Рахима Махметова, биология және география пәнінің мұғалімі:
Рахима Махметова Қарағанды облысы, Ұлытау ауданындағы №1 Ұлытау орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі. Білім беру саласына 36 жылын арнаған ағартушы бүгінде зейнеткерлік жасында. Кеңестік білім беру жүйесін көзімен көріп, егемен елдің жаңа бағытымен білім беріп жүрген, яғни, кешегі мен бүгінгіні салыстыра алатын білікті ұстазбен сұхбаттасудың сәті түскен еді оқыңыз, ой қорытыңыз.
– Рахима Октябрьқызы, әңгімеміздің әлқиссасын бейнеті һәм зейнетті салаға қалай келдіңіз содан бастасақ.
– Мен Ұлытау ауданына қарасты Қаракеңгір деген ауылда орта мектепті тамамдадым. Сол кезде өзім үлгі тұтып қатты құрметтейтін ұстаздарым болды. Математика пәнінен М.Донбаев деген ағай сабақ беретін. Ол кісінің білімділігі мен талапшылдығы, адамдығы өзінше бір тақырып. Физика пәнінен Биғайша апай беретін еді. Есімде осы кісілердің есімі ерекше сақталыпты. Бұл кісілерден басқа да білімді, өз саласының нағыз мамандары бізге тәлімгерлік етті. Сондықтан болар сол кісілерге ұқсап мұғалім болуды армандадым. Сірә біздің уақытта қазіргідей мамандықтың мыңдаған түрі болмағандықтан да болар, ұстаз болу мен үшін ең биік бедел-ді.
– Отыз алты жыл ағарту саласында жұмыс жасадыңыз. Нәтижеңіз, жеткен жетістігіңізге көз жеткізсек.
– Білім берумен қатар шығармашылықпен айналыстым. Авторлық бағдарламалар жасадым. 2002 жылы «Ұлттық тән саулағы» деген авторлық бағдарлама жасап, оны тәжірибеден өткізіп, «Қарағанды» баспасынан оқулық етіп шығардым. 2006 жылы «Биотехнология, биохимия пәндерінің қолданбалы курстарының әдістемелік құралдарын» дайындадым. 2003 жылы ІІ республикалық, облыстық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, «Мектеп ұлттың мәдениетін сақтаушы» деген тақырыпта баяндама әзірлегенім үшін Қарағанды облыстық білім департаментінің грамотасын алдым. Біреше рет облыстық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, «Биотехнология таңдау курсының алатын орны» тақырыбында баяндама жасадым. 2011 жылы Қарағанды облысының білім жетілдіру институтында өткен «Қазақстан республиксында азаматтық білім беру мазмұнының жаңаруы арқылы адамгершілік рухани тәрбиені дамыту және қалыптастыру» атты ғылыми-практиалық конференцияға қатыстым. 2011 жылы «Биология және салауаттылық негізі» деген тақырыпта республикалық ғылыми-педагогикалық журналда мақалам жарияланды. 2014 жылы республикалық VII Марғұлан оқуына қатысып, «Оқушының шығармашылығын дамытудағы бейіналды оқытудың маңызы» тақырыбындағы баяндамам жинаққа енді. Оқушыларым облыстық «Сарыарқа дарынынан» бірнеше рет жүлделі орын алды. Мәселен, 2008 жылы А.Таймағабетова облыстық «Сарыарқа дарыны» пәндік олимпиадасының І орын иегері атанды. 2011 жылы аудандық олимпиададан Б.Жағыппар үздік танылса, араға жыл салып, облыстық олимпиададан ІІ орынды иемденді. Тап осы «Сарыарқа дарыны» аймақтық олимпиадасынан 2014 жылы Б.Айдан 3-ші, 2015 жылы Т.Тұрсын 2-ші, 2016 жылы Т.Сабиғазов 2-ші орын алды. 2011 жылы Қ.Есмағанбетова мен А.Кенжебаев «Жас зерттеушіледің шағын ғылыми академиясының» ІІ, ІІІ деңгейлі мектептен тыс ғылыми зерттеу жұмыстарының облыстық байқауында «Ұлытау дәрілік өсімдіктері» тақырыбыда ғылыми-жоба қорғап, мақтау қағазын иеленді. Сонымен қатар сол жылы С.Ибрагим «Аршаның емдік қасиеті» тақырыбында ғылыми жұмысын көрсетіп, марапатталды. Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми жобаға М.Сайлау «Жасыл дәріхана» тақырыбындағы жұмысын ұсынып, ІІ орыны алды. Жыл басында Л.Н.Гумилёв атындағы Евразия Ұлттық университетінде өткен «Ұлытау өңірінде туризімді дамытуға арнаған ғылыми конференцияға» Ә.Бөрібайева қатысып 2-орын алса, Н.Орынбек «Алғыс хатпен» марапатталып қайтты. Оларды дайындағаным үшін мен «Алғыс хатпен» марапатталдым. Соңғы екі жылда С.Ибраева мен Б.Айдан «Алтын белгіге» лайық екендіктерін дәлелдеп шықты. 2014 жылы ауданның «Үздік мұғалімі» атандым.
