Home » Мақалалар » Бөбектердің сөйлеу тілін ойын технологиялары арқылы түзету

Бөбектердің сөйлеу тілін ойын технологиялары арқылы түзету

Балаларда грамматикалық сауатты, лексикалық мол, фонетикалық таза сөйлеудің қалыптасуы мектепке дейінгі мекеме және отбасы тәрбиесінің ортақ негізгі міндеттерінің бірі. Баланың дұрыс сөйлеуі мектепке дайындығының көрсеткіші және сауатты жазу мен түсінудің кепілі болып табылады. Сондықтан мектепке дейiнгi жаста дұрыс сөйлеу тәрбиесіне үлкен назар бөлу керек.

Қазіргі уақытта бұл мәселе мектепке дейінгі жастағы балалар арасында сөйлеу дамуының бұзылыстарымен азап шеккендер санының жоғарылауымен асқынуда. Дегенмен, мектепке дейінгі мекемелерде бірінші орынға дыбыстауды түзету ұсынылады, ал сөздің буындық құрамы және сөз арасында дыбыстарды ажырата білу дағдыларының қалыптасуына мән аса берілмейді. Осы аталғандар мектеп оқушыларында дислексия мен дисграфияның пайда болу себептерінің өзегі.

Көптеген отандық психологтер мен педагогтер фонематикалық процесстердің уақытылы қалыптасуының қажеттілігі мен маңыздылығын көрсеткен (Л.А.Венгер, Н.И.Жинкин, А.Р.Лурия, Н.Х.Швачкин, Д.Б.Эльконин). Балалардың сөйлеу тілін ойын технологиялары арқылы түзету бағыты бойынша көптеген әдебиеттер мен әдістемелік құралдардың болуына қарамастан, бұл мәселе бүгінгі күні әлі де өзекті сұрақтардың бірі болып табылады. Мәселенің ерекше мәнділігі логопедиялық түзету жұмысты оңтайландыруға жағдай жасайтын жаңа әдістер мен технологияларды ойлап табуға итермелейді.

Қазіргі таңда ойын технологиялары мектепке дейінгі білім беру үрдісінде кеңінен таралған. Мұндай таңдау кездейсоқ емес, себебі ойын мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі әрекет түрі болып табылады. Бүгінгі күні мектепке дейінгі білім беруді дамытудың маңызды міндеті мектепке дейінгі жастағы балаларда тілдік бұзылушылықтарын түзетудің тиімділігін көтеру.

Мектепке дейінгі мекемелердің алдында балаларды жан-жақты дамыту, мектепке дайындау міндеті тұр. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін балалардың тілін дамытудың түрлі формалары мен әдіс-тәсілдерін қалыптастыру және жүзеге асыру арқылы іске асады. Егер балаларды оқыту және тәрбиелеу үрдісінде ойын технологияларын неғұрлым көп қолданса, онда түзету процесінің тиімділігі артып балалардың сөйлеу тілі қалыптасады.

Ойын үстінде баланың түрлі қасиеттері, қабілеті мен белсенділігі де көрінетіні туралы аса көрнекті педагог А. С Макаренко былай дейді: «Ойында бала қандай болса, өмірде кәсіби қызмет саласында, көбінесе сондай болады». Сондықтан келешекке адамды тәрбиелеу- бәрінен бұрын ойын арқылы жүзеге асыралады. Ойын — балалар үшін айналаны танып, білу тәсілі.

Ойын – оқу үрдісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория. Сонымен бірге, ойынды мұғалім мен балалардың бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде қолдануға болады.

Ойын – балалардың оқуға деген ынтасын арттыратын құрал. Сондықтан, мектепке дейінгі жастағы балалар сабақ үстінде ойынды көп қажет етеді. Оларға пайдаланылатын ойындар оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай күрделеніп отырады. Ойын мотивациясы сабақ әрекетіне қарағанда басым болып келеді, бірақ оның маңыздылығы мектепке дайындық дағдыларының қалыптасуымен ерекшеленеді.

