“Жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелейтін ұстаздар,
сіздер, ізденіс пен ілгерілеуден жалықпаңыздар.
Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс”
Н.Ә. Назарбаев.
Жиырма бірінші ғасырдың оқушысына білім беру үшін ұстаз да сол ғасырға сай болу тиіс. Техникалық заманауи құралдарды қолдану сауаттылығы немесе қолданудағы ептілік пен шапшаңдық жағынан өскелең ұрпаққа ілесе отырып, оларға үлкен ақпарат ағынында адасып кетпеуге зор ықпал ететін мұғалім ғана өзін жиырма бірінші ғасыр мұғалімі деп атай алады. Әлемдік деңгейде болып жатқан өзгерістер көшінен қалып қоймау жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп жатқан жас ұрпақ үшін де өзекті. Ал мектептер жиырма бірінші ғасыр ұрпағының ілгерілеуіне қалай қатыса алады. Өзгеріс керек, бірақ қаншалықты терең? Өзіне сенімді адамдар өзгеріске дайын болады. Өзгеріссіз қалған адам көштің соңында жүрері анық. « Әлі талай нәрсе өзгереді » деген қаперсіз күндер басқа заманда қалды, ал қазір өзіңді өзгерту шарт. Ральф Уолдо Эмерсон өз сөзінде «Өзіңнің бүкіл ғұмырыңды өзгертем деген ойдан аулық бол, керсінше тек сол өміріңе деген көзқарасыңды өзгертсең де жетіп жатыр» деп ой тастаған. Білім беру саласындағы көптеген инновацияларға деген көзқарасты өзгеру деген дұрыс емес, инновация не үшін қажет деген көзқарасты өзгерту керек.
Мұғалім өз жұмысына баға беруде әділдік таныта отырып, « менің шәкірттерімнің қаншауын мен әлемдік аренадан көрдім? Неге? » деген сұраққа сыни тұрғыда ойлана отырып жауап берсе, білім беруде инновация қажеттілігі туралы көзқарасын қалыптастыратыны сөзсіз.
Білім берудің негізгі мақсаты — бүгінгі заман талабына сай, жаңа ағымға қабілетті, өзі шешім қабылдай алатын, өздігінен білім алуға ынталы тұлғаны қалыптастыру. Оқушыларды өз бетінше ой қорыта отырып, жауаптың балама шешімдерін таба білуге, өзін өзі жетілдіруге үйрету. Осындай қарқынды даму үстіндегі ел үшін қазіргі заманда жастарды өз бетінше шешім таба білуге үйрету заңды құбылыс. Еліміздің болашағы – өскелең ұрпақты оқыту үлкен жауапкершілік. Сабақта алған білімі мен икемділіктерін пайдалану арқылы әрбір білім алушы мамандық таңдауда дұрыс бағыт алса деген әр пән мұғалімінің негізгі көздегені . Сондықтан әр сабақта оқушыны ынталандыра білуге, ішкі уәжін қалыптастыруға, талдау мен бағалауға, балама шешім қабылдауға, мүмкін болса жасап шығаруға қажет дағдыларды жетілдіруге итермелейтін әдіс – тәсілдерді таңдай білу аса маңызды.
Химия сабағындағы « Су алу » тақырыбында «Берілген реагентерден қалай су алуға болатынын жорамалдап көрші? » деген ашық сұрақ қою арқылы оқушылардан балама шешімдер қабылдау дағдыларын жетілдіруге болады. Ал « Судың ластануы » тақырыбында :
«Судың мүмкіндігінше сен білетін көп формасын стикерге жаз,» дей отырып, миға шабуыл арқылы оқушыларға ойлануға мүмкіндік беруге болады. «Енді осы стикерлеріңіздегі су формаларының барлығын қолдана отырып судың айналымының схемасын құрастыр, — деген тапсырмада «лас су », «зәмзәм суы», «таза емес су», «радиацияланған су» және тағы басқа формаларын судың табиғатта айналымына кіргізуде қиындықтарға тап болары анық. Тапсырма элементтері сыни тұрғыдан ойлану дағдыларын дамытуға бағытталған деуге болады. Осы тапсырманы орындаудан кейін олардың судың ластануынан туындайтын мәселелер төңірегіндегі диологта талдау жасауға ынтасы артып, қызығушылық танытары сөзсіз.
