Home » Білім және тұлға » Бірінші мақсатымыз — денсаулық пен білім

Бірінші мақсатымыз — денсаулық пен білім

Жақсының жақсылығын айт жобасы бойынша

Тоты Сланбекқызы Тілегенова Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл аулында дүниеге келді. Мемлекеттік қызметкерлер отбасынан шыққан қарапайым кейіпкеріміз Ақкөл орта мектебін 1993 жылы бітіріп, анасына ұқсап педагог болуды мақсат тұтқан екен. Әкесі Талас ауданының құрылыс саласын ұзақ жылдар басқарып, зейнетке шығып, «Талас ауданының құрметті азаматы» атанды. Анасы ауыл мектебінде 40 жылдан астам физика пәнінен сабақ беріп, үлкен абыроймен зейнетке шыққан. Ал, Тоты Сланбекқызы Жамбыл университетінің «Педагогика және психология» мамандығын тәмамдаған.

«Қазіргі оқушылар саналы, ізденімпаз, білімге құштар, жаңашылдыққа жаны құмар. Біздің мектептің білім алушылары облыстық, республикалық білім сайыстарына қатысып тұрады. Атап айтсақ республикалық «Ақбота», «Кенгуру», «Пони» сайыстарынан жүлделі орындар иеленген.
Біздің мекеменің атауы Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы балалар санаториясы. Санаторияның жанында орта мектеп бар. Мектебімізде 90 ға жуық бала білім алып, тәрбиеленуде. Біздің мекемеде ем қабылдаумен қатар оңалту бөлімі жұмыс істейді. Ата-анасы ем алып жатқандықтан, балалары бізде білім алуда. Бізде жоғары білімді ұлағатты ұстаздар еңбек етеді. Біз балалардың денсаулығына үлкен мән береміз. Балаларға жан-жақты жағдай жасалған. Барлық емдік процедуралары жұмыс істейді. Балалардың психологиялық толыққанды жетілуі үшін ұстаздар мен тәрбиешілер тарапынан үлкен іс-шаралар атқарылады. Атап айтқанда: балаларды мұражайға апарып, саяхат сабағы өткізілді. Ойын-сауық орталықтарына және саябаққа да бүлдіршіндерімізді апарып тұрамыз. Эстафеталық жарыстар өткізіледі. Барлық мерекелер балалармен бірлесіп өткізіледі», — дейді кейіпкеріміз өзі қызмет етіп жүрген мекеме жайында.  Бұл мекеме балалардың білім алуы мен денсаулығына ерекше мән береді. Өйткені, жастардың сапалы білім алуы үшін ең алдымен денсаулығы мықты болуы қажет. Сондықтан да жоғарыда аталған мекеме бала денсаулығы мен білімінің лайықты деңгейге сай болуы үшін айтарлықтай үлес қосуда. Ал кейіпкеріміз басты мақсатымыз – денсаулық пен білім деген қағиданы ұстанады.

Иә, бүгінгі таңда білім саласында көптеген реформалар жүзеге асырылуда әлі де көптеген іс-шаралар жоспарланып, міндеттеліп жатыр. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Сондықтан да бұл мәселе турасында білім саласында абыроймен қызмет етіп жүрген кейіпкеріміздің пікірін сұрастырған едік. Ол: «Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Әсіресе, қазақ ұлты үшін ұлт болып сақталу үшін өзіміздің түбіміздің тілдік түп нұсқасы латын қарпінде. Қазақтың мықты зиялы қауымдары бүкіл әдебиеттің жауқазын жырларын осы латын қарпінде жазған. Қорыта айтсам,  латын қарпіне көшу арқылы біз түпкі қазақ тілімізді қайта жаңғыртамыз», — деп, аз да болса саз етіп жауап қатқан еді.

   P.S. Міне, білім — таусылмайтын кен демекші, бүгінгі заманның өзі кез келген тұлғадан қашан да ізденімпаздылық пен сол білімді іс-жүзіне асыра білу қабілеттілігін талап ететіндігін бүгінгі кейіпкеріміз айтып тұрғандай.

Жансая Құрманғалиқызы,

Білім айнасы,

Тараз қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.