Ұлттық деңгейде қойылған мақсатты жүзеге асыруда географиялық білімнің алатын рөлі зор. Казіргі мектептердегі географияны оқыту әдістемесіне талдау жасайтын болсақ, дәстүрлі оқыту жүйесінің басымдылығы байқалады. Бұл жерде оқушы объект ретінде қалып қояды, оқушының өз мүмкіндіктерін іске асыруға, өзін-өзі дамытуға, өздігінен ізденуіне мүмкіндік берілмейді. Демек географиядан білім сапасын қамтамасыз ету «нені оқыту?», «қалай оқыту?», алынған нәтиже төңірегінде қалып қояды. Сондықтан мектепте географиялық білім беруді жетілдіру, яғни оқыту мақсатына сәйкес күтілетін нәтижені жоспарлау қажеттігі туындап отыр. Осыған орай болашақта географиядан білім сапасын қамтамасыз ету үшін оқу нәтижелерін анықтау, оқу процесін ұйымдастыру, оқушының компетенттілігі алдынғы орынға шығу керек. Географиядан білім берудің мазмұндық және процессуалдық негізін анықтаудың бұл жолы баланы оқу материалдарын дайын күйінде алуға емес, өз бетімен ізденуге, өзіне қажетті білімді іздестіруге керекті қасиеттермен қаруландырады. Бұл ұлттық жүйенің біздің еліміздегі білім беру жүйесінен айырмашылығы мектептегі білім беру сапасын бағалаудың жаңа жүйесіне көшуімен ерекшеленеді. Ұлттық жүйеде жалпы орта білім беруді жетілдірудің негізіне компетенттік тәсілді алу ұсынылуда. География пәні бойынша төмендегі компетенцияларды ұсынамыз.
- Объектілер туралы ұғымдары мен түсініктерін еске түсіру, оларды географиялық картадан табу, картаны пайдалана білу, қарапайым карта құрастыру оқушылардың картографиялық компентенциялары болып табылады.
- Объектілерді тану және олардың арасындағы айырмашылықтарды анықтау біліктіліктері, яғни салыстыру, өлшеуіш құралдарын пайдалану оқушылардың географиялық объектілерді өздігінен анықтай және өлшей алу компетенцияларына жатады.
- Бақылау нәтижелерін салыстырып сипаттау, объектілер мен құбылыстардағы өзгерістерді тіркеу және тану, қарапайым сұлба, диаграмма, кесте құрастыру мен жинақтау оқушылардың құбылыстар мен процестерді сипаттай алу компетенциялары болып табылады.
- Табиғи құбылыстар арасындағы байланыстарды орнату, оларды топтастыру, заңдылықтарды анықтау үшін оларды қорытындылау оқушылардың құбылыстар мен процестерді түсіндіре алу компетенциялары болып табылады.
- Гипотеза құрастыру, объектілердің даму тенденциялары мен казіргі жағдайын көре білу оқуышлардың құбылыстар мен процестердің дамуын болжай алу компетенцияларына жатады.
Оқушылардың картографиялық компетенттіліктері біріншіден, карта, атлас, аэро-ғарыштық түсірілімдердің түрлері мен типтерін оқып үйренуді; екіншіден, картаның тілін меңгеруді –шартты белгілер жүйесін, картографиялық бейнелеу тәсілдерін, генерализациялау ережелерін; үшіншіден, картамен жұмыс жасай алу біліктіліктері, яғни картаны оқу, салыстыру, карта арқылы ақпарат алу дағдыларын меңгеруді қамтиды. География пәнінде карта бойынша географиялық координаталарды, географиялық орнын, биіктік пен тереңдік қашықтықтарын, температура қозғалысын, өзен торларының конфигурациясын, атмосфералық қысым мен уақыт белдеулері айырмашылықтарын, елдер мен олардың астаналарын аңықтау туралы сұрақтар мен тапсырмалар көп. Сонымен қатар мәтін мен атлас карталары бойынша атау, көрсету, анықтау, өлшеу, т.б. тапсырмалардан тұрады. Бұның бәрі географияны оқытуда компетенттілік тәсілді жүзеге асыруға мүмкіндік береді, өйткені картаны оқи, түсіне білу, онымен жұмыс істеу ол географиялық компетенттліктің негізі.
Бұл компетенциялар жұмыс істеуге жоба ретінде ұсынылып отыр. Оны жүйелі түрде іске асыру, ұлттық деңгейде қойылған мақсатты жүзеге асыруда оқушының географиялық білімін жаңа сапаға көтерері сөзсіз.
Әлімбетова Салтанат Сейтханқызы,
Таскараева Қалбибі Ахметовна,
«Өрлеу»БАҰО» АҚФ ОҚО бойынша ПҚБАИ «Инновациялық технологиялар мен жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушылары
Пайдаланылған әдебиеттер
- В.П.Максаковский. Географическая культура – М.: ВЛАДОС. 1998, 415-б.
- М.Ж.Жадрина. Жалпы білім берудегі жаңа үрдістер. // Открытая школа. N5, 2004. 6-9б.
- П.П.Борисов. Компетентностно-деятельностный подход и модернизация содержания общего образования. // Стандарты и мониторинг в образовании. N1, 2003. 58-61б.