Home » Мақалалар » ГЕОГРАФИЯ  ПӘНІН ОҚЫТУДА ӨЛКЕТАНУ ДЕРЕКТЕРІН   ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

ГЕОГРАФИЯ  ПӘНІН ОҚЫТУДА ӨЛКЕТАНУ ДЕРЕКТЕРІН   ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

«Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен,

бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені,

талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі.

Сондықтан    білім беру саласында ауқымды

өлкетану жұмыстарын жүргізу  экологияны

жақсартуға және елді мекендерді  абаттандыруға

баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи

 ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына

 келтіруді көздейді…»

Н.Ә.Назарбаев

  Географияны өзiнiң туған өлкесiн зерттеуге негiздеп оқыту қажет екендiгiнiң танылғанына көп уақыт болды. ХІХ ғасырдың екiншi және ХХ ғасырдың бас кезiнде тәжiрибе ретiнде географияны өлкетануға негiздеп оқыту көптеген мектептерде қолданыла бастады және ол тәжiрибе толық ақталып шықты. Осы күнi бiздiң мектептерде өлкетану тек география емес, басқа пәндердi оқытудың  да негiзiне алынып отыр. Географияны өлкетануға негiздеп оқыту қажеттігі бағдарламаларда, әсiресе сол бағдарламалардың түсiнiк хаттарында өте айқын айтылған.

Алайда көптеген  мектептерде   географияны оқыту тәжiрибесiн алатын болсақ, мемлекеттiк бағдарламаларда   анық айтылған бұл жоба барлық жерде бiрдей тиiстi түрде жүзеге асырылып отырмағанын байқаймыз. Географияны оқыту iсiнде өлкетанудың онша өрiс ала алмай отырғандығының  негiзгi  себебiнiң бiрi — мұғалiмнiң өзiнiң осы жұмыс жөнiндегi әдістемелік жағынан дайындығының жеткiлiксiздiгi болып отыр. Сондықтан да география сабақтарында өлкетану мәліметтерін қолдануды   ұйымдастыруға   толығырақ тоқталуға тура келедi. Мектепті қоршаған ең жақын орта бақылаулар жүргізу және білім беру процесінде қолдану үшін қолайлы, сондықтан география сабағында өлкетану жұмысын мектеп орналасқан жерді терең оқудан бастаған дұрыс. Ал мектептен қашықтағы аудан немесе облыс аумағымен танысу, туған өлкемен танысудың бірізді жалғасы болуы керек.

Қазіргі кезде өлкетанудың табиғатты және мәдени ерекшеліктерді қорғау міндеттеріне байланысты түрі дамып келеді. Соның ішінде географиялық өлкетанудың негізгі міндеті – туған өлке жөнінде, оның шаруашылығы мен мәдениетінің дамуы жөнінде білімнің артуына ықпал ететін түрлі ақпараттар, мәдениет, пайдалы қазбалардың үлгілері т.б. мәліметтер жинақтау. Өлкетанудың қоғамдық-саяси және мәдени-ағарту жұмысында да оқу тәрбие процесінде де маңызы зор. Өлкетану үйiрмесi өте қызықты және онда танымжорықтар өткiзу, коллекциялар, әдебиет және картографиялық материалдар жинау, өз өлкесiнiң географиялық сипаттамаларын жасау сияқты көптеген жұмыстар  жасалынады.

Мектептiк өлкетану деп бiз ненi айтамыз? Өлкетануға арналған әдебиеттерде өлкетану дегеннiң өзi не екенi туралы кезiнде талас аз болған жоқ. Авторлардың кейбiреуi өлкетануды өз өлкесiн зерттеуге арналған пән ретiнде қарастырды. Кейбiр авторлар оны, социалистiк құрылысқа көмектесу мақсатымен, өз өлкесiн барлық жағынан қамти және терең зерттеуге бағытталған кең өрiс алған қоғамдық қозғалыс ретiнде қарастырды және т.с.с.

Ал өлкетануды тек физикалық географияны оқыту iсiнде қолдану жөнiнде сөз болатын бiздiң жағдайымызда өлкетану мәселесi оңай шешiледi. Бiзге өз өлкемiздiң физикалық географиясын оқып үйренуiмiз керек: бiрiншiден, ол айнала төңiрегiмiздi бiлу, түсiну үшiн керек, екiншiден, өз өлкемiздiң географиялық объектiлерiн оқып-үйрену арқылы басқа жерлердiң де және бүкiл жер шарының да физикалық географиясын жақсы ұғынуға септігін тигізеді.   Өз өлкемiздiң географиясын оқығанда, басқа да географияларды оқығандай, оны практикалық өмiрмен тығыз байланыстыра оқып-үйренетiндiгiмiз өзiнен- өзi түсiнiктi.

