Мерейлі мезет
«Білектің дәуірі өтіп, білімнің заманы жетті. Дайынбысың, әлеумет?». XVIII ғасырда әз-Абылай бірді жығар қара күштен қауқары кетіп, мыңды жығар миллиондарды бас идіретін білім екендігін болжап кетті. Көсемді көреген демеске шара жоқ. Үш ғасыр өтсе де әлем білімдіге бас иіп отыр. Білімділігін мойындатқан, ғылымды кәдеге асырған мемлекет қана көш басында келеді. Соғыссыз-ақ ауызына жарты әлемді қаратарлық құдіретке ие. Ал дамыған мемлекеттермен тең дәрежеде қарым-қатынас орнату үшін әлемдік дәрежеде білім алмақ керек. Сондықтан да билік бюджеттен қомақты қаржыны білім саласына бөледі. Үкіметтің демеуімен бой көтерген білім ұясының бірі – Астана қаласы Сарыарқа ауданына қарасты №56 мектеп-лицейі. 2006 жылы алғашқы қоңырауы қағылған білім ордасы орта мектеп болып жұмысын бастаған-ды. Екі жылда мектеп ұжымы жұмыла жұмыс жасап, мектеп-лицей статусын иемденді. Әлбетте, бұл мандат сұрағанның қолына ұстата салатын арзан «шен» емес. Талмай тер төгуді, жүйелі жұмыс жасап, нәтиже көрсетуді талап етеді. Мектеп ұжымы сын сәтінен ең қысқа мерзім ішінде шыға білді. Тап осы тұста білім ошағын 10 жылдан бері басқарып келе жатқан мектеп директорының еңбегін елемеске болмайды. Жұмағазы Әзенұлы басқару менеджментін жетік игеріп, ұжымның ұйытқысына айналғандығының арқасында мектеп абыройы артып отыр. Бүгінде іргелі білім ордасында 1370 оқушыны 109 педагог білім нәрімен сусындатады. Оладың 48-і жоғарғы санатты болса, 21-і І санатты, 19-ы ІІ санатты ұстаздар.
Он жыл тарих үшін көп те, кем де емес. Ал сол 10 жылда №56 мектеп қандай нәтижеге жетті? Бүгінгі беталысы мен бағыт-бағдарын байыптасақ…
12 жылдан бері мектептің мәртебесі ҰБТ нәтижесімен айқындалады. Сондықтан әуелі орта мектеп «лицей» статусына қалай лайықталды соған тоқталсақ. 2006 жылы мектеп табалдырығын 1000-ға жуық бала аттады. Дәл осы жылы 11-сыныпты тамамдаған түлектердің 3-еуі «Алтын белгілерін» ақтап, мектеп мерейін асырды. 2007-2008 оқу жылын 1200 бала бастап, педагог қызметкерлер саны да артты. Бұл жылы «Алтын белгі» саны екі еселеніп 6-ға жетсе, 2 оқушы «Үздік аттестат» иемденді. Әуелгі жылдары ҰБТ-ның орта балы 85-ті құраса, кейінгі оқу жылдары 86, 87, 88 ұпайға жоғарылады. 2010-2011 оқу жылдары ҰБТ көрсеткіші 97 балға көтерілді. 2015 оқу жылын 63 түлек тамамдаса, биыл 89 оқушы білім ұясынан қанат қақты. Өзгелердей емес бұл мектепте тестілеуге негізсіз кірмейтін бала жоқ. Өткен жылы ұлттық науқанға 51 түлек қатысса, қалғандары халықаралық олимпиада жеңімпазы болғандықтан, мемлекеттік грант иегері атанған. Жалпы 10 жылда «Алтын белгіге» 17 бітіруші қол жеткізген.
Соңғы жылдары қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларына қатысушылар саны артқан. Он жылда мектеп оқушылары халықаралық деңгейдегі 109 медаль иемденген. Атап айтсақ, Грузия, Оңтүстік Корея, Бразилияда, елімізде өткен «Жас ғалымдар» байқауында оза шауып, топ жарған. Сол арқылы мектеп шәкірттері тек өз аттарын танытып емес, тұтас мемлекеттің мәртебесін көтерді. Дамушы ел саналатын, тәуелсіздігін алғанына енді ширек ғасыр толатын жас мемлекеттің келешегі кемел, болашағы баянды болатындығына өзгелердің көзін жеткізіп, мемлекеттігімізді мойындатып қайтты. Ал республикалық, облыстық, аудандық ғылыми жарыстар мен пәндік олимпиадаларда көш бастаған оқушылар өз алдына бір төбе. Республикалық ғылыми жобалардан – 37, республикалық олипиадалардың әр түрлі кезеңдерінен – 112 бала жүлде алған.
