Home » Айтарым бар » БІР МИНУТ

БІР МИНУТ

Қазірде алғашқы мектеп сыныптарында оқитын балалардың ата-аналарында бір проблема бар. Бұл – сол сынып мұғалімдерінің де басты мәселесі. Баланың жауапкершілігіндегі осы екі жақтың (ата-ана, мұғалім) да аузындағы сөз мынау: «Баламның оқу жылдамдығы нашар! Не істеймін?» Расында проблема, себебі оқу үлгерімі сонымен өлшенеді. Әрі білімнің бәрін оқу арқылы алатындықтан, басты проблема болатыны да түсінікті.

Жылдам оқу. Шынында, бұл әдістеме шетелдерде тереңнен зерттеліп, мамандары кәсіби қалыптасып қойған. Әрине, бізде де жоқ демейміз, бірақ арнайы айналысатындардың енді ғана көзге ілігіп келе жатқанын мойындауымыз керек. Мәселен, ағылшындарда, Еуропа елдерінде жақсы жолға қойылған. Осы тақырыптағы видеожаттығулар мен дәрістерді оқырмандар ғаламтордан кез келген уақытта қарап, кеңес ала алады. Олар мұны қоғам үшін жүктеп қойған. Бұған «You tube» каналынан «fast reading method», «to speed reading» деп қарап, тауып алсаңыз-ақ көз жеткізесіз.

Оқушы күнімізде ежіктеп оқитындарды мұғалім сабақтан соң алып қалып, оқытатын. Қазір мұндай қосымша істі арнайы орталықтар қолға алған. Бірақ өз жұмысына қоса алып жүрген ұстаздарымыздың бар екеніне шүбә келтірмейміз.

Бір қызықтың шетін шығара кетейін, бұл – ересектердің арасында да қордалағанған мәселе. Неге дерсіз? «Толстой минутына пәлен сөз оқыған, Напалеон осынша мың кітапты тауысқан» деген түстегі нәтижелерді біздің кітапқұмарлар да өңінде көргісі келеді. Бірақ соның дөп, нақты жолына түсе бермейді. Әрине, қызығатын әрекет, себебі 200 беттік кітапты 2 сағатта тауысып тастау кімге ұнамасын.

Проблеманы ортаға тастағаннан кейін одан шығуға жол сілтегеніміз жөн болар. Бұл арқылы сіз өз бетіңізше балаңызды, тіпті өзіңізді жетілдіре аласыз. Айта кетейін, ұсынған дүниенің барлығы «Жылдам оқу» әдістемесін кәсіби меңгерген, зерттеген, іс жүзінде қолданып жүрген мамандардың кеңесі. Осы кеңес бойынша 2-сынып оқушысын арнайы экспериментке алып, төмендегі үш бөлімнің тармақтарымен тәжірибеден өткіздім. Алғашында 22 сөз оқитын бала 20 реттік дәрістен кейін 48-50 сөз оқитын болды.

Кіріспе.

  1. Дайындық. Бала берілген кітапты оқығанда өзге нәрсені ойлап отырады, сондықтан оның зейінін тұрақтандыру керек. «Сен тамақ ішіп не ойын ойнап отырған жоқсың, өзгені ойлама, бар назарыңды кітапқа аудар! Сонда сыныптастарыңнан алда боласың!» деген нұсқаулық беріңіз.
  2. Уақыттың қадірі. «Бір минуттағы әр секунд – кем дегенде саған 2 сөз оқуға берілген» деп түсіндіру керек.
  3. Саннан – сапаға. 1 минутта 100, шамасы жетсе, 200 сөз оқыған жақсы, әлбетте, бірақ оның мағынасын жан-жақты ұғына білген онан да жақсы.

Негізгі.

