Home » Балабақша » Білім күнін тойлаймыз!

Білім күнін тойлаймыз!

(Ертеңгілік)

Мақсаты: Білім күні үлкен мереке екенін балаларға жеткізе білу,

                     сезіндіру.  Білімге  құштарлықтарын арттыру, еліміздің білімді,

                     тәрбиелі  азаматтары болып өсулеріне үлес қосу.

                     30 тамыз — Ата Заң күнін атап өту, маңызын түсіндіру.

                     Отаншылдыққа тәрбиелеу. Сахна мәдениетіне баулу.

Мереке өтетін бөлме арнайы безендіріледі. Ақырын дыбыспен жағымды әуен ойнап тұр.  Ортаға тәрбиеші шығып, монолог оқиды:

Тәрбиеші: Жүрегімнің түкпірінен нәр алған

Жетеледі алға ылғи бала арман

Міне бүгін, тәрбиешімін тәлімгер-

Өрлеп келем, шыңнан биік шынарға

Енді ғана сезгендеймін жүгімді

Болашағым — бала екен-ау бүгінгі

Қорқақтасам әлдеқалай, есітем-

“Сен, өзіңе!”-деген демеу бір үнді…

“Тәуекел”- деп сезіміме сенейін

Білгенімді жеткіншекке берейін

Жолыменен жақсы жандар қалдырған

Өз жолымды іздеп тауып көрейін…”

-дедім-дағы бар күдікті бұғаулап

Бұйырған бір бақытыма балап нақ!

Жан-тәніммен берілуге серт етіп

Алқа тақтым аманаттан тұмарлап!

-Мінекей, жапырақтары сыбдырлаған, қоңырауы сыңғырлаған тағы бір күз мезгілі келіп жетті.  Әрбір күз балбөбек бүлдіршіндер үшін де, ұстаздар қауымы үшін де жаңа бір белестер, ұмытылмас қызықты сәттер, білімге жетелеген еңбек ләззатын сыйлайды, болашақ алдында жауапкершілік жүктейді. Сыңғырлаған сәби күлкісінен артық бақыт бар ма?

(Балалардың күлкісінің дыбысы естіліп, 5-6 бала жүгіріп кіреді, тәрбиешіге гүлдерін сыйлайды)

Балалар:       Сәлеметсіз бе, апай!

Тәрбиеші:   Сәлеметсіңдер ме, балалар!

1-бала:          Апай, әдемі болып кетіпсіз!….

2-бала:          Мерекеңіз құтты болсын!

3-бала:          Біз сізді қатты жақсы көреміз!

Тәрбиеші:   Мен де сендерді қатты жақсы көремін, (құшақтайды)

Өздеріңе де мереке құтты болсын!

(Қалған балалар қатарсыз, еркін қалыппен «Апай! Апай! Сәлеметсіз бе! т.б.» деп  жан-жақтан жүгіріп кіре бастайды, қолдарында гүлдері бар. Музыка фонында тәрбиеші де оларды қуана қарсы алып, бастарынан сипайды, құшақтайды т.б.)

Тәрбиеші:  Көп рахмет, сендерге, балалар! Мерекелерің құтты болсын!

Білім күнімен балабақшамыздағы барша апайларды да құттықтайық!

(Балалар қолдарындағы гүлдерін баалабақшадағы басқа да ұстаздарына сыйлайды да, арнайы дайындалған орындарына тұрады)

Тәрбиеші:        Бүгін қандай шаттық тола күн еді,

Бүкіл әлем ерекше бір түрленген

Қуаныштан жарылардай жүректер

Бақыт тасып балалардың жүзінен

1-бала:              Ерекше бүгінгі күн, салтанат сән

Тербетер жүректерді бір әсем ән

Шат-шадыман барша ел, барша халық

Құлпырып тұр гүлдермен айнала, маң

Тәрбиеші:     Қымбатты балалар, құрметті ата-аналар, балабақша қызметкерлері!

Баршаңызды бүгінгі 1 қыркүйек-білім күнімен, жаңа 2018-2019

оқу жылының басталуымен құттықтаймыз!

Мерекемізге қош келдіңіздер!

2-бала:             Бүкіл елде басталып бүгін жыры,
Бақ қоңырау шақырар ұғымдыны.
Білім — ғылым бастауы, мерекелі
Құтты болсын бүгінгі Білім күні!

3-бала:              Биіктерге бастайтын асқаралы
Әр жүректің сүйікті, асқақ әні
Мерекеде бәріміз бір дауыспен
Шырқайық еліміздің әнұранын!
                            ҚР Мемлекеттік әнұраны
4- бала:             Шайдай ашық бейбіт күннің аспаны
Бақшамыздың келісіп тұр бар сәні
1 — қыркүйек — салтанатты мерекемен
Құттықтайды меңгеруші баршаны!
Сүйікті апайымыз –Кулетова Бақыткүл Нәзікқызына құрметті сөз кезегін ұсынамыз!