Шәкірт ұстазға қарап ой түзейді. Бұл тұрғыда білім ошағының ағартушыларына мін артылмайды. Керісінше мектеп мұғалімдері бәсекеге бейім, иновациялық-технологияны терең меңгеріп, білім берудің халықаралық стандарттарына сай жұмыс жасап келеді. Білім үйінде «Жаңалық жаршысы» қоғамдастығы құрылған. Қоғамдастыққа енген 25 мұғалім Кембридж бағдарламасы бойынша білім берудің жаңа үрдісіне көшкен. Деңгейлік бағдарлама негізінде жұмыс жасап, өз тәжірибесін үнемі өзгелермен бөлісіп отырады. Сол арқылы мектептің білім беру әдіс-тәсілдері өзгеріп, жаңа жүйеге түспек. Білімді һәм білікті ұстаздардан құрылған ұжым өткен жылы «Самғау-Астана» қалалық жергілікті қоғамдық бірлестіктің қорытындысымен «Үздік көшбасшы мектеп» номинациясын иемденді. Ұстаздар 10 жылда республикалық «Үздік мұғалім», «Үздік авторлық бағдарлама», «Үздік тәрбиеші», «Үздік жоба», «Ұлағатты ұстаз», «Үздік бейнесабақ» байқауларынының жеңімпазы, жүлдегері атанып жүр. Өткен жылы Райгүл Қаһарманова «Ұлағатты ұстаз» медалін иемденсе, биылғы жылы бұл төсбелгі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алма Наурызбаева мен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығы Алдажароваға бұйырды. Биыл мектеп директоры Жұмағазы Әлпішев «Қазақстан республикасының білім беру ісінің үздік қызметкері» медалімен марапатталды.
Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Айтжан Күзеков аталмыш мектепте дәріс береді. Ол 2014 жылы «Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының» күміс медалін иемденген-ді. Білім беру ісінде қырық жылдай тәжірибесі бар ағартушы 8-сынып оқушыларына арналған жұмыс дәптерін де дайындады. Айтжан Бекішұлының жобасы министрлікте мақұлданып, бүгінде қолданысқа енген. Сондай-ақ, 5-сыныптарға арналған «Технология» оқулығының авторы Мырзабай Қожахметов те тап осы мектепте шәкірттерді шеберлікке баулиды. Мектеп-лицей бірнеше жылдан бері жаратылыстану-математика бағытын тереңдетіп оқытып келеді. 5-8 сынып аралығы бейіналды сыныптар аталса, мұнан соң математиканың соңына майшам алып түсетін оқушылар іріктеліп оқытылады. Оған себеп математика пәнінің мұғалімі Қайрат Түсіпжанов «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында жеңімпаз атанып, есепті шешудің ең тиімді әдісін тауып, осы бағытта жұмыс жасауда. Қосымша сабақтар Қайрат Түсіпжановтың авторлық бағдарламасы негізінде өтіледі. Оның бағдарламасы ҚР білім және ғылым министрлігінде бекітіліп, бүгінде республикалық білім беру жүйесіне енген. Математик алдағы уақытта да өзінің авторлық бағдарламасын дайындап, отандық білім беру саласына үлесін қоспақ ниетте.
Білім берудің жаңа реформасына сай жаратылыстану пәндерін жоғарғы сыныптарға ағылшын тілінде беруге де әзірлік әлдеқашан басталып кеткен. Биология пәнінің мұғалімі Гүлнар Дәулетбекова жаңа талапқа сай 9 айлық оқу курсынан өтуде. Ағымдағы жылдың желтоқсан айынан бастап информатика, биология пәндерінің оқытушылары ағылшын тіліне бейіндеу курсына барады деп күтілуде.
– Жалпы қазақстандық орта білім беру жүйесіне енгізілген үштілділік, оның ішінде жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуды дұрыс бағыт деп ойлаймын. Себебі жаратылыстану пәндері нағыз ғылымның кені. Біз балаларымызды мектептен ғылымға, яғни білімді қай тілде де еркін алуға жағдай жасай отырып, келешегімізді кепілдендіреміз. Бүгінде балалардың ағылшын тіліне деген қызығушылығы жоғары. Жас ұстаздар да зейін қойса, ағылшын тілін жетік меңгеріп алады деген сенімдемін, — дейді мектеп директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Сәуле Амангелдіқызы.
