Қазақстан жаңа ғасырға дүниежүзі елдері қатарында терезесі тең ел ретінде келіп отыр. Жаңа ғасырды бастаған ұрпақ келер ұрпаққа қарыздар болып қалмас үшін қолдан келген игіліктерді жасайтыны анық. Қашанда білімі мол, рухани байлығы бар халықтың ұл-қыздары ешқашан да жүдемесі хақ. Біздің басты байлығымыз – білім.
Болашақ – білім мен ғылымға тәуелді болатыны айдан анық нәрсе. Қазіргі жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі қандай дәрежеде болса, еліміздің ертеңі де сондай дәрежеде болмақ. Сондықтан қоғам талабына сай, қоғамды көркейтетін, дамытатын, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы істер байланысында мемлекеттің өркениеті үшін еңбек ететін, шетелдермен еркін ғылыми және мәдени қарым-қатынас жасай алатын, оқығанын өмірде қолдана алатын, ана тілін жетік білетін, ұлтжанды азамат дайындау – бүгінгі ұстаз қауымының басты мақсаты.
Білім – теңіз, мектеп – кеме. Мұғалім – мектептің жүрегі. Білім нәрімен сусындап, оның құпиясын аша білу – күрделі де қиын іс. Осы білім теңізінде еркін жүздіру – бала жанының бағбаны мұғалімнің іс-әрекеті. Мұғалімнің бір-біріне және ешкімге ұқсамайтын сабақтары келер ұрпақты заман талабына сай оқытып, тәрбие бермек.
Функционалдық сауаттылық – адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығын әрдайым жетілдіріп отыруы. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады, яғни оқушылардың мектепте алған білімдерін өмірде тиімді қолдануына үйрету.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі Ұлттық жоспардың қабылдануы – оқыту әдіснамасы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту болып табылады.
География пәні ең қызықты, оқушылардың белсенділігін, танымдық қабілетін арттыруға мүмкіндігі жоғары пән. Дегенмен әрбір сыныптың танымдық қызығушылығының тәжірибесі мен даму дәрежесі әртүрлі.
Географияның әртүрлі пәндермен кіріктіруге мүмкіншілігі зор. Сондықтан СТО технологиясын қолдану арқылы ұйымдастырылған сабақтар дәстүрлі сабақтармен салыстырғанда, айрықша есте қаларлық, жеке тұлғаны жан-жақты дамытады. Оқушылардың география пәніне деген танымдық қызығушылығын арттыру жұмысымда СТО технологиясының стратегияларын қолданып, сабақтарымды «қызығушылықты ояту – мағынаны ажырату – ой – толғаныс» үлгісін ұстанып ұйымдастырамын.
«Қызығушылықты ояту» кезеңінде қолданылатын әдістер оқушылардың тақырыпқа байланысты бұрынғы алған білімдерін қолданып, қайта жаңғыртып, естеріне түсіруін қажет етеді. Бұл кезеңде «Білемін», «Білгім келеді», «Мен үшін жаңалық»кестесін толтыру, ассоциациялар жүйесін құрастыру, болжам жасау сияқты әдістерді қолданамын.
«Мағынаны ажырату» кезеңінде — топтық,ұжымдық, немесе жеке түрде ұйымдастырамын. Жұмыс барысында оқушылар алған білімдерін «ой – толғанысқа» салады. Мысалы үшін «бес жол өлең құрастыру», «эссе жазу», «дөңгелек үстел»жұмыс әдістерін қолданамын.
География сабақтарында үй тапсырмасын бекітуге, қорытынды жасауға географиялық диктант, өздік жұмыстары, тест,сұрақ-жауап, сандар сөйлейді.
Карточкалармен жеке дара тапсырмалар арқылы да жұмыстар жүргізу, оларды сабаққа пайдалану өте тиімді. Қазіргі кезде балалар да тест тапсырмаларын орындауға үйреніп дағдыланған.
Қорыта келгенде, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Педагогтің сабақ өту шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыруы, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Өз мамандығын толық меңгерген жоғары деңгейлі оқытушының алдынан шыққан оқушы – өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Бұл ұстаз үшін абырой, яғни үмітінің ақталғаны, әрбір мұғалім осыған ұмтылса ұрпақ алдындағы қарыздың өтелгені. Мұғалімнің сабағының өн бойындағы негізгі мақсаты, оның негізгі мәнін естен шығармай, әрбір сәтті тиімді пайдаланғанда өз мақсатына жетеді.
Оқушылардан күтілетін нәтиже:
— өмірге бейімделген, алған білімін практикада қолдана алатын;
— өзі шешім қабылдайтын, жаңашыл, шығармашыл;
— ақпарат құралдарымен сауатты жұмыс істей алатын;
— коммуникативті дағдысы жетілген, әртүрлі саладағы адамдармен тіл табыса алатын;
— өз білімін, мәдениет деңгейін көтере алатын тұлға алу.
Досмагулова Орынбасар Сапарбековна
Рудный қаласы,
№19 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі