Home » Мақалалар » ГЕОГРАФИЯНЫ ОҚЫТУДАҒЫ ӨЛКЕТАНУ ЖҰМЫСЫНЫҢ МАҢЫЗЫ

ГЕОГРАФИЯНЫ ОҚЫТУДАҒЫ ӨЛКЕТАНУ ЖҰМЫСЫНЫҢ МАҢЫЗЫ

Қазіргі таңдағы қоғамның саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуындағы жаңару процестері өткен тарихымыз бен мәдени мұраларымызды қайта қарауды, рухани құндылықтарымызды саралап, оны мектептің оқу-тәрбие процесіне ендіру арқылы оқушылардың өлкетанушылық мәдениетін қалыптастыруға қолайлы жағдайлар жасап отыр. Географиялық өлкетанудың басты мақсаты оқушылардың бойында белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру мен Отанына деген патриоттық, азаматтық сезімдерін, туған өлке тарихын зерттеп, зерделей білуге тәрбиелеу және танымдық қызығушылықтарын тереңдетіп, туған өлкені тікелей оқып-білу мүмкіндігін кеңейту. Қазіргі білім  беру жүйесінде оқушылардың көпшілігінің географиялық өлкетануға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Сондықтан  географиялық өлкетануды жоспарлау мен ұйымдастыруды жандандыру мақсатында білім берудің тиімді заманауи әдістерін: проблемалық оқыту, жобалау әдістері,  ақпараттық, ізденушілік, зерттеушілік  бағыттағы технологияларды қолдану нәтижелі білім мен тәрбиеге негізделуге тиіс.

Географиялық өлкетану жұмыстарын жоспарлауда өлкені зерттеудің барлық негізгі әдістерін пайдалануға болады. Солардың бірі географиялық өлкетануды жоспарлау мен ұйымдастыруда статистикалық және көзбен шолу (визуалды) әдістерін қолданудың да маңызы ерекше. Өз өлкесінің демографиялық проблемаларын анықтауда, шаруашылықтың дамуы мен экономикалық байланыстардың жүйесін топтастыруда, басқа да зерттеу жұмыстарында  жинақталған сандық көрсеткіштерді іріктеп алу және әр түрлі сандық мәліметтерді санау, орташа көрсеткіштерді шығару, кестелер құрастыру және олардың графикалық бейнесін сызып қорытынды шығаруда, құбылыстар мен заттарды бақылауда өте тиімді. Осы әдістерді географиялық өлкетану зерттеулерінде, саяхаттарда, экскурсияларда басқа әдістермен үйлестіріп, қажетті сапалық нәтиже беретін  жұмыстарда жиі қолдануға болады. Сонымен, өлкенің өмірін, ондағы болып жатқан өзгерістерді, табиғаты мен шаруашылығын толығырақ сипаттау үшін, өлкенің қазіргі кездегі және бұрынғы өткенінен деректер мен материалдарды үздіксіз жинап, оқып, зерттеу қажет екенін әр оқушы түсінуге тиіс. Ал зерттеудің картографиялық әдісі өлке аумағындағы шаруашылық пен табиғаттың арасындағы кеңістіктік үйлесімділікті ашу мақсатында қолданылады.

Географиялық өлкетануды ұйымдастыруда өз өлкесінің экологиялық мәселелерін шеше білу дағдыларын қалыптастыру  өте маңызды. Себебі дүниежүзілік қауымдастықтың қазіргі кезеңдегі дамуында адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы экологиялық мәселелерді шешу жолын іздестіруді талап етеді. Адамзаттың жаһандық дағдарысы жер шарының экологиялық үйлесімділігінің жеке бөліктері болып саналатын аймақтық деңгейдегі мәселелерден туындап отыр. Бұл жағдайда антропогенді өркениеттің қоршаған табиғи ортамен тиімді арақатынасын ұйымдастыруға бағытталған барлық әлеуметтік институттарының жұмыстарын жұмылдыру қажет. Экологиялық мәдениет табиғи қоршаған ортамен қарым-қатынастағы адам тіршілігінің мұра болып қалатын таза тұрмыс қалпына, тұрақты әлеуметтік, экономикалық  дамуына, елдің және әр адамның экологиялық білім мен тәрбиесі деңгейіне байланысты қаланады. Э.В.Гирусовтың айтуынша, экологиялық мәдениет – қоғамның материалдық және рухани құндылықтардың бірлігі, сондай-ақ табиғи ортаны сақтауға бағытталған әрекеттердің бірі.

Жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайында өлкетанушылық білім негіздерін алу, өзін — өзі дамытуға және адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті, еркін бағдарлай алатын жеке тұлғаны қалыптастыруда бағытталған білім, іскерлік дағды әрекеттері оқушының жеке- дара психологиялық қасиеттерінің дамуына, таным белсенділігінің артуына жетелейді. Оқушыларды туған және басқа да мәдениет әлеміне кіргізу, олардың тіл құралы арқылы ойлау қабілеттерінің дамуына ықпал етеді, оқушылар туған халқының менталитетін түсінуге үйренеді. Жеке тұлғаның дүниетанымының қалыптасуы және мәдени дамуы оқушының туған өлкесінің мақтаныштары, киелі орындары, мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері, тарихы, тұрмысы туралы білімінің кеңеюі барысында жүзеге асады. Сондықтан өлкетану жұмыстарын жоспарлауда экологиялық проблеманы шешуге, адам мен табиғаттың үйлесімді қарым-қатынасын қамтамасыз ететін экологиялық мәдениет қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды басты орынға қою  қажет. Себебі экологиялық мәдениет білімді белсенділікке, нақты іс-әрекетке бағыттаушы  құрал қызметін атқарады.

Өлкетану жұмыстары жеке тұлғаның дүниеге дұрыс көзқарасының қалыптасуына қоршаған шындықты түсінуге, сенімін қалыптастырудың негізі болып табылады. Өлкетануды дұрыс ұйымдастырудың жетістігі – ол оқытушылар мен мұғалімдердің, мектеп оқушыларының ізденісін, олардың шығармашылықпен жұмыс істеу қабілетін жетілдіре түсіп, өз өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттырып, туған өлкесін терең зерттей білу дағдыларын дамыту.

Өлкетану жұмыстары жалпы білім беретін мектептерде рухани жаңғырған, қоғамдық санасы қалыптасқан, ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай алатын, өлкенің көпұлттылық және көпмәдениеттілік жағдайына төзімді толерантты тұлға тәрбиелеуге бағытталуға тиіс.

Қорыта айтқанда, туған өлкенің, жергілікті жердің тіпті, аймақтың өз ерекшеліктерін, табиғатын, тарихын, халқы мен тұрмысын сипаттайтын факторларды зерттеп, оны жас ұрпақ тәрбиесінде пайдалану өзінің маңыздылығын ешқашан жоймақ емес. Өлкетану жұмыстары тұлғаның дүниеге деген дұрыс көзқарасын қалыптыру мен сенімін нығайтуға негіз болады.

 

Саттибаева Рая Мажитовна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы
бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институтының аға оқытушысы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.