Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына кезектi Жолдауы еліміздің экономикасы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға негізделген. Жолдау әр саланың атқаратын қызметін айқындап, халыққа бағыт-бағдар беріп, алдағы күннің дамуына ықпал болатын он бағытты қамтиды. Сонымен бірге жетінші бағыт – адами капиталды жақсарту мәселесі қамтылды.
ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі білім беру болып отыр. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен күнге айқындалып келеді. Қазақстанның білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негізделуі – бүгінгі күн талабы. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің болашағының бүгінгіден де нұрлырақ болуына ықпал етіп, алға апаратын күші білімге байланыстылығы айқын көрінуде. Білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді.
«Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамы аз уақыт ішінде білім беру ісіне етене араласып, білім беру саласындағы болып жатқан ауқымды өзгерістерді іскерлікпен жүзеге асыруда.
Білім мазмұнын жаңартуда басты рөл, әрине, мұғалімге жүктеледі десек, оқыту сапасы мұғалімнің біліктілік деңгейіне тәуелді. Осы тұста ұстаздарға демеуші тірек –Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты.
Институт базасында ілімін ілгерілетіп, тәжірибесін толықтырып, деңгейін жоғарылатқан мұғалімдер қауымы аз емес. Түрлі семинар-тренингтерге қатысып, дөңгелек үстел, ашық сұхбат алаңдарында пікір таластырып, саланың сан мәселелеріне де мұғалімдер өз үндерін қосуда.
Қазіргі уақытта «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты отандық білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістерді тәжірибеге енгізуді қолға алып, еліміздің жаңартылған білім мазмұнын іске асыру, қазақстандық мұғалімдердің үзіксіз кәсіби даму дайындығына ықпал ету, әдістемелік жұмыстардың тиімділігін қамтамасыз ету т.б. білім берудегі инновациялық процестерді жүзеге асыруда.
Сонымен қатар институт базасында орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында біліктілікті арттыру курстары, курстық және курсаралық іс-шаралар, семинар-конференциялар үнемі жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді.
Жуырда Қызылорда филиалы, Қызылорда қалалық білім бөлімі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті және №187 М.Шоқай атындағы қазақ орта мектебінің бірлесе ұйымдастыруымен «Жаңалыққа бастаған жаңартылған бағдарламаның оқу мен оқытудағы ерекшеліктері» тақырыбында семинар өткізілді.
Семинар жұмысына Қызылорда филиалының қызметкерлері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары, Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Қызылорда филиалының тренерлері, Қызылорда қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, Қызылорда қаласы бойынша 54 мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және БАҚ өкілдері қатысты.
Семинарды институт директорының орынбасары С.Серікбаев кіріспе сөзбен ашты. Семинар барысында жаңартылған білім мазмұнын ұйымдастырудың қазіргі заманғы әдіс-тәсілдеріне, технологияларына арналған «Жаңаша оқыту – заман талабы» көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар 1-сыныпта ағылшын тілі мен сауат ашу, 2-сыныпта математика мен орыс тілі, 5-сыныпта ағылшын тілі мен информатика, 7-сыныпта қазақ тілі мен биология пәндерінен кіріктірілген сабақтар көрсетілді.
Іс-шара соңында институттың аға оқытушысы Ж.Жубауова мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарларына шеберлік сынып, тренинг өткізді. Осындай семинарлар қаланың №233,№264,№278,№136 мектептерінде де болып өтті.
Институт қызметкерлері әрдайым педагогтің дұрыс үлгісін жасауға, облыстың ұстаздық қызметіндегі үздік жетістіктерді қолдауға, педагогтің беделі мен мәртебесін көтеруде қисынды ұсынымдар мен айқын өңдеулерді жасауға өздерінің бар кәсіби күш-жігерлерін салып келеді. Нәтижелі жұмыстардың табысты және жүйелі атқарылып жатқанын әлеуметтік желілерде, облыс педагогтерінің түрлі баспасөз беттерінде жарияланған алғыстары, көлемді мақалалары мен курс сапасына, тренерлердің оқыту шеберлігіне тәнті болып білдірген ыстық ықыластарынан анық байқауға болады.
Білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін уақыт. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар тұлға дайындау – әрбір мұғалімнің, педагогтің парызы болса, сол педагогтардың біліктілігін арттыру – біздің негізгі міндетіміз деп білемін.
Самуратова Жанна Бекетаевна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты, «Қоғаммен байланыс және баспа қызметі» бөлімінің басшысы