Home » Мақалалар » Бұйрық мәнді сөйлемдердің қазақ поэзиясындағы  қолданысы

Бұйрық мәнді сөйлемдердің қазақ поэзиясындағы  қолданысы

Қазақ поэзиясында әр ақын халықтық сипатты өзіндік стиль ерекшелігімен, ырғақ, ұйқас өрімімен, өзіндік соны соқпағымен жырлады. 60-70 жылдар поэзиясы жайлы белгілі зерттеуші ғалым С.Қирабаев: «Бұл дәуірді лирикалық поэзияның жаңару, сілкіну кезеңі десе де болғандай. Жаңа адам бойындағы тың сапаларды аша отырып, лирика да рухани өсті, пафосын жетілдірді, өлең мәдениетін көтерді» деп баға береді.

Қазақ тілінде өзіндік стильдік қызметі бар бұйрықты сөйлемдердің бата-тілек сөздерде күшті көрінген тәсілдің бірі. Бата сөздер бүтіндей бір мәтін болғандықтан, оның тұрақты қалыптасқан тіркестері бар. Мысалы:

Ел басқарған ер азаматтың,

Бақ-тәлейі тасып тұрсын.

Абырой-атағы асып тұрсын,

Пәле-жаладан қашық тұрсын.

Әділдік безбенге түскенде,

Сары алтындай басып тұрсын!…

Мұнда «тұрсын» етістігі бір бата мәтінінің соңына дейін қайталанған, сол арқылы бата беруші ел басқарған ер азаматтың өмір құбылыстарынан сақтауды сұрайды. Сол сияқты бата сөздерінде «қабыл ет», «қыл», «бол», «сақта», «ет», «болсын», «берсін», етістіктері әр жолда қайталанып, әрі жетекші, әрі бұйыру қызметін атқарады. Бұлардың мағыналарында түрлену жүйелерінде ортақ сипаттар болумен қатар бір-бірінен ерекшеліктері де бар.

Құдайым, малды қыл,

Тең құрбыңның алды қыл.

Дегенмен, бұлардың қай-қайсысы болсын есімдермен тіркесіп, етістік жасауға бейім тұрады.

Академик З.Қабдолов былай түсіндіреді: «Мұндайда ой мен сыр шынында да біртүрлі есіле түйдектеп, еселеніп келеді де, алдыңғы ұғымның аяғы соңғы ұғымның басына қайталана келіп, өлеңге әсем әуез, әдемі әсер дарытқандай болады».

Асың, асың, асыңа

Береке берсін басыңа! – дегенде «ас» сөзі үш қайталанып қолданыс тапқан.

Тілек-бата сөздердің әр жолының соңында немесе әрбір ой ағымының аяқ жағында бұйыру жиі ұшырасады.  Бұйрық райлы етістіктер эпифоралық қайталаулар жасауға негіз болады, айтылар ойды аяқтап, үйлесімді ырғақ құрайды. Жиі қайталанатын мұндай эпифораларды төмендегіше топтастырар едік:

1)  «бол» бұйрық райлы II жақтағы етістіктің қайталануы арқылы жасалған эпифоралар:

Атың, атың, ату бол,

Ағайынмен тату бол,

Жаз кигенің құлпы бол,

Қыс кигенің түлкі бол.

2)  «болсын» бұйрық райлы III жақтағы етістіктің қайталануы арқылы жасалған эпифоралар:

Қайырлы бала болсын,

Білетін дана болсын.

3)  «қыл» бұйрық райлы етістіктің II жақ және III жақта қайталанып
келуі арқылы жасалған эпифоралар:

Е, құдайым, жарылқа,

Жарылқасаң малды қыл,

Біткен жұрттың алды қыл.

Бұған қас қылғанның

Малын алып, жарлы қыл.

4)  «ет» бұйрық райлы етістігінің II және III жақта қайталануы арқылы жасалған эпифоралар:

Жаз жайлауын жаусыз ет,

Қыс қыстауын қарсыз ет,

5)  «бер» етістігінің бұйрық райдың II және III жағында қайталануы арқылы жасалған эпифоралар:

Ғұмыр берсең жайлы бер,

Дәулет берсең қайырлы бер.

Әйелді сүйікті ғып бер,

6)  «сақта» етістігінің II және III жақтағы бұйрық рай түрінде келіп қайталануы арқылы жасалған эпифоралар:

Халқыңды даласымен сақтасын,

Еліңді данасымен сақтасын.

Жігітті панасымен сақтасын,

Жаманның жаласынан сақтасын.

Аталған етістіктер (ет, қыл, бер, бол, сақта) негізгі етістіктер түрінде де, күрделі етістіктің құрамындағы көмекші етістіктер түрінде де қайталанып қолданылады.

