Home » Мақалалар » Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін

Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін

Қазіргі жаһандану үдерісі әрбір мемлекеттен дарақылықты емес, жинақылықты талап етеді. Кез-келген елден етек-жеңін жинап, ауыз бірлікте, ұйымшылдықта өмір сүруді қажет етеді. Бүгінгі таңдағы болып жатқан алпауыт елдердің арасындағы алауыздық әлемдік экономиканың қалыпты дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Сондықтан сол алпауыт елдердің тайталасының арасында тапталып қалмау үшін елдігімізді, егемендігімізді сақтап қалу үшін ауыз бірлікте, ынтымақта еңбек етуіміз керек.
«Аққу, шортан һәм шаянның» кебін кимей еліміздің ертеңі үшін ерінбей еңбек ету әрбір отаншыл азаматтың басындағы міндет. Заман ағымына сай көштен қалмай отыра өз бағытымызды анықтап алған жөн. Өзіміздің сара жолымызды қалыптастырып алмасақ жаһандану деген аждаһаның аранында жұтылып кетуіміз әбден мүмкін.
Елбасымыз Н.Назарбаев біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанда «Мәңгілік ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық  түйістіру деп алдымыздағы мақсатымызды айқындап берді. Сол бағыт-бағдардан адаспай алға қадам баса беруге тиіспіз.
«Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктер» деп президентіміз жолдауында айтқандай экономикамызды жаңаша саясатқа көшіруміз қажет. Сол мақсатқа Үкіметке тың тапсырмалар берді. «Жүз нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасын ұсынды. Ол бағдарлама  2016 жылдың 1қаңтарынан бастап жұмыс істей бастайды.Онда мемлекетіміздің нығаюы үшін қажетті көптеген мәселелер оң шешімін тапқан. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы    28 пайызға дейін, білім беру – 29 пайызға  дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға  дейін арттыру бар. Мемлекеттік қызметшілердің табысы 30 пайызға дейін көтеру көзделуде. Студенттердің шәкіртақысында 30 пайызға көтеру жоспары бар. Жұмысшы кадрлардың санын көбейтуге де басымдық берілуде. Техникалық мамандарды көптеп дайындау да бағдарламаға енген. Және де басқаға көптеген игілікті бастамалар Ұлт жоспары бағдарламасында қамтылған. Ендігі қалғаны елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатын іске асыруға ел болып « бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып атсалысу.
Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ  болашағы  сияқты ұлы құндылықтар  ғана мәңгі қалады. Қазақта «хан кетеді, халық қалады» деген ұлағатты сөз бар. Сондықтан Тәуелсіздігіміздің тұғырынан таймауы үшін, егеменді елдің еңсесі түспеу үшін, ата-бабалар аңсағандай Мәңгілік ел болып қалу үшін барша жұрт бір кісідей ниеттес, тілектес болуы керек. Сонда ғана алдымыздан кездесер неше алуан қиындық, белестерін белінен басып, биіктерге өрлей береріміз анық!
Рухымыз биік, еңбегіміз ерен, бірлігіміз мықты Мәңгілік Ел болуымыз керек. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз деп ойлаймын.
Біздің тірегіміз –тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік, жүрегіміз – Қазақстан.

Орынгул Кирлешова
Маңғыстау энергетикалық колледжі
Ақтау қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.