– Ұстаздық ғұмырыңызда неден ұттым, неден ұтылдым деп ойлайсыз?
– Мен барымды білім беру саласына арнадым. Балалардың тақырыпты ғана танып қоймай, зерек ойлай алатын деңгейге жеткенін қаладым. Сол жолда жұмыс жасадым. Алайда еңбегім өз дәрежесінде бағаланбады. Мәселен республиакалық масштабта ұстаздар бейнетіне сай берілетін, бағаланатын сый-құрмет көп. Бірақ соның біріне қолым жетпеді. Ғылыми жұмыстардан бөлек түлектерді ҰБТ-ға дайындап та, олимпиадаларға апарып та жатырмын. Жеткен жетістіктерімізді жоғарыда айтып өттім. Тестілеу көрсеткіші үнемі 70, 80 пайызға дейін білім сапасын көрсетеді. Сол төккен тердің мемлекеттік тұрғыда таразыланбағанына өкпелімін. Ал ұстаз болып ұтылдым дей алмаймын. Билік марапаттауға бейіл болмаса да, ел мерейімді асырып жатады. Оқушылар мен ата-аналар, ел елеп-ескеріп құрметтейді. Қайсібірі болмасын ауылға келгенде арнайы амандасып, жағдаймыды біліп кетеді. Соның өзіне төбем көкке жеткендей қуанып қаламын. Ең бастысы бір жапырақ қағаздан елдің құрметі қымбат. Жеке жұмыстарыммен қандай да мекемеге барып қалсам, шәкірттерім жүгіріп шығып, тірлігімді тындырып береді. Сонда іштей «мен ауданның әкімінен де артық екенмін ғой» деген ой келеді.
– ҰБТ-де талапкерлер таңдау пәні ретінде биологияны көп таңдайды. Неліктен? Биологияны жеңіл пәнге жатқызуға бола ма?
– Биология жеңіл пән емес. Тек биологияны таңдау арқылы қабылданатын мамандық көп. Мәселен, медицина, ветеринария, санитария, педагогика, психология, экология, тағысын-тағылар. Сондықтан балалар жиған балымызға қарай реті келген бір мамандыққа түсерміз деген ниетпен де биологияны таңдайды. Биология арқылы мамандық алудың да, оқуға түсудің де мүмкіншілігі жоғары. Мәселен географияны таңдайтын түлектердің саны саусақпен санарлық. Оны тек «Алтын белгіге» үміткерлер таңдамаса, көбі таңдай бермейді. Себебі, ондағы мамандықтарға бөлінетін грант саны аз және конкурс балы жоғары. Сондай-ақ, биологияны таңдау арқылы қабылданатын мамандықтарға деген қазіргі кезде сұраныс жоғары. Шет аймақтарда дәрігерлер, мал дәрігерлері жетіспейді. Сондықтан да бұл салаларға мемлекеттік қолдау көп болғандықтан бітірушілер биологияны таңдап, ЖОО-на түсуді құп көреді.
– ҰБТ форматы өзгермек. Көзқарасыңыз қалай?
– Бұл енді екі жұмыс болмақ. Кеше ғана жаңалықтардан жарыса айтып жатыр. Алдымен балалар мектепте аттестат үшін 5 пәннен сынақ тапсырады. ҰБТ-да тағы 5 пәннен тест тапсырмақ. Бұл біріншіден, бала психологиясына әсер етеді. Екіншіден сыбайлас жемқорлыққа жол ашады. ҰБТ енгенше солай болмады ма? Ел таныс-тамырын жағалып, қорасына қарайлайтын болады. Алдында айтқандай тек екі пәннен тапсырса бір мәнісі болар еді. Енді тағы бес пән болмақ. Бап емес, бақ шабатын сынақ күтіп тұрған сынды.