Құттықтау сөз

(Күлдіргіштің қатты күлген дыбысы естіледі, өзі біразға дейін көрінбейді)

Тәрбиеші:  Бұл кім?  Кімнің даусы?  Өзі қайда? Кім де болса көңілді біреу сияқты!

(Күлдіргіш көрінеді, күліп-ойнап, көпіршіктерді ұшырып кіреді)

Күлдіргіш:      Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Сендер көпіршіктерді жақсы көресіңдер ме?

Балалар:         Иә!

Күлдіргіш:     Мен де жақсы көремін!  Көңілді емес пе, ия?!

Келіңдер, қағып алыңдар!

(ұшыра бастайды, балалар қағуға ұмтылып секіреді)

Тәрбиеші:    Күлдіргіш, балалар!  Ойындарыңды бұзғым келмейді, бірақ бізге

ата-аналар, көп қонақтар келіп отыр ғой?!  Сендердің мерекелік

тақпақтарыңды, ән-билеріңді тамашалағысы келеді.

Күлдіргіш:    Мереке!!! Қандай керемет! Мерекені мен де жақсы көремін!

Қане, онда, балалар, бәріміз бірге көңілді бір би билейікші!

Жалпы би   «Достық биі»

Күлдіргіш:    УҺ!  Мен біраз шаршап қалған сияқтымын,

сендер ше балалар, шаршадыңдар ма?

Балалар:       Жоқ!

Тәрбиеші:     Біздің балалар жаз бойы күнге қыздырынып, суға шомылды,

денелерін шынықтырды, таза ауада ойнады. Білім күніне

көп күш жинап келді. Сен шаршап қалсаң сәл демалып, біздің

балалардың мерекелік тақпақтарын, әндерін тыңдап көр.

Жеке ән  «Балалық шақ»

5-бала:           Білім — менің ертеңім
Өсу үшін өркенім
Жүзем оқу — айдында
Жайып білім желкенін
Қиындықтан өтуге
Армандарға жетуге
Білім алам ерінбей
Еліме қызмет етуге!

6-бала:          Бақытты балғын баламыз,

Өсті ой мен санамыз.

Әлемді танып, оқып қанып

Білім нәрін аламыз.

Ән   «Біз-бақытты баламыз»

Би   «Ленталы қыздар биі»

Күлдіргіш:   Қандай керемет, тамаша! Ризамын, ризамын!

Білім күніне барынша жақсы дайындалыпсыңдар!

(Барлық балалардың жағалап қолдарын алып шығады)

Тәрбиеші:     Күлдіргіш, біз бүгін тағы бір үлкен мерекені атап өтпекшіміз…

Күлдіргіш:   Тағы бір мереке?! (Қолын шапалақтап орнында секіріп қуанады)

Керемет қой бұл! Мерекелердің көп болғаны қандай жақсы!

Ол бірақ қандай мереке?

Тәрбиеші:        Ол  30 тамыз – ҚР Конституциясы күні!

Күлдіргіш:      Ондай мереке туралы білмейді екенмін…..

Тәрбиеші:    Онда балаларды  тыңдап  көр…..

7-бала:                                       Ата Заңым

Ата Заңым-алтын заңым, ардағым,
Аялаған адамзаттың арманын.
Жол бастайды болашаққа жасампаз,
Әрбір бабың, тарауларың, тармағың.
Алтын Заңда –парасатым, пайымым.
Алтын Заңда — күш – қуатым, жалыным.
Сен қорғайсың бостандық пен құқықты,
Анамдайсың елжіреген жаны күн.

8-бала:                                    Ата Заңым

Ата заңым — бірлігім

Берекелі іс, тірлігім

Елдің ырыс, бақыты

Бейбітшілік, нұрлы күн!

Ата заңым – қуатым

Сенім, мақсат, мұратым

Мақтанышым, көк туым

Көкте шалқып тұратын!

9-бала:                        «Алтын заңым-арай таңым!»

Шындығымның шырайы

Бақытымның күн, айы

Қамқор болып бөбекке

Қолын созған ұдайы

Алтын заңым-арай таңым

Шаттығымды қорғайды

Мәрттігімді қолдайды

Ар атынан айтқан соң

Екі сөзі болмайды

Алтын заңым-арай таңым

Әділеттің ұраны

Ақиқаттың шығары

Тыныштықтың туы боп

Заң салтанат құрады!

Тәрбиеші:   Иә, біздің өз Конституциямыз, яғни Ата заңымыз бар.

Біз — тәуелсіз елміз.  Жыл санап қарыштап дамып келеміз.

Биылғы жылы еліміздің бас қаласы-Астанамызға 20 жыл, туған

қаламыз Қызылордаға 200 жыл толды. Бұл — біз үшін үлкен қуаныш!

