Home » Мақалалар » Білім саласындағы өзгерістер талабы

Білім саласындағы өзгерістер талабы

Кешегі алған білім бүгін ескіріп жатқан әлемдегі қарқынды  өзгерістер,  еліміздегі білім  беру  жүйесін өзгерту қажеттігін талап  етіп  отыр.
Бүгінгі таң білім саласындағы үлкен дүрбелең —  даму таңы.
Тәуелсіздік  алғалы бері  еліміздің  білім  саласына бірнеше  өзгерістер енгізілген болатын. Оқушылардың тест арқылы жоғары  оқу  орындарына түсуі, МАБ (қазір ОЖСБ) сол өзгерістердің бір көрінісі.
ХХІ  ғасырдағы білім берудің мақсаты   оқушының пәнді терең түсіну  қабілетін дамыту, алған білімдерін  мектептен  тыс  жерде, кез-келген жағдайда тиімді пайдалана білуді меңгерту. Осыған сәйкес қажырлы еңбек етіп, ескіше көзқарастан алшақтап, жұмысты жаңаша орындау үшін уақыт талабы бізді өзгертті. Білім саласы қызметкерлеріне алдағы  мақсаттарға жету үшін көп ізденіп, тынбай еңбек ету қажет.
Әлем өзгеруде. Қазіргі сәтте өзгеріссіз қалу өте қауіпті. Өйткені, мына жылдам  өзгеретін әлемде  келешек ұрпаққа бағыт  беріп отыратын білімді, жаңашыл да жанашыр ұстаз қажет.
Бүгінгі  таңдағы  педагогика  жаңалықтарын  екшеп,  пән  ерекшелігіне  қарай  қолдана  білуден  ұтарымыз  көп, жеке тұлғаға  бағытталған  білімнің  бүгінде  нәтижесіз  болмайтындығы  тәжірибе  жүзінде  дәлелденді. Үнемі оң  нәтижеге  қол  жеткізу  үшін  алдағы уақытқа мақсат  қойып, заман  талабына  сай  білімді,  дүниетанымы  кең,  шығармашылық  қабілеті дамыған  жеке  тұлға  қалыптастыруда мектеп мұғалімдеріне сапалы әдістемелік көмек көрсетуді негізге алудамыз.
Әйгілі  зерттеуші  Л.С.Выготский  « Дәстүрлі  оқыту  бала  дамуына  тек  қондырғы  болып,  дамуға   стихиялы  әсер  етсе,  яғни,  дамудың  соңында  жүрсе,  жаңаша  оқыту  дамытуды  өзімен  бірге  ала  жүреді»  деген  болатын. Сондықтан мектеп мұғалімдері өз сабағында тек  дәстүрлі  оқытумен  шектеліп  қалмай,   әрқашан  ізденісте  болып,  өзіне  және  шәкірттеріне  тиімді  жақтарын  қарастырып  отыруы  тиіс. Сол мақсатта аудандық семинарлар ұйымдастырылып, жаңашыл, білікті мамандардың  тәжірибесін кеңінен тарату жолдары жоспарланып, жүзеге асырылып отыруы қажет.
«Сабақ — оқытушының  педагогикалық  мәдениетінің  айнасы»,- деп  А.Сухомлинский  айтқандай,  саралай  келе  әр  сабақта  бір  немесе  бірнеше  модульді  бірден  қолдануға  болатынына ұстаздар кауымы көз жеткізіп, өз пәндеріне тиімді қолданып, жақсы  нәтижеге жеткендігі анық. Бұл  қолданыстан  ұтылғаннан  ұтқанымыз  көп.
Ағылшын  ғалымы  К.Роджерс  «Дайын  тәжірибе  арқылы  ешкімді  өзгертуге  болмайды, тек  қана  адамды  дамытуға  әсер  ететін  атмосфера  жасау  қажет»  дейді. Бұл  философиялық  ойдың  да  астарында  талай құпияның жатқаны  байқалады. Рас, ізденуші  мұғалім  бала  бойындағы туа біткен  түрлі  қасиеттерді  дәл  байқап, оның сапалық  ерекшеліктеріне баға беріп, әрі  қарай  өз  бетінше  дамыта  түсуіне  жағдай туғызуы  керек, көмектесуі  қажет. Мұғалім  шәкіртке  білім, білік,  дағды беріп  қана  қоймай,  ақыл – ойы  мен  қабілетінің  дамуына  көңіл  бөледі.
Әр  мұғалім —  өз  сабағының  көшбасшысы. Көшті  қалай  бастап  жүрем  десе  де  өз еркі.
Қазіргі  кезде  білім  берудің жаңа  жүйесінің  жасалынуы,  білім  мазмұны  мен  әдіс-тәсілдерінің  жаңаруы  бәсекелестікке  қабілеті  мол,  шығармашылық  бағытта  еңбектенетін, ой  қабілетімен  ерекшеленетін  тұлғаны  тәрбиелеуді  көздейді. Сапалы  білім  ел  болашағын  айқындайтын  басты  көрсеткіш  болып  табылады. Бүгін  мектеп  партасында  отырған  бүлдіршіндер  — ертең  ел  тағдырын  шешетін  азаматтар. Олардың  сапалы  білім  алуын  бүгін  қамтамасыз  ету – біздің  басты  міндетіміз.

 

                                                                                                                                                                                                                               

Казманбетова Алтынай Махамбетовна
 Мақтарал аудандық  білім бөлімінің әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.