Home » Эссе » Білім саласындағы өзгеріс мені де өзгертті

Білім саласындағы өзгеріс мені де өзгертті

«Әлемді өзгерткің келсе, өзгерісті өзіңнен баста» — деп қытай данасы Конфуций айтқандай, мен осы тақырып бойынша өз ойымды айтқым келеді. Қазіргі кездегі басты мәселе – білім беру мазмұнындағы жаңартуларды енгізу және білім беру саласына тиімді өзгерістер енгізу.  Қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бір сарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз.

Бүгінгі таңда білім беру үдерісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар мектептерде болып жатқан тың жаңартулар, ауқымды өзгерістер мен ғылыми зерттеулер білім беру қызметіне жаңаша серпінмен қарауды, әрі қол жеткен табыстарды бағалай отырып, болашақ мамандардың шығармашылық қабілетін дамытуды, оқытушы іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды көздейді.
Осындай талапқа сай қызмет істеу үшін алдымен мұғалім өзінің теориялық және әдістемелік білімін ұдайы толықтырып, үздіксіз ізденуі, өз мамандығын барынша жетілдіру және қызмет саласындағы жаңалықтар мен озық тәжірибесін үнемі пайдалануы тиіс. Үздіксіз іздену – бүгінде мұғалімдерге қойылып отырған басты талаптардың бірі. Менің ойымша, мұғалім шеберлігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – ғылыми жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік игеру. Өйткені, білім берудің ұлттық модуліне көшкен қазіргі мектепке ойшыл, зерттеуші, практикалық үйлестіруді шебер меңгерген психолог, іскер мұғалім қажет. Бұрынғы оқушы – тыңдаушы, орындаушы болса, ал қазіргі оқушы – өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек. Сондықтан, жаңа білім алу үрдісі оқытушы мен оқушыға шығармашылықпен жұмыс жасауға итермелейді, себебі оқушы білімді өздігінен іздену арқылы алу керек болса, мұғалім оқушының білім алуына себептер, жағдайлар тудыру керек. Ол үшін мұғалімнің сабақты жан-жақты дайындауы қажет, сабақ үстінде қандай болмасын оқушы тарапынан әртүрлі сұрақтар туындау мүмкін сол жерде мұғалім қажетті бағдар беріп жіберуіне тура келеді.

Қорыта келгенде, жаңа білім беретін мектеп ұстаздарының алдындағы ең биік меже – әр пәннің өз мазмұнынан туындайтын сан алуан әмбебап тәсілдерді рет-ретімен жүйелеп, шәкіртінің санасына ұмытылмастай етіп сіңдіру. Сонымен қатар жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану мұғалімге оқу процесінің құрылымын түбегейлі өзгертуге, оқушылардың дүниетанымдарын кеңейтуге және жеке қабілеттерін көре біліп, оны есепке ала отырып дамытуға толық жағдай жасауға мүмкіндік береді. Елімізде түбегейлі өзгерістер орын алып отырғанда келешек ұрпағымызды білімді етіп тәрбиелеу – қасиетті парызым деп білемін. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек қой.  Сол себепті білім саласына енгізіліп отырған жаңалықтардан қалт қалмай, ілгері жылжуымыз қажет, ол тың еңбекті, терең білімді қажет етеді. Сондықтан мен бұл заманауи талапқа сай жүйелі жұмысқа өзімнің де күш-жігерімді аямай салуға міндеттімін және атсалысуға дайынмын деп айта аламын.

Куандыкова Гульжан Амалбековна,
№ 97 ЖОМ атындағы Сураншы батыр мектебінің тарих және география пәні мұғалімі,
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам Ауданы,

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.