Home » Жаңалықтар » Білім мен өнер шыңында

Білім мен өнер шыңында

«Мен еш уақытта өз оқушыларыма еш нәрсе үйретпеймін, тек қана олардың оқуы үшін жағдай жаратамын»
Альберт Эйнштейн.

 

Егер мұғалім өз бойына іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз. Осындай ұстаздар оқушылардың дарындылық қасиеттерін дамытуға ықпал етеді.Дарынды оқушылардың бойындағы жалынды жандыру мектеп үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі, дарындылық – адамның бейімділігімен, шығармашылығымен жұмыс істеуі арқылы қалыптасатын қасиет. Гимназиямызда дарынды оқушылармен жұмыс жасаудың негізгі мақсаты:

Мектепте дарынды оқушылармен жүйелі жұмыс жасап, олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру.

Бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру үшін балалардың бойындағы дарындылықты аша білу, оны дамыту гимназия қабырғасында талантты ұстаздар құзырында. Гимназияда «Дана» ғылыми жоба, «Зерек» олимпиада мектебі, «Вокал», «Бозторғай хоры», «Наз би» ансамблі, «Еркетай», «Назерке» домбырашылар  үйірмелері  жұмыс жасайды.

Гимназияның оқушылары мен мұғалімдері халықаралық, республикалық, облыстық деңгейлерде жоғары жетістіктерге жетуде. Бұл — жұмыстардың жемісті болуының бірден-бір себебі, мектепте жүргізілетін жүйелі жұмыс нәтижесі.

Дарынды оқушылармен жұмыс жасау барысында гимназия ұстаздары оқушыларды түрлі сайыстарға қатыстырып, көптеген жетістіктерге ие болды.  Ғылыми жоба, пәндік олимпиадаларда оқушыларымыз өздерінің ғылымға, білімге  деген құлшыныстары мен білімдерін дәлелдеп, жоғарыдан көрінді.

Атап айтсақ: 6 сынып оқушысы Муратова Шырайлым (жетекшісі Кабдылова А.М.) «Зерде» 1-7 сыныптарға арналған  ғылыми жобалар сайысында қалалық және облыстық кезеңінен өтіп, республикалық кезеңінде ІІ орынға ие болды. 8-11 сыныптар арсындағы ғылыми жобалар сайысында екі оқушымыз облыстық кезеңінде жүлделі орындарды иеленді. 11 сынып оқушысы Жакишева Жұлдыз (жетекшісі: Ержанов К.Е.) – І орын және 10 сынып оқушысы Қайырбек Айнұр (жетекшісі: Даутова Г.К.) – ІІІ орын. Облыстық пән олимпиадасында 11сынып оқушысы Кабиденова Жансұлу (жетекшісі: Рахимбаева А.К.) қазақ тілі пәнінен — ІІІ орынды иеленді.

«Алтын ұрпақ тынысы» атты республикалық мәнерлеп оқу сайысына алты  оқушы қатысып, барлығы да жүлделі орындарға ие болды. Астана қаласында  «Дарын» РҒПО  ұйымдастыруымен өткен  «Тіл – мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты басқа ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілінен қашықтық олимпиадаға екі оқушымыз қатысып, жүлделі І, ІІІ орындармен оралды.

Оқушыларымыз қашықтықтан өткізілетін интеллектуалды олимпиадаларға да қатысып, өз білімдерін дәлелдеп келеді.  «Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда»  дегендей, 2017-2018 оқу жылында осындай сайыстарда 120 оқушы жүлделі орындарды иеленіп, жеңімпаз атанды.

Білім мен өнерді қатар алып жүрген қыздарымыз өздерінің жан-жақтылығын өнер шыңында да көрсетіп келеді.  Музыка пәнінің мұғалімі Ақшолақова Гүлназия Макатовнаның жетекшілігімен құрылған «Еркетай», «Назерке» домбырашылар ансамблі, ырғақ пәнінің мұғалімі Ирина Николаевна  Смагулова жетекшілік еткен «Наз би» ансамблі,  «Әуен» вокал тобының мүшелері (жетекшісі: Г.К. Аубакирова)  халықаралық, республикалық байқауларда өз өнерлерімен жоғары деңгейден көрініп келеді. 2017-2018 оқу жылында 3 сынып оқушысы Кенжетай Рабиға «Жұлдыз болғың келсе…»  ән байқауында І орынды иеленіп, Қазақстанның белгілі әншісі, продюссер Майра Ильясованың «Жұлдыз болғың келсе…» атты телевизиялық жобасында белгілі әншілер Бағдат Самединова және Роза Әлқожамен бірге ән шырқады.

Баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре біліп, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамытып келе жатқан осындай білікті ұстаздарымыз және дарынды да талантты оқушыларымызбен гимназиямыз жылдан-жылға көркейіп келеді.

Гимназия ұстаздары мен оқушыларын гимназиямыздың 25 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, алдағы уақытта қанаттарыңыз талмай, қиын да қызығы мол білім жолында жеңістің биік шыңында самғай берулеріңізге тілектеспін!

АУБАКИРОВА Гүлжамал Қалыбекқызы
Екібастұз қаласы
№ 25 қазақ қыздар гимназиясы директорының
ғылым жөніндегі орынбасары

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.