Қазіргі таңда әскери-патриоттық тәрбие ең өзекті мәселе болып отыр. Оған дәлел соңғы кездері қазақ жастарының бойында қайсарлылықтың, жігерліліктің, өжеттіліктің, төзімділіктің, тектіліктің көрініс таппауы, батыс елдері мәдениетіне орынсыз еліктеуі, түрлі теріс қалықтардың болмысына ене бастағаны байқалады.
Мектепте орта және жоғары оқу орындарында білім алушылардың ой-өрісін, биік адамгершілік қасиеттерін, ұлтжандылық қасиеттерін шыңдау үшін, Б.Момышұлы шығармалары негізінде әскери-патриотизмге тәрбиелеу жоғарыда аталған өзекті мәселелерді шешуде үлкен роль атқаратыны сөзсіз.
Қазақ халқының даңқын шығарып, абыройын асқақтатқан Б.Момышұлының батырлығы бір бөлек, әдебиет майданында да әскери ерліктерінен еш кем емес қаһармандық іс тындырған қаламгер. Оның шығармаларының негізгі тақырыбы – жауынгерлік мінез-құлықты қалыптастыру, елдік пен ерлікті дәріптеу, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, әскери тәлім тәрбие болып табылады.
Оның соғыс тактикасы туралы жазылған шығармаларының ішінде ғылыми мұрасы «Соғыс психологиясы» еңбегі ерекше орын алады. Бұл шығарма тек әскер қатарындағы сарбаздарға ғана арналмаған, сондай-ақ жас ұрпақты ерлікке тәрбиелеу жөніндегі ойларымен де ерекшеленеді.
«Соғыс психологиясы» еңбегі – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің құнды құралы ретінде танымал. Аталған ғылыми еңбекте патриотизм мен оған тәрбиелеу бағытында өрелі де өнегелі пікірлер айтылған. Жазушы бұл шығармасында патриотизмнің қалыптасу дәстүріне тоқтала келе, адамның әскери қызметтегі жеке психологиясын аша отырып, жан-жақты анықтама береді.
Сондай-ақ, өзінің аталмыш еңбегінде әскери ұрысқа және ондағы психологиялық ахуалға кеңінен тоқталып, талдау жасайды. Мысалы, ұрыста, соғыста адамға тән барлық қасиеттерді екі топқа яғни, жоғарғы және төменгі сезімдерге топтастырады да оларға қарапайым түсінікті тілмен анықтама береді. Жоғарғы сезімдерге: парыз, адамгершілік, ержүректілік, ерлік, батырлық, қаһармандық сезімдерін жатқызса, төменгі сезімдерге: опасыздық, үрей, қорқыныш, шошу сезімдерін топтастырып жатқызды.
Б.Момышұлының анықтамасы бойынша ұлттық патриотизм мыналардан тұрады: өз халқына сүйіспеншілік, өз халқымен қан жағынан байланысын сезіну, шыққан тегін сезіну, тұрып жатқан өлкесі, ана тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, тарихи дәстүрі, психологиялық ерекшелігін сақтап, дамытуға, оны өз ұрпақтарына жеткізу мақсатын көздейді. Осыдан барып, патриотизмге тәрбиелеуді отбасынан бастау проблемасын көтереді. Бұл Кеңес Одағы кезінде де, бүгінде де әлі зерттеліп зерделенбеген, зерттеуді қажет ететін өзекті мәселе болып отыр.
Бұдан келіп туындайтын тұжырым: Б.Момышұлы ұсынған рухани ерекшеліктерді сақтау ұлттық патриотизмнің өлшемі деуге негіз бар. Жаңа қалыптасып келе жатқан жас мемлекетіміздің болашақ азаматтарын патриотизмге тәрбиелеуде, міне, осылар оның негізгі бағыттарын ұстануы керек. Ойымызды айқындай түссек, Б.Момышұлы айтып отырған белгілердің педагогикалық негізі тұлғаның патриоттық сана-сезімін қалыптастыру, патриоттық іс-әрекетін ұйымдастыру, мінез-құлқына патриоттық сипат беру балабақшадағы, мектептегі, жоғары оқу орындарындағы оқу-тәрбие ісінің өзекті мәселесі болуға тиіс. Бұл оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнынан бастама алып, сабақтан тыс тәрбиелік жұмыстарда жалғасуы орынды.
Жалпы тәжірибеде, өмірде адамға ықпал ететін білімдер, үлгілер сан алуан. Солардың ішіндегісі ең парасаттысы, өміршеңі – халықтың өзі жинақтаған тәлім-тәрбие жайлы білімдері. Себебі, бәріміз ұлттық тәрбиенің жемісіміз. Ал, армияға халықтық тәрбиені енгізу туралы алғаш сөз қозғаған офицер Б.Момышұлы десе болады. Б.Момышұлы өз сөзінде «Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен солдаттардың бойында жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде халықтардың басынан өткен жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүрлердің маңызы аса зор екеніне көзім жетті» дейді. Өз қолжазбаларының бірінде «Жігітті жауынгерлік қасиеттерге тәрбиелейтін қазақтың игі дәстүрлері» деп атап өткен.
Баршамыз Б.Момышұлының мазмұны терең нақыл сөздердің авторы екенін де білеміз. Қиын жағдайда жол сілтер сөздерін естіген әрбір қазақ баласы өзіне қажет күш-жігермен қаруланады. Әртүрлі мазмұнда жазылған нақыл сөздердің барлығы адамға терең ой, ерекше шабыт, қайсарлық сыйлайтын қасиетті сөздер болып табылады.
Мектептерде орта және жоғары оқу орындарында Б.Момышұлының шығармаларын терең зерттеп, оқыту процесінде тиімді қолданса, және Б.Момышұлының нақыл сөздері негізінде тәрбие сағаттар мен кездесулер жиі өткізілсе, жастардың әскери-патриоттық сезімдерін қалыптастыруға, әскери біліктілігін арттырып, ұлтжандылық қасиеттерін қалыптастыруға мүмкіндіктер болады.
Резюме
В статье рассматриваются позиции применения произведений Б.Момышулыв военно-патриотическом воспитании молодежи.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Б.Момышұлы. Қанмен жазылған кітап. Алматы, 1991ж.
- Б.Момышұлы. Ұшқан ұя. Алматы, 2000ж.
- Б.Момышұлы. Адам қайраты. Алматы, 2000ж.
- Б.Момышұлы. Москва үшін шайқас. Алматы, 2004ж.
Есіркепов Ж.М. – п.ғ.к.,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ доценті
С.Жұмағұлов,
Қызылорда қаласы,
«Қызылорда облысы білім басқармасының
Е.Әуелбеков атындағы «№ 4 облыстық дарынды
балаларға арналған мектеп-интернаты»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі»,
АӘД мұғалімі.