Home » Мақалалар » Айжан Хусайнова. Бүгінгі түлек – ертеңгі тірек

Айжан Хусайнова. Бүгінгі түлек – ертеңгі тірек

 «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?!» — деп қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезов айтпақшы, Тараз қалалық №56 орта мектепте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Бүгінгі түлек – ертеңгі тірек» атты ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Ашық тәрбие сағатында 11 сынып оқушылары осы мектепті 2007 жылы үздік тәмамдаған түлегі, бүгінде республикалық, ғылыми-танымдық «Білім Айнасы» газетінің Жамбыл облыстық меншікті тілшісі Жансая Пернебаевамен жүздесіп, еліміздің жастар саясатындағы оқу-білім, тәлім-тәрбие ісі туралы пікір алмасты. Cонымен  қатар,  Елбасы Жолдауы талқыланып, жастар жағы елдің болашағы революциялық жолмен емес, эволюциялық жаңару жолында деп ой қорытты. Елбасымыздың мақаласы аясында ұйымдастырылған ашық тәрбие сағатында аталған орта мектептің 11 сынып оқушыларының жетекшілері Алишерова Гаухар мен Қырықбаева Мақпал шәкірттеріне бағыт-бағдар сілтеп, жиынды ашық деп жариялады. Рухани жаңғыру аясында ұйымдастырылған аталмыш іс-шараға орыс тілі және әдебиеті пәнінің ұлағатты ұстазы Ынтықбаева  Айгүл де қатысты, орыс тілінің тәжірибелі маманы республикалық басылымның тілшісі Жансая Пернебаеваның бұрынғы сынып жетекшісі ретінде жалындаған жастарды қанаттандырып, оқушыларға жүрекжарды ақ тілектерін жеткізді. Мектеп оқушылары Ә.Әбүйірбеков, Ө.Абдрахманов, Б.Жақаев Жансая Пернебаеваға алдағы ҰБТ мен өмірдің сындарлы сынағы жайында сауалдар қойып, жастар жүрегіндегі көкейтесті мәселелерді қаузады. Аталған білім ордасының 2007 жылғы түлегі сауалдарға толықтай жауап беріп, биылғы жылғы ҰБТ сынағынан сүрінбей өтуіне сәт-сапар тіледі! Сонымен қатар, мектепке келген журналист қандай жағдай орын алса дағы, өмірдің барлық сынақтарына төзімді болуы адамның санасының рухани жоғарылығын білдіретіндігін жеткізіп, тәлім айтты. Іс-шара қызықты өтіп, 11 сынып оқушысы Әбүйірбеков Әміржан Жансая Пернебаеваға өз жүрегінен әдемі қара өлең шығарып, қошеметке ие болды.

P.S. Осы орайда Елбасының мақаласында айтылғандай, соқтықпалы соқпақсыз өмірде білімнің салтанат құруы арқылы еліміздің әлеуетінің жоғарылауына түрлі бағдарламалардың үлес қосып келе жатқандыңын айта кетіп, жаңғырудың даңғыл жолы «Рухани Жаңғыру» екендігін түсінейік, ағайын! 

 

Хусайнова Айжан Зайдуллаевна,
№16 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі
 директордың орынбасары,
Тараз қаласы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.