Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназия – Алматы қаласындағы таңдаулы білім ордаларының бірі. Бұл мекемені 1995 жылдан бері басқарып келемін. Гимназия тарихына аз-кем тоқталатын болсақ, 1983/1984 оқу жылында №62 қазақ орта мектебі болып ашылды. 1991 жылдан бастап қазақтың көрнекті сатирик жазушысы Ш.Смаханұлының есімі берілді. 2001 жылдан бастап гимназия мәртебесін алды. Жалпы гимназия тілдерді тереңдетіп оқытады. 2004 жылы қала әкімінің ұйымдастыруымен болған «Жыл мектебі» байқауына қатысып, ІІ орынды жеңіп алды. 2012 және 2015 жылдары «Үздік жыл мектебі» байқауына қатысып, дипломант атанды.
Гимназия ұжымы өзі шаңырақ көтерген 34 жылдың ішінде білім мен тәрбиенің қайнар бұлағына айналды. 1998-2018 жылдары 54 оқушы «Алтын белгі», 38 оқушы «Үздік аттестат» алды. 2010-2018 оқу жылдары 60 республикалық, қалалық пән олимпиадасының жүлдегерлерін, 36 халықаралық ғылыми жоба жеңімпаздарын, 18 республикалық байқаулардың дипломанттарын, 12 республикалық әдеби оқулардың, 15 республикалық шығарма байқаулары жеңімпаздарын, 40-қа жуық халықаралық өнер, спорт байқауларының жеңімпаздарын шығарды.
«Дарындылықты дамыту – ұлт болашағын таныту» демекші, дарынды баламен жұмыс жыл өткен сайын өз жемісін беруде. Гимназия бес жыл қатарынан Алматы қаласы әкімінің дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. «Үркер» төсбелгісі иегерлері атанды. Соңғы бір ғана 2018-2019 оқу жылындағы дарынды баламен жұмыстың нәтижесін сараласақ, қалалық ғылыми жоба сайысына қатысқан 11 оқушының 8-і жүлделі орын алды. Жалпы білім беретін пәндер олимпиадасы талай дарынды жас өрендердің интеллектуалды қабілетін айқындауда. Аудандық олимпадаға қатысқан 56 оқушының 36 жүлдемен оралды. Қалалық пәндер олимпиадасына қатысқан 10 оқушының 4 жүлделі орын алды. Республикалық олимпиадаға 2 оқушы қатысуға жолдама алды. Олар: Дәулетбек Сұлтан биология пәнінен, Асқарбай Көркем қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен. Сонымен қатар гимназия оқушылары «Ақбота», «Кенгуру», «Русский медвежонок», «Бритш Булдог» сынды халықаралық интеллектуалды сайыстарға қатысып, жүлделі орындар алды. Дәстүрлі Абай, Махамбет, Мұқағали, Ілияс, Мағжан, Бауыржан оқуларына оқушыларымыз қатысып, көркемсөз оқу шеберлері атанды. Республикалық Махамбет және Мұқағали оқуларының Бас жүлдегерлері Ағыбай Арна мен Тоқтасын Аяулым – бүгінгі таңда Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері. Биылғы оқу жылында Алматы қаласы Білім басқармасы ұйымдастырған Қасыл Қатықбаева атындағы дарынды оқушылар арасында өткен қалалық жарыста 11 сынып оқушысы Ағыбай Арна 2 жүлделі орынға ие болып, Алматы қаласы әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды. 11-сынып оқушысы Дәулетбек Сұлтанның ҚР Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыруға бағыттылған «Туған жер» бағдарламасы, «Бір күнде-бір жақсылық жасайық» республикалық акциясы аясында өткен республикалық эссе байқауына қатысып ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының алғыс хатымен марапатталды.
Биылғы оқу жылында гимназия педагогикалық кадрлармен толық қамтамасыз етілген. Педагогикалық ұжымда 105 мұғалім еңбек етеді. Олардың 103-і жоғары білімді, 2 мұғалімнің білімі арнаулы орта. Педагог мамандардың сапалық құрамы бойынша 43 мұғалім жоғары санатты, 28-і бірінші санатты, 18 маман екінші санатпен және 16 маман санатсыз еңбек етуде. Ұжымда 6 Білім беру ісінің үздігі мен Құрметті қызметкер, 4 Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері еңбек етеді. Қоғамдық марапат және атақ жөніндегі кеңестің шешімімен 20 мұғалім «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісіне ие.
