалды ата-ана арасындағы қарым-қатынасты орнату оңай шаруа емес екені рас. Сондықтан өз бетімше көп оқып, ізденуіме тура келді.
Бірақ, алдымнан шыққан небір қиындық менің бетімді қайтара алмады, керісінше күн өткен сайын бай тәжірибеге кенеліп,балабақша меңгерушісі Амандық ұстазымның кеңесін тыңдап, білгенім де, байқағаным, көргенім де ұққаным да, аңғарғаным да көп болды. Оның жан-жақты шығармашылық жұмыстарын өзіме бағыт-бағдар қылып, шыңдала түстім. Жақсы адаммен бірге жұмыс істеу де бір ғанибет емес пе. Сол жылдары №3 «Балбөбек» балабақшасында бірыңғай сайдың тасындай білімді де парасатты тәрбиешілер еңбек етті. Жаны жайсаң, жүзі жарқын, өнегелі өмірімен шәкірттеріне нұрын шашқан шебер музыкант Балыш Сәдуақасова, әдіскерлер Тұрар Бөрібаева, Роза Қойбағарова, тәрбиешілер, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Бақыткүл Қамыратова мен Қуанышкүл Оңалбаева, Бақыткүл, Мадина Досболатова, Зиракүл Қыпшақбаева, Роза Құдабаева сынды майталман мамандар сол кездері балабақшада тәрбиеленген шәкірттер есінде. Амандық Тоқтарқызы осындай педагог қызметкерлермен үлкен мақсатты тұрғыда еңбек ете білді. Оқу-тәрбие процесінде, қызмет барысында ақылдасып, ортақ пікірде жұмыс істеген оған біз үнемі риза болып жүруші едік. Оның асықпай,байыппен сөйлейтін құлаққа жағымды қоңыр үні, күлгендегі түрінен мейірім шуағы төгіліп тұратын. Ол алға қойған мақсатына жету үшін күресе білді.
Міне, бүгінде оның адамгершілік пен азаматтық тұрғыда тәрбиеленген жүздеген шәкірті еліміздің түкпір-түкпірінде мамандықтың әр саласында жемісті еңбек етуде. Ұлағатты ұстаз отбасында аудандық ауылшаруашылық бөлімінде ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан өмірлік жары Асылбек ағамен бірге 3 қыз,2 ұл тәрбиелеп,немерелеріне сүйікті әже болды.
«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, ұстаздың ел алдындағы елеулі еңбегі де ескерусіз емес. Ол бірнеше рет облыстық комсомол комитетінің, аудандық, облыстық, республикалық білім саласының құрмет грамоталарына ие болды. «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Баланың болашағы үшін бар жігер-күшімен білімін жұмсаған асыл қасиетімен із қалдырған ұстаздың ізгі жолы,салиқалы тұлғасы жылдар жылжыған сайын жарқырай түсе береді.
Әбжалиева Айткүл Әбжалиқызы,
№3 «Ертөстік» бөбекжайы-бақша меңгерушісі.