Home » Жаңалықтар » Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойына орай республикалық конференция өтті

Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойына орай республикалық конференция өтті

2018 жылдың 27 сәуірі күні Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ұйымдастыруымен қазақтың атақты ойшылы, қазақ ауыз әдебиетінің жарқын өкілі Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойына орай «Ұлы дала жырауы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Бұқар жырау – қазақтың ұлы жырауы,  XIX-XX ғғ. жоңғар басқыншыларына қарсы Қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы. Салмақты сөз, саналы пікір мен сабырлы кең арналы ойдың көсемі. Бұқардың біздің заманымызға жеткен 1200 тармаққа жуық жыр-толғаулары  – бүгінде өшпес қазына, өлмес мұра. Жырау – ғасырлар бойы халықтың өзі жасап сары алтындай сақтап келген ауыз әдебиетінің мол қазынасын бойына сіңіріп, өз заманына сай жыр-толғау жасай білген жеке классик, әдебиеттің атасы дерлік тұлға.
Ақын-жырауларды қазақ халқы ақылгөй атадай ардақтап, олардың ақыл-нақыл тұжырымдарын ынталы ықыласпен тыңдап қадір тұтады. Өлең-жырларында Отанды, халықты сүю, елдің береке-бірлігін сақтау, әділетті жақтау, жамандық-пасықтыққа қарсы тұру сияқты адамгершілік дәріптеліп отырды.
Жыраудың бұған дейін жарыққа шықпаған толғаулары, өмірбаянындағы жаңа деректер жайлы кеңесіп, оны жастарға насихаттау мақсатында бүгінгі конференцияға еліміздің жоғарғы оқу орнынан ғалымдар мен зерттеушілер, тарихшылар мен әдебиетшілер, журналистер мен мемлекет қайраткерлері  келді. Олар: Мақсат Алпысбес  — Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы; Аман Жанғожин – Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі облыстық ұйымдастыру комитетінің мүшесі, ардагер журналист; Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, қазақ әдебиеті кафедрасының ғалымдары: ф.ғ.д. Жандос Смағұлов, ф.ғ.д. Жансая Жарылғапов, ф.ғ.к. ҚарМУ-дың «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Айтбай Жұмағұлов, Бұқар-жырау ауданының мәслихатының хатшысы Әли Асхат, сонымен қатар ҚарМТУ оқытушылары, докторанттары, магистранттары қатысты.
Конференцияның құрметті қонақтарының арасында Бұқар бабаның тікелей ұрпақтары, асылдың тұяғы ардагер-педагог, халық ағарту ісінің озық қызметкері Ғалымтай Бақтияров, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, Қарағанды қаласының Достық үйі музейінің маманы Мүгілсім Шибаева; қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі,  ҚР Журналистер Одағының мүшесі,  «Балауса»  композиторлар Одағының мүшесі, сазгер, бұқартанушы Қалиасқар Шыныбектегі де болды.
Жалпы, конференция жинағына 100 материал, оның ішіндегі 30 мақала республикамыздың Астана, Семей, Арқалық, Жезқазған, Қарағанды қалаларындағы жоғары және орта білім беру орындарынан келіп түскен.
Конференцияны ҚарМТУ ректоры Марат Кеңесұлы Ибатов ашып, Ұлы дала жырауының бізге жеткен қымбат асыл мұрасын, шығармаларын насихаттау қажеттігіне баса назар аударып:

  • Бүгінгі біздің жиынымыздың негізгі мақсаты да халықтан шыққан қарымы кең, дана, заман ағымын барлап, сол күнгі тіршілік тәжірибесін ой таразысына сала, болашақты болжай толғаған жыраудың шығармаларын дәріптеу, оларды келешек ұрпаққа таныту, сол арқылы жастарды адамгершілікке, инабаттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, өткен тарихымызды зерделеу, ұлттық әдет-ғұрыптарды, рухани құндылықтарды үйрету, — деп тұжырымдады.
    Конференция соңында ғалымдар мен қатысушы қонақтардың бірауыздан қолдауымен жақын болашақта Бұқар бабамыздың 350-жылдық мерейтойын тойлауға арналған жергілікті іс-шараларды межелеп, қорытынды шешімдерге қол қойды.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.