Ойын технологияларын бiлiм беру процесінде пайдаланудың даусыз артықшылықтары санына келесi маңызды сәттердi жатқызуға болады:

  • бала үшін ойын көрнекі, эмоционалды, бейнелі әрекет болып табылады. Бала өзін еркін және сенімді сезінеді. Жаңа білімдерді меңгеруге жағдай туғызатын орта;
  • баланың еңжарлығы мен әрекетсіздігін болдырмайды;
  • ойынның қызықты сюжеті, дидактикалық материалдар мен түрлі жабдықтарды қолдану ойынға енудің қосалқы бөлшегі;
  • ойын міндеттері мектепке дейінгі баланы нәтижелі білім алуға, оқуға деген оңтайлы ықыласын білдіруге ыңталандырады.

Баланың тілін дамытып, қалыптастыруда ойынның маңызы зор. Ойын технология арқылы баланың тілін дамыту жеңіл болмақ. Ойын баланың оқуға деген ынтасын арттыратын әдіс. Бүгінгі таңда дидактикалық, сюжеттік, спорттық, ұлттық және шығармашылық ойындарды пайдалану маңызды. Ойындар арқылы баланың дұрыс және ұғынықты сөйлей білуін, сондай-ақ, ойын жағдайлары арқылы олардың зейіні мен ынтасын арттыруға болады. Баланың тілін дамыту барысында ойын түрлерін және өзара сөйлесу үлгілерін қолданған дұрыс. Ойын барысында тәрбиеші баланың қатесін бірден түзетпейді, тек білдіртпей, өзіне ғана түртіп алады да келесі сабақта осындай қателермен жұмыс жасайды.

Сөйлесу қызметі — белсенді әрі мақсатты үрдіс. Бұл қызмет түрі серіктестің болуын талап етеді. Онда бірі сұрақ қойса, екіншісі жауап береді. Мектеп жасына дейінгі мекемелердің басты мақсаты — бүлдіршіндердің диалогтық қарым — қатынасы болып табылады. Балалар өз құрбыларымен сөйлесу арқылы тілін дамытады.

Сабақ үстінде жүргізілетін жұмыс түрлері, тақырыпқа сай алынған тәрбиелік мәні бар ойын элементтері балалардың ойлау белсенділігін керек етеді. Сондықтан мұғалім әр сабағында ойын түрлерін орнымен қолданып, оны қызықты ету арқылы олардың білімге ынта-ықыласын, пәнге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды мақсат етеді. Демек, мұғалім сабағын баланың қабілет-қарымына, психологиялық ерекшелігіне, мүмкіндіктеріне сай байланыста жоспарлау керек.

Ойын әдісі  ‑ балалармен жұмыс жасаудың негізгі әдісі. Ойын кезінде ғана дұрыс сөйлеу біліктігі мен дағдыларын меңгереді, сонымен қатар білімі кеңейеді және сабақтың мазмұның қызықты, эмоционалды, әсерлі өткізуге жағдай жасайды. Бала өз шеберлігін және шығармашылығын, бар білімін көрсетуге мүмкіндік алады.

Сонымен балалардың сөздік қорларын дамытуда ойындарды, тапсырма-жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы балалардың сөздік қоры дамып, ауызша сөйлеу машығын игереді, таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл-ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттер бойына сіңіреді.

Ойын технологияларын пайдалану түзету жұмысын қызықты және алуан-түрлі ұйымдастыруға, барлық оқу ағымында балалардың қызығушылығын жоғалтпауға, есте сақтау процесінің шапшаңдылығына, бағдарлама материалын толық көлемде қабылдау және түсінуге, келешекте мектеп бағдарламасын меңгеруге бағытталған сөйлеуді түзету процесін оңтайландыруға жағдай жасайды.

 

АБИЛЬДИНОВА Сания Сатыбаевна,

Павлодар қаласы

№33 сәбилер бақшасының логопед маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.