Home » Мақалалар » Г.А. Джаркинбаева, А.А. Еркимбаева. ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ – НАУРЫЗ!

Г.А. Джаркинбаева, А.А. Еркимбаева. ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ – НАУРЫЗ!

22 наурыз — Ұлыстың ұлы күнi. Бұл күнi күн мен түн теңеледi. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың Ұлы күнiн тойлайды. Бүкiл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болады. Ынтымағы жарасқан көп ұлтты елiмiздiң бiрлiгi!
Ұлыстың ұлы мерекесiн тойлауға халқымыз керемет дайындықта дайындалады. Халқымыз жаңа жылға ертеден дайындалатын. Қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға саламын деп сақтаған.Жас келiндер, бойжеткендер болса, кесте, орамал тiгiп, бозбалалар жағы ағаштан тұрмыс бұйымдарын жасап, темiрден сәндiк бұйымдарын соққан. Мұның бәрi — күн мен түн теңесетiн шақта кәдеге асатын «ұйқыашар», «селт еткiзер» жоралғыларының сый-тартулары. Көктемгi «өлiара» өтiсiмен, ата-бабамыз үй айналасын тазартып, қалың қар тiгiсi сөгiлген жайылымға мал шығарған. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кiрсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сенiм бойынша, үй-iшiн де қағып-сiлкiп, отпен аластайды. Көне деректер көзiне сүйенсек, наурыз тоғыз күн тойланады екен. Ол той «Наурызнама» деп аталады. Әдетте, наурызнаманы бай, ауқатты кiсiлер жасаған. Бiрақ әр шаңырақ өзiнше наурыз көже пiсiрiп, ақ толы аяғын босағадан аттағанның бәрiне ұсынған. Ауыл ақсақалдары үй-үйден дәм татып, үйдегiлерге ыдыспен сыбаға тасып жүрген. Ол сыбаға iшiлместен бұрын қазанға құйылады. Бұл «Дәм-тұзымыз араласқан тату болайық» дегеннiң белгiсi. Ұлыс келер түнi Қызыр бабаға арналып әр үйдiң төрiнде қос шырақ жағылатын болған. Үй иелерi бар ыдысты аққа, суға, «ырыс толсын» деп дәнге, «жауын-шашын көп болсын» деп бұлақ суына толтырады. Жылдың алғашқы күнiнде қар жауса «ақша қар», жаңбыр жауса «нұр жауды» деп шаттанған. Наурыз күнi көзi ашылған бұлақтың суы сарқылмайды, ал егiлген талдың саясы мен жемiсi мол болады деп сенген. Жаңа сап түзеген шыбықтарға ақ шашу да жақсы ырым. Ұлыс — жақсы тiлектер күнi. Араздасқандар төс қағысып, татуласады. Бұл күнгi қайын ата мен келiн, күйеу бала мен қайын ата арасындағы әзiл де жарасымды. Жастар алтыбақан құрып, тойдың сәнiн кiргiзедi. Наурыз күнi думан-тойды аталарымыз наурызнама атаған. Ұйытқысы, әрине, — жастар. Содан болар, ән мен би, ойын-сауық түннiң бiр уағына дейiн созылған. Халқымызда «Ақ боран», «Қалтырауық қамыр кемпiр» ойындары бар. Онымен қатар бұл күнi наурыз жыр, наурыз жұмбақ, наурыз айтыс, түрлi әзiл-қалжың, мадақтау өлеңдерi айтылады.  Ұлыс күнi татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенiм, көңiл мерекесi. Қыс қылышынан аман қалған жұрт, бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақсы тiлектер тiлейдi. Көңiлдiң жаңаруы деген осы. Бұл күнi наурыз көжемен қатар, ауыл адамдары өгiз сойып, қазан көтеретiн болған. Мұның тарихы өз алдына қызық аңыз. Ежелгi жыл санаушылардың есебiнше, үркер күздiң басында шығыстан, қыстың басында төбеден, көктем кезiнде аспан етегiнен көрiнiп, ал жазда тiптi батып кетедi екен. Бұл шақ қырық күнге созылып, оны халқымыз «қырық күн шiлде» немесе «үркердiң жерге түсуi» деп атаған. Көктем кезiнде, яғни наурызда күн жолы үркердiң үстiмен өтiп, үркердiң қос жұлдызы бұқаның мүйiздерi құсап күн жолының екi жағынан қылтиып көрiнедi. Бұған орай халқымыздың «әлемдi көк өгiз мүйiзiмен көтерiп тұр» деген нанымы да бар. Айта берсең, наурыздың жөн-жоралғылары өте көп. Қазақстанның төрт түкпiрi түрлiше тойлайды. Бiрақ, қалай болғанда да, жақсылықтың аты — жақсылық, тойдың аты — той.

 

Г.А. Джаркинбаева,
ИТжҒЖ(Г)ПО кафедрасының
аға оқытушысы.
А.А. Еркимбаева,
№24 МГ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.