Home » Мақалалар » Бүлдіршіндер ана тілінде сөйледі  

Бүлдіршіндер ана тілінде сөйледі  

Мемлекеттік тілге құрмет мектепке дейінгі ұйымдардан басталуы тиіс.  Қыркүйектің 12-сі күні Оралдағы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның кіші залында өткен «Бала тілі – бал» сайысы – соның дәлелі.
Тіл айлығы аясындағы шараны Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. Сайысқа балабақшалар мен мектеп жанындағы шағын орталықтардың тәрбиеленушілері қатысты.
Шараны құттықтау сөзбен ашқан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұханғалиев алда Қазақстан халқының тілдері мерекесі атап өтілетінін жеткізді. – Тіл айлығы осы мейрам қарсаңында ұйымдастырылуда. Елбасымыз балалардың алаңсыз білім мен тәрбие алуына барлық жағдайды жасауда. Бүгінгі кеш – осындай бақытты балалық шақтың жарқын көрінісі. Оларға ана тіліміздің қадір-қасиетін бүгіннен бастап ұғындыруымыз керек, – деді Қуанышбек Жанболатұлы. Ұйымдастырушылардың мақсаты – мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, ана тілінде сөйлеу мәнерін балалардың бойына сіңіру.

Сахнаға көтерілген бүлдіршіндер патриоттық бағытта мәнерлеп өлең оқу, суретке әңгіме құрастыру, балаларға арналған әндер орындау, жаңылтпаш айту кезеңдері бойынша сынға түсті. Жасандылықтан ада, болмыс-бітімі шынайы бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салып, көременді сүйсіндірді. Байқау соңында жеңімпаздар марапатталып,  бас жүлдені иеленген Оралдағы №6 «Шолпан» бөбекжайының тәрбиеленушісі Алан Рахметқали облыстық кезеңге жолдама алды. Сонымен қатар жүлделі 1-орынды №12 «Аленушка» бөбекжайынан Дина Ахметова, 2-орынды – №17 «Родничок» бөбекжайынан – Бексұлтан Айдынов пен №18 «Балдырған» бөбекжайынан Вероника Щурихина, 3-орынды – №15 «Ақбота» балабақшасынан Бейбарыс Мағзомғали мен №30 «Гүлдер» МдҰ-нан Іңкәр Мұрат иеленді.

Ләззат ҚАЖЫМ
Орал қаласы, БҚО 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.