– Бұдан 20-25 жыл бұрынғы оқушы мен қазіргі оқушының білімге деген қызығушылығы мен бейінін бағамдасаңыз?
– Қазіргі уақытта балалар көп уақытын интернетпен жоғалтады. Сонымен қатар бүгінде білім беруде жаңа технология, жаңа әдіс деп интерактивті тақтаны, ананы-мынаны қосып жатырмыз. Ал ол бала тұрмақ мұғалімнің өзіне «шпор». Ұстаздар да соған дәнігіп алған. Білімді бойына сіңіріп оны ойынан шығарып балаға жеткізбейді. Сол дайын асқа тік қасық салып, қарап тұрып жаңа тақырып өтеді. Мүмкін бұл балалардың көзбен көру арқылы есте сақтауына оң әсерін тигізер, алайда уақытша дүние. Білімі жоқ мұғалімге қолайлы амал. Сондықтан бұрынғы оқушы мен қазіргі баланың таным-түсінігі жер мен көктей. Ақпараттық ағымға ілесіп келе жатқан балалар көп жағдайда оқуға жүрдім-бардым қарайды. Сақтау қабілеттері төмен.
– Білім берудің жаңа реформасы бойынша жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде өтуге дайындық басталып та кетті. Жаңа жүйеге тәжірибелі маман ретінде қосып-аларыңыз бар ма?
– Қазақ тілінде биологияны, математиканы игере алмаған баланың оны ағылшын тілінде игеріп кетеді дегенге сенбеймін. Бұл жерде пәнді қай тілде оқуды баланың таңдауына қалдыру керек. Арнайы сұрыпталған сынып ашылуы керек. Қабілетті балалар ғана ағылшын тілінде, мықты маман болса оқуына болады. Өз туған тілінде пәнді меңгермей отырған оқушыны қинап партаға отырғызып қойғаннан ешкім ұтылмаса ұтпайды. Ағылшын тілінде сабақ беретін болады деп мұғалімдерді арнайы оқытып жатыр. Тіпті тілді бес жылда жетік игеріп шықпаған кадрлар бар. Ал оны жасы отыздан асқан мұғалім он күнде, алты айда қалай, қайдан игермек?.. Тіпті ол көрсетілген мерзімде еркін қарым-қатынас тілін үйреніп алса қуантарлық жағдай. Ал ғылым тілін бірнеше айда бойына сіңіріп алу ертегі. Бюджет қаржысы босқа желге ұшып жатыр.
– Жалпы бұл реформа он жылдан соң жүзеге асады дегенге де келіспейсіз бе?
– Қанша уақыт салсақ та мұғалім емес балалардың өзі бұл пәндерді ағылшын тілінде оқуға дайын болмайды. Себебі әр баланың өзіндік қасиеті, қарым-қабілеті бар. Бірі тілді игеруге икемді болса, бірі есепке не өнерге бейім болады. Сондықтан мұны бәріне міндеттемей ерік берілуі керек. Сонымен қатар қазірден ЖОО-ында ағылшын тілді маман әзірлеп шықпаса, қазіргі мұғалімдер 100 пайыз дерлік жаңа реформаға сай емес. Ол өз ойын, білген-түйгенін оқушыға ағылшын тілінде жеткізе алмаса, қандай білімді, біз күткен бәсекеге бейім шәкірт шықпақ?!
– Мектепте жылда оқулық жыр…
– Иә, оқулық жылда ауысады. Оқулықта қате көп. Мысалы, 9-сынып оқулығында «мысалмен танысытырайық» деген де мысал жазылмаған. Көмірсудан бөлінетін энергия оқулықтарда екі түрлі көрсетіліп жүр. Сол сынды қателіктер жеткілікті.
– Мектептегі сізді толғандыратын мәселе?
– Расы керек, бүгінде педагогикалық мамандықтарға ҰБТ-дан төмен балл алған түлектер түседі. Ұстаз болуды армандап, мамандық таңдайтындар ақиқатында аз. Ал мектепте нашар оқыған бала, университетте жақсы оқып кетпейді. Емтиханын ақшамен жауып, таныс-тамырмен дипломды сатып алады. Салдарынан сапасыз кадр қарасы артады. Ал жас маманды мектептер еш сынақсыз қабылдайды. Сол үшін педагогті жұмысқа алмас бұрын сынақтан өткізген жөн. Қолындағы қағазына емес, санасындағы саңлауына зер салу керек.
– Бүкпесіз сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Жазира ӘКІМ