Сапалы білім қомақты қаражатты қажет етеді. Мектептің техникалық базасы мықты болмай, оқулықпен ғана ғылымды игереміз, жаңаны үйренеміз деу жаңсақ. Сондықтан білім ошақтарының әлемдік стандарттарға сай техникалық жабдықталуы кезек күттірмейтін мәселе. Аталған мекеме 5 компьютер сыныбымен жабдықталған. Онда 175 компьютер жұмыс жасайды. 18 интерактивті тақта, 2 лингафон кабинеті және соңғы үлгідегі 2 смарттақтамен қамтамасыз етілген. Жаратылыстану бағытындағы пәндердің лабораториялық кабинеттері бар.
«Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы». Сол себепті бала бағбандары оқушыларды рухани толыстыру бағытындағы жұмыстарды да жолға қойған. Мектепте бірнеше жылдан бері «Абай-Шәкәрім» клубы жұмыс жасап келеді. Онда оқушылар дара тұлғалардың шығармашылығымен танысып қана қоймай, өз қабілеттерін де көрсетуге мүмкіндік алады. Клуб жетекшісінің ұйымдастырумен жеткіншектер қоғам және өнер қайраткерлерімен кездесу өткізеді. Мектептің мұрағат дәптерінде Ә.Таразидің, Н.Айтұлының, Н.Сабильяновтың, Т.Мұхамеджановтың, А.Сейдімбектің, М.Әбеновтың, Б.Имашевтің, т.с.с. ел алдындағы азаматтардың қолтаңбасы қалған. Тоғыз жылдан бері мектепте дәстүрлі түрде Ө.Сұлтанғазин атындағы аймақтық олимпиада өткізіліп келеді. Сондай-ақ «Кітапқұмарлар» үйірмесі бар. Еуразия ұлттық университеті мен ұлттық кітапхана, мұражаймен тығыз байланыс орнатқан үйірме мүшелері ақын-жазушылармен жиі жүздесу өткізіп отырады. Соның септігі болуы керек мектеп оқушылары Абай, Шәкәрім, Жамбыл, Махамбет оқуларында үнемі үздік үштік қатарынан көрінеді.
Мектеп жанынан құрылған вокалды инструменталды ансамбль де жүйелі жүмысын жүргізуде. «Жібек» би ансамблі өткен жылы Астана қалалық «Шаттық» фестивалінде жүлдегер атанып, көрермен көзайымына айналды. Ал «Актерлік шеберлік» сыныбы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік драма театрының актері Мұрагер Бекетовтың жетекшілігінде.
Футбол, баскетбол, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелеріне қатысушылардың да саны басым. Нәтиже де жоқ емес. №56 мектеп командасы республика көлемінде ұйымдастырылған мектеп оқушылары арасындағы футбол жарысында 3-орын иемденген. Яғни бұл он жылдық тарихы бар мектеп ұжымының бәсекеге бейім, жан-жақты бала талантын ашуда талмай еңбек ететіндіктерін дәлелдейді. Мектеп үш жылдан бері «Зерделі ғылым – жарқын болашақ кепілі» атты жинақ шығаруда. Онда мектептің мақтанышына айналған шәкірттердің жетістіктері жазылады. Және бұл бір жылдықтың қорытындысы іспетті.
«Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты». Ал біз тақырып еткен білім ошағы «сен тұр, мен атайын» шәкірттерді оқытып жатқандығын көз көрді. Демек он жылдық тарихы бар мектептің мақсаты айқын. Бағдары нық. Хош. Ел ертеңі үшін еңбек етіп отырған мектеп ұжымына табыс тілеп, айтулы даталарды тойлыйтын күн артсын дейміз.
Жазира ҚОҢЫРАТ
«Білім айнасы»
Түлек тілегі
Атыңды сенің құрметтеймін, алтын ұя мектебім, аяулы ұстаздарым! Биыл мектебімізге он жыл толып отыр, қуаныштымыз. Өткен күндерді сағынышпен еске аламыз. Баршамыздың сауатымызды ашып, білім нәрімен сусындатып, өмірге қанат қақтырған ұлағатты ұстаздар! Мен осы сәтті пайдалана отырып, барша ұстаздарға рахмет айтқым келеді. Мектебіміздің ұстаздары еңбегін елі үшін аямаған, панасында талай сан шәкірттерді саялаған, білімді, дарынды, керемет жандар деп айтсам, қателеспеймін. Ата-бабамыздан қалған сөз бар: “Ұстаз – ұстаз емес шәкіртсіз. Шәкірт шәкірт емес – ұстазсыз”. Сондықтан барлығымыз, ең алдымен, мектебімізді, ұстаздарымызды ешқашан ұмытпайық. Мен шын жүректен мектебіміздің басшысына алғысымды білдеремін. Жас талантты оқушыларға әрқашан қолдау көрсетті, көмек жасап демеу болды. Ұстаздар еңбегіне табыс, ізбасар оқушыларға зейін тілеймін!
Жанерке Төлен,
халықаралық журналистер одағының мүшесі