Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Қайрат Балықбаев Орал политехникалық колледжінде болып, оқу орнының тынысымен танысты.
Вице-министр Қайрат Тәкірұлы аталмыш білім ордасын облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловпен, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадыровамен және колледж директоры Қанат Қырықбаевпен бірге аралап шықты. Автомобиль құрылысы арнайы технологиясы бөлмесі, электржинақтау, қаңқа-қаптама құрылыстарды жинақтаушы шеберханаларында болған министрлік өкілі ұстаздардың жаңа технологияны сабақта қолдану әдістеріне назар аударып, оқушылармен әңгімелесті.
Өз тәжірибесінде 3D технологиясын тиімді пайдаланып жүрген арнайы пәндер оқытушысы С.Иманғалиев жаңа әдістің пайдасы мол екенін жеткізді. – Интерактивті модуль соңғы технологиясы бойынша шәкірттерге 3D принтерімен барлық автокөліктердің бөлшегі көрсетіледі. Сабақ барысында әр түрлі жолмен басқарылатын жаңа құрылғыда тақырып бойынша қажетті плакаттар, бейнефильмдер бар. Әзірге оның бағдарламасы автокөлік құрылымына сәйкес құрылған. Келешекте әрбір материалды жинақтап, барлық пәндер бойынша бағдарлама орнату жоспарлануда, – деді Серік Жанғалиұлы. Колледже бұл жаңа технология биылғы оқу жылынан бастап қолданыла бастаған.
Орал политехникалық колледжінде 700-дей студент газбен және электрмен дәнекерлеуші, электрмонтаждаушы, құрылысшы, өңдеу-құрылыс жұмыстарының шебері, автомеханик, темір ұстасы сынды жұмысшы мамандықтар бойынша білім алуда.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Қ.Балықбаев Батыс Қазақстан өңіріне Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауын және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын түсіндіру мақсатында келген болатын. Осыған орай вице-министр білім беруде жаңа технологияны тиімді пайдаланған, алпыс жылдан астам тарихы бар байырғы білім ордасының жұмысына оң бағасын берді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
«Білім айнасы»,
Орал қаласы