Иә, «Білім негізі – бастауыштан» бұрын балабақшада қаланатынын «Ботақандықтар» әбден дәлелдеді. Сөзіміз айқын болуы үшін әңгімемізді әріден бастайық. Ағымдағы жылдың 27-ақпанында Астана қаласы әкімдігінің №80 «Ботақан» балабақшасы МКҚК «Мектеп жасына дейінгі балалардың зияткерлік-танымдық белсенділігінің тәжірибелік — зерттеу қызметі арқылы дамуы» атты тақырыпта педагогикалық шеберхана өткізді. Анадайдан көздің жауын алар осы бір сиқырлы ұядай көрінген бүлдіршіндердің мекенін басқаратын Жанар Сейітқалиқызы Дүйсенова шеберхана шымылдығын аша отырып, оны өткізудің мақсат-міндетін, балабақша қызметкерлері мен өскелең ұрпаққа берер пайдасын тілге тиек ете келе, алдағы жоспарларымен бөлісті. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының кластер бағыты бойынша педагогтармен іс-тәжірибе алмасуды мақсат еткен аталмыш шараға педагогика ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтік ғылымдар факультетінің доценті Фатима Ниязбекқызы Жұмабекова, №26 б/б меңгерушісі З.И. Сажнова, №4 б/б меңгерушісі Е.В. Иванченко, №14 б/б меңгерушісі Г.У. Джусупова, №37 б/б меңгерушісі Р.Е. Абдрахманова, №83 б/б меңгерушісі Н.С. Кулбаева, сондай-ақ, жетекші және серіктестік балабақша меңгерушілері, атап айтсақ, №54 «Нұр-Ай» б/б меңгерушісі З.М. Иманбаева, №57 «Салтанат» б/б. меңгерушісі Р.М. Джалпетекова, №59 «Аққанат» б/б меңгерушісі Г.Қ. Кланова, №89 «Қыз-Жібек» б/б меңгерушісі С.К. Атаканова және ата-аналар қауымы мен бүлдіршіндер қатысты. Аталмыш балабақшаның әдіскері Ескеева Жұлдыз Бурабайқызы «Мектеп жасына дейінгі балалардың зияткерлік-танымдық белсенділігінің тәжірибелік – зерттеу қызметі арқылы дамуы» атты тақырыпта слайд-презентация көрсетсе, тәрбиеші Қонақбаева Жұлдыз Кәрімжанқызы «Педагогтардың шығармашылық жұмысының тәжірибелік мазмұны» деген тақырыптағы баяндамасымен таныстырып, келген қонақтар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап беріп, педагогикалық шеберхананың теориялық бөлімін қорытындылады. Ал тәжірибелік бөлімде жиналған қауым уақыттың сынаптай сырғып өте шыққанын аңғармай қалды. Бұл бөлімде «Ботақан» балабақшасымен бірге жетекші және серіктес балабақшалар топ-топқа бөлініп, шағын зертхана жұмыстарын жасау арқылы бір сәт қиялдарына ерік беріп, ойдан ертегі құрастырып, өскелең ұрпақ түгілі ересектер зор ынтамен қызығатын дүние құрастырып шықты. Бұл педагогтармен тәжірибелік жұмыстар «Табиғи және жасанды жарықтың құпиясы», «Табиғи байлықтың қасиеті», «Табиғи бояулар сыры» деп аталып, онда химия, биология, физика, математика, психология сынды ғылымдар қамтылды. Аталмыш шағын зертхананы ұйымдастырып, оны көпшілік назарына ұсынып, әріптестерімен бөліскен балабақша тәрбиешілері Молдахметова Әйгерім Теміртасқызы, Жаңақұлова Жібек Жамантайқызы, Берікова Арай Берікқызына жиналған қауым зор ризашылықтарын білдірді. Балабақша басшысы Жанар Сейітқалиқызының шағын зертханаға жасаған экскурсиясы да талайдың таңдайын қақтырғаны ақиқат. Шара барысында педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ф.Н. Жұмабекова, жетекші балабақша меңгерушісі З.М. Иманбаева және келген қонақтар өздерінің алған әсерлерімен бөлісе келе, балабақша ұжымына толағай табыс, жемісті еңбек тіледі. «Елім де тыныш, Жерім де тыныш, Көк туым тұғырынан таймасын!» — деп әуелете ән салған балғындардың өнері мен қызғалдақтай қыздардың биі көпшіліктің көңілін тағы бір серпілтіп тастады. Тәуелсіз елде алаңсыз балалықтың бал шырынын татып өсіп жатқан өскелең ұрпағымызға қарап, тәубе дестік. Педагогикалық шеберхана соңы пікір алмасумен қорытындыланды. Педагогтардың біліктілігі мен білімін арттырып, мектеп жасына дейінгі балалардың интеллектуалдық және шығармашылық дамуына мүмкіндік беретін айтулы шарадан түйгеніміз көп болды. Балалар үшін барын жасап жатқан «Ботақанның» болашағына біз де береке тілейкеле, ата-аналар қауымының «Ботақандықтарға» борыштар екенін ескерткіміз келеді!..
Гүлжазира ЕРТАСОВА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Білім айнасы»