Елбасымыз «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында «Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау» деген. Жалпы білім беретін орта мектептерде инновациялық технологиялар бағдарламасын батыл енгізу – уақыт талабы.
Соның дәлелі 2016 жылы О.Жұмабеков атындағы ЖОББМ базасындағы Тірек мектебінде робот техникасы зертханасы ашылып, «Мектептегі білім беру кеңістігіне енгізу» жобасы аясында «LEGO MINSTORMS EV3» конструкторларымен жабдықталған болатын. Осыған сәйкес 5-9 сыныптар арасында робот құрастырумен айналысатын екі топ (әрбір топта 12-15 оқушы) құрылды. Оқушылар сабақтан тыс уақытта аптасына 4 сағат робот техникасымен айналысады.
Робот техникасы зертханасының басты мақсаты оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру, инженерлік және бағдарламалау қабілеттерін дамыту, коммуникативті қабілетін шығармашылық тұрғыда көтеру.
Алматы қаласында өткен «Қазіргі заманғы мектептердегі робот техникасының рөлі мен орны. Робот техникасын мектептің білім кеңістігіне енгізу» атты республикалық оқу семинарына Т.Бөгенбаев қатысып, арнайы сертификатқа ие болды.
Бүгінгі уақытта бұл жұмыстын алғашқы нәтижесі көрінуде. Атап айтатын болсақ, 2016 жылдың сәуір айында Қарағанды қаласында республикалық «Roboland-2016» фестиваліне, «Механикалық сумо 15х15», «Зияткерлік сумо 15х15», «Кегельринг» аталымдары бойынша кокурстарға 9-сынып оқушылары Әділ Мағазұлы, Нұрғазы Қайыржанов, 7-сынып оқушысы Баһадүр Байбековтар арнайы сертификатқа ие болды. Осындай фестиваль биылғы жылда да өзінің жалғасын тапты Аудандық жарысқа 14 оқушы қатысты. Оның ішінде «бастаушылар» тобынан 8, «жалғастырушылар» тобынан 6 оқушы қатысты. Жарыс «Механикалық сумо 15х15», «Зияткерлік сумо 15х15», «Кегельринг», «Кегельринг квадро», «Лабиринт» номинациялары бойынша өтті.
Аудандық ғылыми жобалар байқауында «Роботты шаруашылықта пайдалану» тақырыбындағы жобасы үшін Ә.Мағазұлы 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Қарағанды қаласында өткен «WRO» форматы бойынша облыстық робот техникасы олимпиадасына Ә.Мағазұлы, Б.Байбек қатысып, ынталандыру сертификаттарын иеленді.
Келешекте осы бағытта оқушылардың робот техникасына қызығушылығын арттыру, алған білімдерін іс-жүзінде қолдануға үйрету, өздерін нағыз инженер ретінде сезіну мақсатында биылғы жылы 9 мектептен робот техникасы зертханаларын ашу жұмыстары жүргізілуде.
Елімізде «Робототехника негіздері» бөлімдерінің мектептерге арнайы енгізілгені де – жағымды жаңалық! Мұның өзін жаңа ғасырдың бағалы бастамасы деп ұққан жөн.
Б.Ташимбаева
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданының
білім бөлімінің әдіскері