  1. Көзбен есте сақтауды дамыту. А) Бір қағазға пішіндерді кеңістікке қарай салып шығыңыз, балаға көрсетіп, үш секундта қайта жауып қоясыз. Қағаздағы бейнелердің орнын есте сақтап үлгеріп, дәл солай салып беру керек. Бұл жаттығуға түрлі картиналарды қолдана беруге болады. Ә) Кітаптың (ыңғайлысын таңдай білу қажет: ертегі кітаптар, әңгімелер жинағы, ең абзалы баланың оқулығы) ішіндегі үлкен әріптермен не өзге түспен ерекшеленіп жазылған сөзді (тақырыптарды алуға болады) оқып, жазу.
  2. Пайымдау. Көздің көру аймағын кеңейту. Екі қарындашты алып, кез келген пішінді салып, екі қолмен бірдей бояу керек. Сонда көз екі қолдың жұмысын бірдей бақылауға дағдыланады. Екі қолдың біреуі тоқтап қалмауын, бірдей жұмыс істеуін және көздің екі қолға кезек-кезек емес, тұтас қарауын қадағалау қажет.
  3. Іздеу. Бір беттік мәтіннен әуелі бір сөйлемді, кейін тіркесті, соңында бір сөзді тауып беруді тапсырыңыз. Бұл оқуға тек көздің ғана емес, мидың жұмысын қосуға септігін тигізеді. Өйткені сөзді көз тек іздейтін болса, сөзді табу үшін оның мағынасын есте сақтау арқылы ми іске қосылады.
  4. Дуэт. Музыкалық терминнің не қатысы бар? дейсіз ғой. Баламен екеуіңіз бірдей мәтінді шығарып аласыз. Екеуіңіз дуэт болып оқисыз, әуелі оның оқу жылдамдығымен оқыңыз, ақырындап тез оқуға көшесіз. Сізге ілесу керек.
  5. Жаңылтпаш. Жылдам оқуға жұмыстанған істің жарты салмақ жүгін бір өзі арқалай алады. Мұны міндетті әдетке айналдырыңыз, нәтижесін өзіңіз анық көресіз. Ол үшін күніне бір жаңылтпаш жаттатыңыз. Жеткілікті. Бірақ бір күн жатталмай не бір күн екеуін жаттау деген болмайды. Тәртіп.
  6. Минуттан – секундқа. Бір минутқа жаттығып қалған психологияны қозғау керек. Алдымен баяғы әдетінше бір минутқа оқытыңыз да, әрі қарай 50 секунд, 40, 30 секундқа оқуға жаттығады. Уақыт мөлшері азайған сайын адам психологиясы соншалық жанталаса бастайды.
  7. Саусақ. Саусақпен жүргізіп оқу сөзден, жүйеден, қатардан жаңылмау үшін ғана емес, жылдамдықты үдету үшін де көмек. Саусақтың жылдамдығымен оқып үлгеруді үйрету керек. Бірте-бірте саусақтың жүруін жылдамдата бересіз.
  8. Жоғалту. Бізде жоқ болса, жоғалса ғана қайтып оралмайтынымызды мойындайтын психология бар. Мысылы, кітаптағы бүкіл мәтін көз алдымызда тұрғандықтан, кей сөздерге қайтып ораламыз, қате оқығаннан не түсінбегеннен. Ал, ол сөздердің жоғалып отыратынын алдын ала білсек, сондай көзқарас қалыптастырсақ, бірден дұрыс әрі түсініп оқып қалуға тырысамыз. Осы нәтижеге жету үшін түсті, болмаса ағаш сызғышпен (кітап бетіне қойғанда астындағы әріптер көрінбеуі керек) оқып болған сөзіңізді жауып отырыңыз. Сызғышпен сөздерді жоғалтуды біртіндеп жылдамдата бересіз.
  9. Сөздік қор. Сөздік қоры аз адам кездескен таныс емес сөзді ежіктеп оқиды. Өйткені оған өзі түгілі көзі, танымы тұрмақ тілі үйренбеген. Уақытты осыдан жоғалтады. Бір сөзге жоғалтқан 5 секунд дәл осы уақыт ішінде 8-10 сөзді оқып үлгеретін мүмкіндікті өзімен бірге жұтып жібереді. Бұған танымдық дүниелерді, тарихи киноларды көру, театр қойылымдарына бару, аңыз-әңгімелерді, көркем әдебиетті оқу көп көмектеседі. Мысалы, балаға күніне бір ертегі оқытыңыз.
  10. Шашыраған әріптер. А) Сөздердегі әріптерді бірден жинап алуға, тіпті сөйлемді тұтас көруге жаттықтырады. Бір параққа әріптерді шашыратып жазғызасыз, әріптердің әрқайсысына барып отырып, сөз құрау қажет. Ә) Әріптері тігінен (сөздегі әріптер жоғарыдан төмен немесе төменнен жоғары орналасқан) жазылған сөздерді оқу. Б) Сөздерді кері оқу.

Қорытынды. Бәрі сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындалу үшін тез оқудың жаттығуларын күнделікті өмірге енгізіп жіберу керек. Мәселен, балаға титрмен деректі фильмдерді, аударма жасалған мульфильмдер мен жасына сай, қызықты киноларды (астында кейіпкер сөздері шығып, жоғалып отыратын) көрсетіңіз. Тағы бірі, көлікте, автобуста кетіп бара жатқанда сөздерді балаға оқып қалуды үйреткен де пайдалы. Жылдам, көңілді, заманауи болғанымен айтары бар, мағынасы жақсы, қазақи рэптерді де айтқызуға болады. Қысқасы, осы үш бөлімді әрекеттерді орындап отыруды күн тәртібінің кестесіне мықтап енгізіңіз.

Мұның бәрі сіздің ойлаған межеге жетуіңіз үшін берілген кеңес, жүргізілген зерттеу, жасалған сараптама. Қажетіңізге жараса, біздің мақсатымыздың орындалғаны, ал мұндай нәтиженің болатынын өзгелерге де айтып, бөліссеңіз – мақсатымыздың екі есе орындалғаны.  Бар мақсатымыз – қазақ балаларын алға сүйреу. Биіктерді бірге бағындырайық.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.