(«Мен-елімнің ертеңі» әнін айтатын балалар ортаға шығады)

1-бала:     Біз Отанымызды сүйеміз!

2-бала:     Қазақстанымызды мақтан етеміз!

3-бала:     Біз  —  еліміздің ертеңіміз!

Жеке ән   «Мен-елімнің ертеңі»

Тәрбиеші:   Иә, сендер секілді елжанды ұрпақ барда еліміз өркендеп өсе береді!

Әкедей қамқор, анадай мейірімді Отанымыз сендерден

қамқорлығын аяған емес. Жарық та сәулетті, жаңа балабақшалардың

көптеп салынуы — осы қамқорлықтың бір ғана көрінісі.

Күлдіргіш:   Иә, сендердің балабақшаларың маған да ұнады!  Балабақшада көп

нәрсеге үйретеді екен. Ал сендер таңертең аналарың балабақшаға

қалдырып кеткенде жыламайсыңдар ма?

Балалар:      Жоқ!

Күлдіргіш:   Жарайсыңдар!  Мен сияқты үнемі көңілді жүру керек.

Өзің көңілді жүрсең — өзгеге де қуаныш сыйлайсың.

Тәрбиеші:    Жақсы бала азамат атанады

Халқынан, ата-анадан бата алады

Мерекеге айтсын деп ақ тілегін

Ортаға шақырайық ата-ананы –

деп осы тұста ақ тілектерін білдіру үшін ата-аналарымызға микрофон ұсынайық

Ата-аналар тілегі, ақ батасы

 10-бала:        Ата-аналар құрметіне биімізді қабыл алыңыздар!

Би      «Көңілді  би»

11-бала:                  Өмірдің бейбіт бағы бұл,

Асудан асып асқарлы

Мінекей биыл тағы бір

Жаңа оқу жылы басталды.

12-бала:                  Балабақша есігін
Үшке тола ашқанбыз.
Балапандай мәпелеп,
Өсіруде бақшамыз.
13-бала:                 Бұл — екінші үйіміз,
Бір туғанбыз бәріміз.
Біз — осы үйдің гүліміз

Біз —  осы үйдің сәніміз.
14-бала:                  Егемен елдің төсінде,

Шуағын шашқан арай күн

Азамат болып өсеміз

Қызыға әлем қарайтын.

Жеке ән  «Бақытты балалық»

Тәрбиеші:  Әне-міне дегенше, жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын

соғу сәті де келіп жеткен сияқты. Ендеше биылғы 2018-2019

жаңа оқу жылында балабақшамыздың табалдырығын аттаған

І кіші «Балапан» тобының бір топ бүлдіршіндерін қол соғып,

қошеметтеп қарсы алайық.

(Көпшілік қол соғады, бірақ бөбектер келмейді)

Тәрбиеші:   Бөбектеріміз көпшіліктің алдына шығуға жүрексініп тұрған сияқты,

қанекей, қаттырақ қол соғайықшы…. (Сонда да көрінбейді)

Күлдіргіш: Уайымдамаңыздар, оларды қазір мен алып келемін!…..

Би   «Көңілді поезд»   (Күлдіргіш бөбектерді поезбен алып келеді)

Күлдіргіш:    Өздері сүп-сүйкімді, ақылды бөбектер екен. Мерекелік тақпақтар

да дайындапты, тыңдап көріңіздерші….

1-бөбек:         Балабақша — бақ мекен

Білім алып ер жетем!

2-бөбек:         Біздер тату достармыз

Көп білуге құштармыз!

3-бөбек:         Құтты болсын бәрімізге

Білім күні, мереке!

Күлдіргіш:   Керемет қой ия! Олар әнге де қосыла алады

Қане, балалар, бөбектермен бірге әндетейікші…

                       Ән      «Біз үшін»   (Үлкен балалар мен бөбектер бірге орындайды)

Тәрбиеші:    Көп рахмет, сендерге бөбектер! Енді жаңа оқу жылымыздың

қоңырауын соғайық!

Күлдіргіш:   Ал, кеттік онда! (Күлдіргіш поезбен алып жүріп, қоңырау соққызады)

Алғашқы қоңырау соғу салтанаты 
Тәрбиеші:          Қоңырау сыңғырла, асыға
Үн қосып қиядан асуға
Білім ал, еңбек ет жас ұлан
Өрлей бер биiк шың басына!

                        Ән    «Бүлдіршін әнұраны»

Тәрбиеші:     Білім күні тағы да құтты болсын!

Қазақстанымыз гүлдене берсін!

Туған елдің аспанында бейбітшілік құсы қалықтай берсін!

Қоңырау үнімен жаңа оқу жылының алғашқы оқу қызметін

бастау үшін тобымызға асығайық!

                                      Жұмабекова Бибігүл Мүсірепханқызы

                                                            №8 «Бүлдіршін» санаториялық балабақшасы

                                                            КММ музыка жетекшісі

                                                            Қызылорда қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.