Өлкетану деректерін  географияны оқыту iсiнде пайдалану мәселесi, бiрден қарағанда оңай сияқты болып көрiнгенмен  оншалықты оңай мәселе емес. Турасын айтқанда мұнда мұғалiмге бiреу емес, екi және екеуi де едәуiр қиын мәселелердi шешуге тура келедi. Оның бiрiншiсi өз жерiнiң географиялық жағдайларын  зерттеу болса, екiншiсi өлкетану деректерін оқыту iсiнде пайдалана бiлу болады.

Өз жерiн зерттеу жұмысын география оқыту iсiне өлкетану жөнiнде жаңадан табылған материалдарды пайдаланумен қатар жүргiзуге болатын -дығын да осы жерде айта кету керек. Осылайша жүргiзiлсе алға қойылған екi мәселенiң екеуi де, яғни өз өлкесiн зерттеу мәселесi де, өлкетану  материалының географияны оқыту iсiнде пайдалану мәселесi де оңайырақ және жылдамырақ шешiлетiн болады.

Мәселелердi шағын материалды оңай және мұғалiмге жеңiлiрек келетiн бастауыш мектептерде бiздiң бұл   мәселелерiмiз оңай шешiледi.   Оның үстiне, бастауыш мектептерге арналған әдістемелік әдебиеттерде өлкетану деректерін  пайдалану туралы мәселе жақсы тексерiлiп қарастырылған. Ал мәліметтері әрi көп, әрi қиын, оқушылар алдына қойылатын талаптары да көбiрек болатын орта мектепте iс қиынға шабады. Бiздiң жоғарыда айтып өткен, мұғалiмнiң әдістемелік дайындығының жеткiлiксiздiгiнiң себебi де,  сiрә осы болуы мүмкiн.

Мұғалім өлкетану жұмысын жандандыру мақсатында білім берудің тиімді заманауи әдістерін: проблемалық оқыту, жобалау әдістерін, рөлдік ойындар, ақпараттық, ізденушілік, зерттеушілік технологияларды қолдана алады, сонымен қатар оқушының бойында өзін-өзі бағалай алу қабілетін қалыптастыруға жағдай жасауы және мұғалім әрқашан ізденісте болуы керек. Мектеп географиясындағы өлкетану жұмысы мемлекеттің саясатын және білім беру мазмұнына қойылатын жалпы талаптарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Туған өлкенің тарихы, мәдениеті, тұрмысы, адамдары туралы ақпаратты ғаламтордан, энциклопедиялардан, анықтамалықтардан алуға болады. Туған өлке туралы ақпараттың тағы бір көзі, ол – жергілікті тұрғындардың отбасылық альбомдарындағы фотосуреттер, бұлардың бәрі мұғалімге туған өлке туралы ақпарат алуға мүмкіндік тудырады.  «Туған өлке» ұғымына қандай аумақты кіргізу керектігін алдын-ала шешіп алған жөн. Кейбір жағдайларда өлке деп үздіксіз және нақты бақылау жүргізетін мектептің маңайын айтады. Ал, кейбір жағдайларда бұл ұғымды ауданның немесе облыстың әкімшілік аумағына дейін кеңейтеді. Көпшілік жағдайда мектеп орналасқан маңайда зерттеу немесе бақылау жүргізу үшін облыс көлеміндегі мағлұматтарды білу қажет болып шығады. Сол себепті мектептегі өлкетану мәліметтері бұл екі көзқарасты да қамтуы тиіс.

Өлкетану белгілі бір жердің, қаланың, елді мекеннің бір бөлігін оқып білу болғандықтан, мұндай жұмыспен жергілікті тұрғындар да айналыса алады, себебі бұл аймақ оқушылар мен мамандар үшін (тарихшылар, биологтар, геологтар, архитекторлар, этнографтар, экологтар) де туған өлке болып саналады.  Мектептегі өлкетану   білім беру мен тәрбиелеуді өмірмен байланыстыратын маңызды құрал болып табылады. Өз өлкесінің бұрынғы және қазіргі өмірін білу, өлкенің жаңаруына тікелей ат салысуымыз үшін қажет, өйткені туған өлке – шегі жоқ әлемнің бір бөлігі. Өлкетану отансүйгіштік сезімді – Отанға деген терең махаббатты тудырады.

Таскараева Қалбибі Ахметовна,
Әлімбетова Салтанат Сейтханқызы
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы  бойынша ПҚБАИ «Инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушылары

 

 

Пайдаланылған  әдебиеттер  тізімі:

1.Назарбаев Н.Ә.: Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру.Астана-2017ж, 12 сәуір.

2.Әпет Қ. Туған өлкеге, өскен ортаға – өмірлік құрмет. // Қазақстан тарихы журналы, 2007 жыл, № 2 —  74 бет.

  1. Айтжанова Г.Қ. География сабағында өлкетану жұмысын ұйымдастыру жолдары. // География, биология, экология орта мектепте. Республикалық ғылыми – əдістемелік журнал. – 2013 жыл. — №6.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.