Home » Білім және заң » БІЛІМ САЛАСЫНДА ТАҒЫ ДА ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕР

БІЛІМ САЛАСЫНДА ТАҒЫ ДА ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕР

Биылғы 2017-2018 оқу жылы білім беру жүйесіне 5 күндік оқу аптасы, сабақ ұзақтылығын 40 минутқа қысқарту, мектептерде Қамқорлық кеңестерінің қызметін қайта жандандыру тәрізді бірқатар өзгерістерін ала келді.

Бұл жөнінде нақтырақ мәлімет алу үшін Павлодар қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Гульсина Шайдулловна Шиндлярскаямен әңгімелескен едік.

Гульсина Шайдулловна, соңғы жылдары білім саласы көпшілікті тың жобаларымен таң қалдырып, қоғамның талқылау алаңына айналғаны мәлім. Биылғы жаңа оқу жылы да жаңа өзгерістермен басталды. Жалпы, 5 күндік оқу аптасы туралы не айтасыз, бұл қаншалықты міндетті және несімен тиімді?

Иә, биылдан бастап, республика көлемінде барлық жалпы орта білім беру мекемелері, соның ішінде Павлодар қаласының 1-11 сыныптары да 5 күндік оқу аптасына көшті. Бірақ, бұл жүйеге көшу-көшпеу мәселесі тек мектеп әкімшілігі, Қамқоршылық кеңес және ата-аналар комитетінің келісімімен жүзеге асады. Айта кетерлік жәйт, бұл тосыннан шығарылған жаңалық емес, білім беру саласы мамандарының ұзақ уақыттан бері жан-жақты талдау, талқылауынан өткен ұсыныс. 5 күндік оқу аптасының әдеттегі, 6 күндіктен айырмашылығы, ол – мұғалім мен оқушының уақытын үнемдеу, сабақтың тиімділігін арттыруға негізделген. Яғни, аптаның 5 күнінде негізгі сабақтар қамтылады да, алтыншы оқу күніне вариативті компоненттер, яғни қосымша сабақтар мен үйірмелер қойылады. Оқытуды ұйымдастырудың бұл әдісі оқушылардың бос уақытының артуына, олардың ата-анасымен неғұрлым көбірек уақыт өткізуіне мүмкіндік береді. Сабақ кестесі апталық жүктемеге сәйкес құрылады. Осыған байланысты бір күнде 6 (3-4 сыныптарда), 7 (5-7 сыныптарда), 8 (8-11сыныптарда) сабаққа дейін өткізілуі мүмкін. Сонымен қатар, бұрын екінші, үшінші сабақтан кейін болатын 20 минуттық қоңырау 5 минутқа қысқартылды. 1-2 сыныптарда апталық жүктеме (24-25 сағат) 5 күнге толықтай бөлінген, сондықтан оқушы сенбі күні мектептен тыс үйірмелерге қатысуына немесе бұл күні мектепке мүлде келмеуіне де болады.

Білім беру мекемелерінің «Жаңа оқыту мазмұнына» көшуіне байланысты не айтасыз

2016-2017 оқу жылында алғаш білім беру жүйесіне енгізілген бұл жобаға тек 1 сыныптар ғана қатысқан болатын және нәтижесі де жаман болмады. Ал биыл оған 1, 2, 5, 7 сыныптар қосылды.
Сабақ ұзақтығы 40 минут болып қысқартылды. Бұл оқушылардың сапалы білім алуына кері әсерін тигізіп жүрмей ме?
Жоқ, керісінше, оқушылардың уақытын үнемдейді және өткізілетін сабақ саны типтік оқу жоспарына орай жүзеге асырылады. Мәселен, егер кесте бойынша 5 пән жоспарланған болса, оқушының 25 минуты үнемделіп, үйге 25 минутқа ерте қайтады. Сондай-ақ, 5-11 сыныптарда қосарланған сабақтар өткізуге рұқсат етілген. Мұның да өзіндік тиімді тұстары бар. Яғни, мұғалім сабақтың бір кезеңін екі рет қайталауға мәжбүр болмайды. Оқушының үй тапсырмасы да, орындауға берілетін уақыты да белгілі бір деңгейге дейін шектеледі. 1 сыныпта үй тапсырмасы берілмейтінді, өзге сыныптарда үй тапсырмасының орындалу уақыты 2, 3 есеге азаяды. Мысалы, 2 сыныпта – 50, 3-4 сыныптарда – 70, 5-6 сыныптарда – 90, 7-9 сыныптарда – 110 және 10-11 сыныптарда – 130 минуттан аспауы тиіс.
Мектептерде құрылғалы жатқан Қамқоршылық кеңесінің құрамында кімдер болады және оның мақсат-міндеттері қандай?
Қамқоршылық кеңесі бұрын да болған, тек қазір оны қайта жаңғырту қарастырылып отыр. Оның құрамында мектеп директоры, ата-аналар, кәсіпкерлер, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, баспасөз қызметкерлері де болуы мүмкін. Оны құру және оның мүшелерін сайлау туралы шешімді мектеп әкімшілігі бекітеді. Қамқоршылық кеңесінің міндеті – мектептегі мемлекет, жеке және заңды тұлғалар есебінен түскен қаржылық қорды басқарып, оқу-тәрбие ісіне барынша белсенді атсалысу.
Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз табысты болсын!

 

Айгүл МОЛДАШ,
«Білім айнасы» газеті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.