Бәсекеге қабілеттілік педагог мамандардың түрлі деңгейдегі сайыста жүлдегер атануымен өлшенеді. 2013 жылдан бері республикалық «Үздік педагог» байқауын бағындырып, «Білім беру ұйымының үздік педагогі» атағы мен төсбелгісіне Ажибаева Зияда (ағылшын тілі пәнінің мұғалімі) мен Рыскелдиева Гүлмира (қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі) ие болды. Қалалық «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпаздары Набидоллаева Мейрамгүл (француз тілі пәнінің мұғалімі) мен Дәулетбақ Гауһар (география пәнінің мұғалімі). Тоғыс Жанаргүл, Ерғожина Шаттыгүл, Рыскелдиева Гүлмира сынды ұстаздарымыз қалалық «Үздік қазақ тілі» байқауының жүлдегерлері атанды. Қалалық «Үздік психолог–2013» байқауының III орын жүлдегері – Сүлеймен Әлия. Қалалық «Үздік кәсіподақ–2013» байқауының I орын жүлдегері – Орманова Гүлнәр. Қалалық «Ең үздік сынып жетекші – 2014» байқауының І орын жүлдегері – Темиралиева Ақнұр. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қайыпжанқызы Сандуғаш «Адал ұстаз – 2017» байқауының ІІ орын жүлдегері болды.
Биылғы оқу жылында ағылшын тілі мұғалімдер арасындағы «Менің сүйікті ағылшын тілі оқулығым Exsel 5 for Kazakhstan» республикалық сайыстың ІІІ орын жүлдегері болып Бегимбетова Гулдана танылды. Сонымен бірге «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқаудың І дәрежелі дипломымен ағылшын тілі пәні мұғалімі Ажибаева Зияда марапатталды. Алматы қаласы Білім басқармасы ұйымдастыруымен жыл сайын өткізілетін Қасыл Қатықбаева атындағы «Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі» атты ұстаздар арасындағы байқауда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Абнасырова Ғайни, тарих пәні мұғалімі Кирбаева Жазира, бастауыш сынып мұғалімі Бастаубаева Жазиралар жеңімпаз болып танылып, қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Бүкіл өмір бойы оқу ендігі жерде балама емес, асқан қажеттілік. Педагог мамандардың кәсіби біліктілігі проблемасы білім беру жүйесінің күрделі мәселелерінің біріне айналғандықтан, соңғы үш жылда Қазақстан Республикасы педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында 33 мұғалім сертификатталып, оларға қосымша үстемақы төленуде.Үштілділік бағдарламаасының аясында эксперименттік мектептің қатарына жатқандықтан биология, физика, информатика, химия пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі және пән мұғалімдеріне қосымша үстемақы төленеді.
«Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса ел болғаның қайсы?» — деп М. Әуезов айтқандай, мектеп әкімшілігінің басшылығымен көптеген кітаптар жарық көрді. Атап айтқанда «Шона Смаханұлы атындағы №62 лингвистикалық гимназияның озат тәжірибесі» атты әдістемелік құрал, «Гимназия тынысы», «Гимназия тарихы тереңде», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына 20 жетістік» атты кітаптар шығып, қала бойынша тарады. Гимназия кітапханашысы Н. К. Сегізбаеваның авторлығымен «Мектепте кітапхана жұмысын ұйымдастыру» атты әдістемелік құралы – осы маман иелерінің сұранысына ие. Тарих пәнінің мұғалімдері Бижанов Атығай Бүркітбайұлы мен Сабзинова Күмісай Бөрібайқызы – факультатив және арнаулы бейімделген бағдарламаларды құрастырушылар. Г. Тәленова, Ж. Бастаубаева, З. Ажибаева, А. Темиралиева, Н. Түзелбекова, Ұ. Үсенова, Н. Сабитова, М. Ерғалиева, т.б. сынды ұстаздарымыз – дәл осындай бейімделген, тереңдетіп оқыту бағдарламаларының авторлары. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ибрагимова Жанай – қазақ тілінен 5-сынып «Тірек сызбалардың» авторы. Қазақ Г.Д. Рыскелдиеваның авторлығымен 4 оқу-әдістемелік кешен жарық көріп, қолданыста болды. Сонымен бірге Г. Рыскелдиева, С. Қайыпжанқызы, Ұ. Үсенова, М. Хамза, Б. Сарсембаева жаңартылған білім беру бойынша жазылған «Қазақ «дебиеті» 6, 8, 9, 10-сынып «Мұғалім кітабы» авторлары болса, Ғ. Абнасырова 8-сынып «Қазақ тілі» оқу-әдістемелік кешеннің, бастауыш сынып мұғалімі Ж. Бастаубаева 2-3-сынып «Мұғалім кітабы» авторларының бірі. Математика пәні мұғалімдері А. Журумбаева мен Ф. Қадырбаева «Математика пәні бойынша білім сапасын арттыру жолдары» және Г. Рыскелдиева мен С. Қайыпжанқызының авторлығымен Қазақ тілі мен әдебиетінен оқытудың жаңаша тәсілдері» атты дидактикалық материалдар жарық көрді. Г.Д. Рыскелдиева ҚР білім және ғылым министрлігінің ұсынуымен рухани жаңғыру бойынша шыққан Алматы қаласының «Өлкетану» 5-7-сыныптар кіріктірілген оқулық авторларының бірі. Сондай-ақ сызу пәнінің мұғалімі Т. Батырханованың авторлығымен «Мұғалімге арналған әдістемелік құрал» басылымға кетті.