Алайда жай сөйлемдерді айтылу мақсатына қарай топтастыруда кейбір авторлар (О.Төлегенов) хабарлы, сұраулы, лепті деп үш топқа жіктесе, көптеген синтаксист ғалымдар (М.Балақаев, Р.Әмір, О.Күлкенова) жоғарыда талған төрт топты көрсетеді.

Біз осылардың  ішінен өз тарапымыздан  бұйрық рай арқылы жасалған тілек-бата сөздерге мысалдар келтірейік:

І жақ қатысты бұйрықты, іс–әрекетке жұмсауды –айын, –ейін, –ейік формалы етістіктерден жасалады:

Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің.

Ықыласпен қол жайсаң,

Ақ тілекті төгейін.

ІІІ жаққа қатысты бұйрықты білдіру үшін келсін, айтсын тұлғалы бұйрық рай етістіктер баяндауыш ретінде жұмсалады: Айтқаның келсін! Құдайдан тілегенің келсін! Тілегіңді берсін!

Ақылың ассын,

Ықыласың тассын,

Балаң үбірлі болсын,

Қызың шүбірлі болсын.

Бұйрықты сөйлемдер етістіктің шартты, қалау, ашық рай тұлғалары арқылы құрылады:

Қара қойың қозылы болғай,

Ойсыл қара жоталы болғай.

Жыл құрғатпай боталы болғай…

Бұйрықты сөйлемдер тілек, өтініш білдіру, жалыну мағынасында жұмсалады:

Е, жаратушы жасаған,

Тілегімді қабыл ет.

Иманымды кәміл ет,

ІІ жақтық бұйрық етістік баяндауыш сөйлемдер көбіне, бұйрық, талап, кейде үндеу мәнді болады:

Иә, патша құдай, әуелі өз кәріңнен сақта,

Шайтанның шерінен сақта,

Патшаның кәрінен сақта,

Қадамы қаттыдан сақта,

Қатты төнгеннен сақта,

Дос болып, қас болғаннан сақта,

Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта…

Тілек-бата сөздердің әр жолы бұйрық рай жалғауы жалғанған негізгі етістіктерден құралады. Мұнда бұйрық мән болғанмен, оның астарында бұйыру емес, тілек, қалау мәні жатыр. Мысалы, арыстанның айбатын бер… Оның коммуникативтік мақсаты қабылдаушы іс-әрекетінің жүзеге асырылуы болып табылады. Яғни тілек-бата сөздердің бұйрық мәнінде берілуі — болашақ іс-әрекеттің орындалуына деген тілекті білдіреді. Сол сияқты алған баталары арқылы ойының жүзеге асатындығына иландыру мақсатын көздейді, тыңдаушыға айрықша көңіл бөлінеді.

Қорыта айтқанда, тілек-бата сөздерінің өзіне тән грамматикалық құрылым-құрылысы бар екенін, қайталау амалының – бата жасаудағы күшті тәсіл екендігі, аталған сөздердің бұйрықты сөйлемдермен бұйрық мәнді формалармен берілгенімен, мазмұны бұйыру емес, қалау мәнді болып келетіндегі мысалдармен дәлелденді.

 

М.Т. Рахымова,
Астана қаласының Көлік және коммуникация колледжінің
қазақ тілі және әдебиеті пәнің оқытушысы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. -Алматы: Ана тілі, 1992. -448 б.
  2. Орта оқу орындары мен мектептерге арналған оқулықтарға, кейбір әдістемелік ғылыми құралдарда бұйрықты сөйлем жеке қарасырылмай келді: Бегалиев Ғ., Сауранбаев Н. Қазақ тілі грамматикасы. –Алматы: ОҚБ, 1948. -144-148-беттер; Сауранбаев Н. Қазақ тілі. -Алматы: ОПБ, 1958. -150 бет; Хасенов Ә. Жай сөйлемдер синтаксисін оқытудың кейбір мәселелері. -Алматы: ОПБ, 1957. -180 б.
  3. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. -Алматы: ҚазССР-нің Ғылым баспасы, 1966. 198-204-бб.
  4. Амонжолов С. Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқа курсы. -Алматы, 1940. 134 б.
  5. Балақаев М. Современный казахский язык. Синтаксис простого предложения и словосочетания. –Алма-Ата :Изд-во «Ғылым» АН КазССР, 1959. -211 с.
  6. Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. -Алматы: Мектеп, 1961. -340 б.
  7. Ерназарова З.Ш. Сөйлеу тілі синтаксисінің прагмалингвисткалық аспектісі. –Алматы, 2001. -193 б.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.