«Судың қайнау температурасын анықтау » тақырыбында оқушыларға тәжірибелік жұмыс орындатып, қорытынды жасалғаннан кейін үй тапсырмасы ретінде жасалынған зертханалық жұмысқа байланысты мынадай ашық сұрақты беруге болады: «Осы орындаған жұмыста қандай кемшіліктер бар? Оны жақсартуға ұсыныстар жасап көр». Бұл жерде жұмыстың орындалуына, сабақтағы әдіс – тәсілдерге, қондырғыларға, таңдап алынған реагентердің экономикалық тұрғыдан тиімділігіне, тағы басқа мәселелер бойынша баға беруін талап ету арқылы бағалау дағдысының қалыптасуына көмектесуге болады. Оқушылардың әрқайсысы өз көзқарастарын әртүрлі мәселе бойынша бағалайды. Бірі тұзды судың қайнау температурасын анықтауда тұздың дәл өлшемін алу керек деген ұсыныс жасаса, бірі уақытты шектемеу керектігін, бірі арнайы бағдарлама арқылы тұрғызылған графикті принтерден шығару тиімді деген ұсыныс білдіруі мүмкін. Екінші жағынан бұны кері байланыс жасау деп қабылдауға да болады. Нәтижесінде оқушылардың түсіну дәрежесі туралы қорытынды жасай аласыз. Кейбір оқушылар тіпті өз — өздерін де бағалайды. Ішкі уәж пайда болады. Өзін- өзі бағалау арқылы олар өз-өзін реттей бастайды. Осы еңбектері арқылы оқушы өзін-өзі бағалайды, қабілетін арттырады, көшбасшылыққа талпынады.
Әр сабақта оқушылардың әрбір айтқан пікірін уақыт шектеулі болса да тыңдауға үйрену керек. Болжамды құрып, қорғап, сынақтан өткізіп және қисынын келтіру үшін оқушыға қосымша уақыт беру маңызды. Дегенмен, бұл жерде мұғалім анағұрлым маңызды мәселені айқындап алуы керек. Күту уақытын пайдалана отырып оқушының пікірлерін терең ойланып айта алатын болғандығына көз жеткізу мұғалім жетістігі.
«Тұзды су, таза су және сулы спирттің қайсысында қайнау температурасынның мәні төмен болуы мүмкін ? » деген сұрақты қойып біраз үнсіз күту. Егер дәстүрлі сабақ барысында осы сұрақты қойғанда жылдам жауап алуға тырысар едік және жауапты толық ала алмай өзіміз толықтыратын едік. Ол жерде оқушының ойлану мүмкіндігін шектеп отырмыз деген ой болмас еді, керісінше түсіндіріп жатырмыз деген сенім болар еді. Ал бұл сабақта олардан мол мағлұмат алып, өздері айтқан пікірге логикалық түсініктеме беруге жол ашуға болады.
Олардың «Сулы спирт аузы ашық қалса буланып кетеді. Ал булану, қайнау нәтижесінде газ пайда болатындықтан сулы спирттің қайнау температурасы төмен болады деп ойлаймыз, » деген жауабы ойлану уақытын пайдаланған оқушының болжамы ғой деген қорытындыға әкелері сөзсіз.« Оқушы пікірі дұрыс болмаса, оны міндетті түрде түзету » керек деген ойды өзгерту керек. Пікірін тыңдай отырып үздіксіз ойлануды әдетке айналдыру үшін ойландыра отырып сұрақ қою мүмкіншілігін қалт жібермеу керек екен. Сабақ жоспарына әр тапсырманы орындауда әр түрлі әдіс — тәсілдерді енгізуге тырысу маңызды, соның бірі диалог әдісі. Оқытудың бұл әдісінде сабақ үстінде білім алушылар мен мұғалімдер арасында тығыз қарым-қатынас орнайды және осы қатынаста ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырудың маңыздылығын ұғуға болады. Ынтымақтастық атмосферасын орнату үшін арнайы сергіту сәттеріне уақыт бөліп, ойындар ұйымдастыру міндетті емес. Мысалы « стикерлі диалог » стратегиясын жүзеге асыру барысында стикердің түстері де көңіл күйді көтеруі, әзіл — қалжыңның орын алуы ынтымақтастық атмосферасын тез – ақ орнатады. Ондай қарым-қатынас білім алушылар әлдебір мәселені талқылап, соның шешімін табуға тырысқан кезде еркін сезінуін, ашық болуын, сыныпта күлкінің болуын қалыптастырады.
