Home » Мақалалар » Білім – құнсызданбайтын капитал

Білім – құнсызданбайтын капитал

Тәуелсіз елдің негізгі тірегі – білімді ұрпақ. Кезінде алаштың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастау керек»,- деп көрегендікпен айтып кеткен. Сан ғасырдан бері саналы ұрпақ дайындап, әлем көшінен қаламай келе жатқанымыз әмбеге аян еді.

Қазіргі жаңартылған білім беру мазмұны деген үлкен реформаның бастауы оқулықтарды түбегейлі өзгертіп, саны бар, сапасы жоқ кітаптар шығаруға әкеліп соқты. Әр ата-ана баласы сауатты жаза алатын, ежектемей оқи алатын, әлемдік бәсекеге төтеп беретін салиқалы, сауатты ұрпақтың өскенін қалайды.

Сауатты ұрпақ тәрбиелеуге қазіргі жаңартылған білім мазмұнының қауқары жете ме? деген күмәнді ой мені мазалайтынды шығарды. Неге? Бұл сауалдың жауабын көпшілікке ұсынғым келіп отыр.

Ол сауалдың басы мәртебесі жағары қазақ тілінен бастауымыз керек.

7 сыныпқа арналған қазақ тілі оқулығы. Авторлары Г.Қосымова, Р.Рахметова. (Алматы, «Атамұра», 2017).

Аталмыш кітаптың 1 -2 сабағының тақырыбы: Ғаламтор тарихы. 3-4 сабақ Ғаламтордың пайдасы мен зияны. 5-6 сабақ Әлеуметтік желіні пайдаланамын… осылай жалғасып кете береді. Осы тақырыптардың соңында берілетін тапсырмалар одан да сорақы.

Сонда 7 сынып оқушысының оқып үйренетін қазақ тілінің заңдылықтары қайда қалды. 7 сынып оқушысының алдыңда грамматиканың үлкен бір саласы «Морфология» күтіп тұратын. Оқушы әр сөздің мағынасын терең түсініп, оған жалғанатын қосымшалардың дұрыс қалай жалғанып тұрғанын, сөзді бөлшектегенде қосымшалардың қайдан немесе қалай пайда болғанын білуге үйренетін еді. Қазақ тіліндегі 9 сөз табының заңдылықтарын үйрену арқылы дұрыс жазып, дұрыс сөйлеуге машықтанатын. Сөзге бір қосымша дұрыс жалғанбаса сол сөздің мағынасының өзгеріске ұшырайтынын әрбір сауатты адам біледі. Екі сөздің басын қазақша қосып сөйлей алмайтын жоғарғы лауазымды көкелерден басқа.

Ұрпақтың аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін шешен болып өсуіне тағы бір үлкен мектеп – ол ұлылар мектебі.  Оқушының оқылым дағдысын қалыптастыруда қазақ тілі пәнінен «Климаттық өзгерістің зардаптары», «Ауа ваннасы» деген тақырыптан көрі М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді берілгені дұрыс деп ойлаймын. Қазақтың ақын-жазушыларының, би-шешендерінің, мақал-мәтелдерінің құнының осыншалықты жоғалып кеткені ме? Бұл қайғы менің ғана емес, бүкіл қазақ елінің қайғысы болуы керек деп ойлаймын. Тілі де шығып үлгермеген балаға үш тіл үйретіп, аюға намаз үйреткен таяқтың күнін кештірдік.

                  

  «Білім – құнсызданбайтын капитал» деген сөздің құны да қалмаған сияқты. Әлі де кеш емес, білімді ақшаның құлына емес, құнына айналдырайық.

 

 

Көкбасқызы Жазира
«Білім айнасы»
СҚО, Қызылжар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.