Егеменді елімізді дүние жүзі елдерімен терезесі тең болатын дәрежеде өркендететін, негізгі тұтқасын ұстайтын, дүние әлемін шарлайтын біздің дарынды да қабілетті ұландарымыз екені баршамызға мәлім. Олардың бойындағы дарынын қабілетін дамыту – ұстаз, ата-ана және қоғам қауымының міндеті.
Тұлға дегеніміз – сезімнің, әсердің, ішкі күйініш-сүйініштің бойға жинақталған көрінісі. Алайда, әр тұлғаның эмоциялық сезім дүниесі әр басқа. Біреу жауыздықты көргенде айғайлап, бақырып, ішкі сезімінің сыртқа шығуына еркіндік берсе, екінші біреу іштей булығып, көгеріп-сазарып, тас-түйін болып қатып қалады. Бұл әр тұлғаның эмоциялық сезімі өзін-өзі ұстай алу еркіне байланысты құбылыс.
Жеке тұлғаны өздігінен білім алуға баулу – оны ғылым мен мәдениетке үйрету, білім, қарым-қатынас ережелерін, әлеуметтік тәжірибені меңгерту. Бұл аталған мiндеттердi iске асыру үшiн тілдік тұлғаның құндылық бағдарын қалыптастыру маңызды. Жеке тұлғаның құндылық бағдары ұлттық сана, отансүйгіштік қасиеттерінсіз іске аспайды. Құндылық бағдар дегенiмiз – бұл қазiргi уақытта жеке тұлғаның құндылыққа бағдарланған ой-санасы, пікірі, көзқарасы, сенімі, iскерлiгi, iшкi мүмкiндiгi. Құндылық бағдар тіл үйренушінің оқу-танымдық әрекетiне түрткi болып, тіл үйренуіне ықпал етедi, ол оқу әрекетінiң құрамдас бөлiктерiне тiкелей байланысты, мақсаттың орындалуын анықтайды. Құндылық бағдар – жеке тұлғаның белгiлi бір әлеуметтiк құндылықтарды мақсат етiп ұстауы, адамның қоршаған ортаға, құндылықтар тобына деген карым–қатынасы. Жеке тұлғаның таңдаулары құндылық бағдарлар жүйесiне бiрiгедi.
Адамның даму үдерісі өмір бойы тоқтамайды. Тұлғаның құндылық бағдар жүйесi «адамның өмiрлiк әлемi», «әлемнiң бейнесi», әлеуметтiк ортаның iшкi нұсқаулары, нормалары, уәждемелік қажеттiлiк өрiсi, адам белсендiлiгiнiң негiзгi реттеушiсi болып табылады. Құндылықтар құрамына күнделікті қалыптасқан нормалармен бірге, ерекше жоғары мәнге ие болған талаптар да енеді және олар әрбір мемлекет үшін маңызды. Себебі, құндылықтар әлемі – адамның рухани әрекетінің саласы, тұлғаның рухани байлық өлшемін білдіріп, оның адамгершілік санасын, басымдылықтарын анықтайды.
Тұлғаның қалыптасу бағыттары:
1.Мәдениет адамсыз жасалмайды. Адамның дамуы мәдениетке тікелей байланысты. Жеке ұлы тұлғалардың ғылыми жаңалықтары бір жағынан санада төңкеріс жасап, ғылымды дамытса, екіншіден сол арқылы қоғамда ғылыми-техникалық төңкеріс жасалып, материалдық игіліктерді молайтады. Мәдениет — адам қызметінің жемісі, ол адамның қажеттерін өтеуге негізделген. Мәдениет пен өркениеттілік деген екі ұғым бір-біріне өте жақын. Бірақ бір емес. Өркениеттілік деген термин үш түрлі мағынада қолданылады. Оны кең көлемде алған алғашқы қауымдастық құрылыстан таптық қоғамға көшу одан таралу мағынада — бір қоғамдық формацияда екінші қоғамдық формацияға көшу, тар мағынада — әрбір елдің өз алдына даму ерекшеліктері, айталық, көшпенділер өркениеті, үнді өркениеті, Вавилон өркениеті т.б. Мәселен, ертеде өмір сүрген Платон, Аристотель, Конфуций, Мұхаммед, Сократ, Әл-Фараби т.б. ұлы ойшыл ғұламалардың ой-пікірлері – бүгінгі ұрпаққа да ой салатын, рухани қажетіне жарата алатын қазына.
2.Ұлттық шығармашылық. Адамзаттың ұлт ретінде қалыптасуы, ұлттың шығармашылық әлеуеті де әр жеке тұлғаның шығармашылық деңгейімен анықталады. Сондықтан зерттеушілер өркениетке жетудің жолын әр адамның шығармашылық қызығушылық деңгейімен, жаңашылдық болмысымен байланыстырады. Мысалы, Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби “Бақытқа жол сілтеу” атты трактатында адамның бақытқа жетудегі бірден бір жолы – адамның ой белсенділігі, интеллектінің дамуы, логикалық жаттығулар мен сабақтар нәтижесіндегі шығармашылық ізденістері деген тұжырымдары зерттеліп отырған мәселенің әрқашанда, әр заман талабына сай туындап отыратындығы және оның өміршең, үздіксіз процесс екендігінің дәлелі. Өз заманында сан алуан ғылым салаларын меңгерген ғұлама ақын Жүсіп Баласағұн өзінің “Құтты білік” атты дастанында жан-жақты дамыған адамды сипаттауда “толық пішінді” ұғымын қолданып, оған жетудің бірден-бір жолы ғылым, білім екенін айтады.
3.Инновациялық креативті білім беру. ХХІ ғасыр білімі деп батыл санауға болатын инновациялық креативті білім беру екендігі бәрімізге мәлім. Инновациялық креативті білім беру – қазіргі мектептерде оқытудың шығармашылық қызметі сапасын анықтайтын, жаңаны тану мен жасауға бейімделу арқылы танылатын әрбір жеке тұлғаны қалыптастыруға бағыттайтын интеллектуалдық процесс болып табылады.
Бақытжан Кульшикова
«№78 мектеп-гимназия» КММ
Бастауыш сынып мұғалімі
«Білім беру саласының үздігі»
Астана қаласы