Онда білім алушылардың жауабынан гөрі мәселенің шешімін табуға талпынғаны маңызды болады. Мысалы « Судың бірегей қасиеттері » тақырыбына оқушыларға шағын – жоба берсе, олар судың ерекше қасиетін сипаттайтын тәжірибелер жасап және сол бойынша таныстырылым дайындауға жұп болып, кейбіреулері үштен шағын топ болып бірігуіне болады. Таныстырылымдарын видео, слайд түрінде ұсынуға болады деген нұсқаулық берілсе, әр топтың креативтілік таныта білгендін алдын ала оқушылармен бірлесе отырып құрастырған жетістік критериінің маңыздылығымен байланыстыру орынды. Жиырмасыншы ғасыр дағдылары: зерттеу, проблеманы шешу, сыни ойлау, өздігінен білім алу, ынтымақтастық, ақпаратты өңдеу, креативтілік, практикалық дағдылар тақырыпты меңгеру дәрежесін анықтайды. Сондықтан суға байланысты айтылған ұсыныстарды қолдана отырып тақырыптарды өткенде оқушылар:
- оқу барысында мол мағлұмат алып, өздері айтқан пікірге логикалық түсініктеме беруге жол аша білетін және өз пікірлерін терең ойланып айта алатын болады.
- мәселені талқылаған кезде бұған дейін алған, тәжірибеде жинақтаған білім қорын пайдалана алатын және бір-бірінен жаңа мағұлматтар ала отырып, білімін толықтыра алатын болады.
- шындыққа көз жетуі үшін дәлел іздеп, тәжірибе жүзінде орындап, зерттеу арқылы ойын анықтап көрсете алуға бағыт ала бастайды.
- Мұғалім ше?
- Сабақта сыни ойлауға бағытталған сұрақтарды көп қолдана бастайды;
- Сыныпта диалогтың өрбуіне ықпал жасайды;
- Кеңейтілген тапсырмалар мен сұрақтарды жоғары деңгейде құрастырады;
- Кері байланысты пайдаланады;
- Шағын-жобаларды ғылыми жобаларға бағыттап, шығармашылықпен айналысуға тиімді орта тудырады; Ең бастысы, біздің осы бастамаларымыз әрі қарай жалғасын табуы керек. Ол үшін әрбір мұғалімге шыдамдылық, табандылық, төзімділік пен жігер керек.
- Сонымен, мұғалім не үшін өзгеруі керек? Неліктен біз мұғалімдерге көп талап қоямыз? Әлемдегі барлық мамандықтардың ішінде тек қана мұғалімдер ғана үздіксіз оқудың мәнін түсінеді. Бүкіл әлем өзгеріске енгенде, мұғалім де өзгеріске енуі ол заңдылық, сол әлемнің болашақ ұрпағын тәрбиелеу де, оқушы бойындағы жақсы қасиеттерді білім беру арқылы әрі қарай жетілдіру де ең бірінші мұғалімдерге байланысты.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Мұғалімге арналған нұсқаулық, Үшінші (негізгі) деңгей:
Үшінші басылым, 2012 ж., www.cpm.kz
Накипбекова Гүлфарида Бердыбековна,
«Назарбаев зияткерлік мектебі»
ДББҰ химия пәнінің мұғалімі