Жыл сайынғы мектеп бітірушілер білім бәйгесінде бәсекеге қабілеттіліктерін көрсетіп келеді. Соңғы жылды саралайтын болсақ 2017 жылы 101,2%, 2018 жылы 105,03% білім сапасын көрсетті. Бітірген 54 түлегіміздің 34-і әртүрлі жоғары оқу орындарының грант иегері атанса, 20-ы ақылы бөлімдерге. Бұл түлектердің 2-і Чехославакия, Қытай сынды елдердің жоғары оқу орындарының студенті атанды.
Гимназияда өнер, спорт саласында үйірмелер жұмыс жасайды. Атап айтқанда, «Нарқыз» бишілер тобы (жетекшісі: Ибрагимова Мира) әлемдік деңгейде жоғары жетістіктерге жетіп, Испания, Франция, Болгария, Прибалтика, Кавказ т.б. шетелдерде жүлдемен оралды. Сондай-ақ «Мұрагер» домбыра оркестрі (жетекшісі: Әлімбай Тасқын) Көкшетау қаласында өткен республикалық «Ата мұра» байқауында Бас жүлде алды. Шахмат, теннис, баскетбол, волейбол, футбол, қазақша күрес тағы басқа секцияларда жаттыққан оқушылар қалалық байқауларға қатысып, бірнеше жоғары деңгейдегі жүлделерді қанжығаларына байлады. Биылғы оқу жылында Мира Айдынқызының еңбегі еленіп, «Астананың 20 жылдығы» медалімен марапатталды.
Жалпы кез — келген биікке жеткізетін – мұғалімнің табысты сабағы. Бүгінгі таңда ол – қысқа мерзімді жоспар деп аталды. Жаңартылған білім беру мазмұнының басты талабы – оқу мақсатына жету. Сапалы тапсырма мен тиімді құрылған қысқа мерзімді жоспар – оқу мақсатына жету көзі. Осы межеге жету үшін мұғалімдердің өз білім ұясында кәсіби өсуіне көп мән беремін. Ол біліктілікті арттырудан басталады. Жаңа жүйе бойынша ұжымның 80%-ы курстан өтті. Және гимназияда 4 тренер жүйелі жұмыс атқарады. Қазіргі сабақта тәжірибе мен рефлексия маңызды. Ол үшін мұғалімдердің зерттеу дағдыларын дамыту керек. Зерттеу сабақтары біртіндеп іске асып жатыр. Бұл жұмыстардың дені мектепті дамыту жоспарында көрініс тапқан. Үздік тәжірибелерімізбен үнемі бөлісіп отырамыз. Жуырда ғана жетекші және магниттік мектептер қауымдастығы жұмысы аясында ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы және Алмалы ауданы білім бөлімінің қолдауымен «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ сапасын арттыру» тақырыбында жоғары деңгейде семинар өтті. Семинарда орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында құрылған мектепті дамыту жоспары мен сапалы қысқа мерзімді жоспар құру жоллдары және сабақты бақылау парақтары талқыланды. Сонымен қатар жаңартылған білім беру мазмұны бойынша идеялар жәрмеңкесін ұйымдастырылды. Онда әр кафедра өз зерттеу тақырыбы бойынша ойындар көрсетті.Танымдық-практикалық, тұлғаға бағытталған ойындар қатысушылар көңілінен шықты. Практикалық бөлімде семинарға қатысушылар мұғалімдердің сабақтарын үздік педагог гимназия директорының оқу ісі орынбасары Г.Д. Рыскелдиева құрастырған бақылау парақтары бойынша зерттеу жасады.
Бижанов Атығай Бүркітбайұлы,
Шона Смаханұлы атындағы
№62 гимназия директоры,
«ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісі,
«Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі,
«ҚР-ның тәуелсіздігіне 10 жыл»,
«ҚР-ның тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі мен
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.