Жаныңда жүр жақсы адам айдары бойынша, жуырда №148 бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Нурманова Мәншүк Қарағойшиевнамен әңгіме-дүкен құрып қайттық. Ә дегеннен өз ісінің маманы екендігі сезілген апайымызбен болған әңгіменің пайдасы біз үшін де зор болды.
— Мәншүк апай, өзіңіз жайында қысқаша айтып өтсеңіз…
— Мен 1965 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысында дүниеге келдім. 1972-82 жылдары аулдық мектепті аяқтағаннан кейін, Алматыға келіп қазіргі ҚазҰҚПУ тарихшы мамандығына сырттай оқуға тапсырдым. Студент күнімде оқи жүріп, Алматыдағы №2 балабақшада тәрбиешілік жолымды бастадым. Содан бері осы салада еңбек етіп келемін. Міне, қысқаша өмірбаяным осы.
— Бұл салаға келуіңізге не себеп болды?
— Мектеп қабырғасында жүрген кезде менің ой арманым жер бетінде қылмыстың болмауы үшін күресу еді. Сол үшін де тарих факультетіне оқуға тапсырдым. Өйткені, өзің білетіндей, тарих заңға жақын. Бірақ, қалаға келгеннен кейін «неге қылмыстың алдын ерте бастан алмасқа?» деген ойға келдім. Егер баланы балабақшадан бастап жақсылыққа тәрбиелесек, онда одан болашақта нашар тұлға шыға қоймайды. Осы пікірім мені тәрбиешілік өмірге алып келді.
— Апай, балабақшада балаларды тәрбиелеуде қандай бағытты ұстанасыз?
Мен, шынын айтқанда, Елбасымыз айтқан «Рухани жаңғыру» жобасын қолдаймын. Бұл жай сөзім емес, салмақты ойым. Бізге балаларды ерте бастан дамытуды жаңа жолға, жаңа жүйеге салып олардың рухани жаңғыруына жағдай жасауымыз керек. Өз басым, Монтессори әдістемесінің жанкүйерімін. Бұл әдіс баланы балабақшадан бастап шынайы өмірге бейімдейді. Қазіргі әлемде табысқа жетіп жатқан адамдардың барлығы, тіпті, Билл Гейтстің өзі осы жүйенің жемісі.
— Мантессори әдіснің артықшылығы неде?
— Бұл жерде бала шынайы өмірді көреді. Кеңес кезіндегідей жасандылық жоқ. Мәселен, үтікті алайық. Біз балаға шынайы үтікті көрсетеміз. Ол қалай жұмыс жасайды, қалай қызады, қалай үтіктейді? Осының барлығын бала іс жүзінде көреді. Және де оған еркіндік беріледі. Яғни, тәрбиеші шектен тыс қадағалау жасамайды. Ол баланың еркіндігін шетейді. Бүлдіршіннің ненің не екенін түсініп, кез-келген заттың шынай екендігіне, өмірде қолданылатындығына көзін жеткізу. Монтессори әдісінің мәні осы. Біздің балабақшамызда ол өз жемісін беріп те үлгерді. Балалардың қиялынан туындап, киізге басылған суреттерді көрсеңіз оған өзіңіздің де көзіңіз жетеді. Балабақшамызда әр жастағы балаларға арналған бөлмелер бар. Олардың барлығы да Мантессори жүйесіне негізделіп жабдықталған. Тек жүйені «желдірте» білетін мамандардың тапшылығы қынжылтады.
— Тәрбиешілерді жұмысқа қабылдарда қандай талап қоясыз
— Ең бастысы, оның баланы сүюі міндет. Тәрбиешінің өз бойында махаббат болмаса , онда балаға да ол қасиетті сіңдіре алмайды әрі тәрбиеленуші оны бейсаналы түрде жатырқайтын болады. Бұл баланың санасына кері әсерін тигізері сөссіз. Жаңа қалыптасып келе жатқан бүлдіршін жас шыбық секілді: немен және қалай суарсаңыз сондай нәтиже береді.
— Өмірдегі мақсатыңыз не?
— Орыс халқында «Гори везде, гори на блага» деген тамаша сөз бар. Менің ұстанымым да мақсатым да сол.
— Әңгімеңізге рахмет, апай!
Дінмұхамед МҰХАМЕТЖАН,
Алматы қаласы