Home » Балабақша » Білім еліне саяхат

Білім еліне саяхат

 

Білім саласы: Коммуникация. Таным. Әлеумет.

Бөлімі: Сауат ашу негіздері. Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру. Экология негіздері.

Мақсаты: Балаларды 1-ден 20-ға тура, кері санау, геометриялық пішіндерді

ажыратып атай білуге қалыптастыру. Сөздерге дыбыстық талдау жасай білуді, сөйлемдер құрастыруды,   табиғат белгілерін айыра білуді кеңейту. Кеңістікті бағдарлай білуді, материалдармен жұмыс жасай білуді бекіту.

Балалардың сөз байлығын, ойлау қабілетін арттыру, қол моторикасын дамыту.

Қайырымдылыққа, мейірімділікке, тыңдай білуге, табиғатты қорғауға тәрбиелеу,

Қолданылатын заттар: сандар, геометриялық пішіндер, В. Воскобович Күлгін орман суреттер топтамасы: ағаштар, жабайы аңдар және жәндіктер, құстар, проектр.

Шаттық шеңбері.

Күнім күліп арайлы,

Тереземнен қарайды.

Қол ұстасып шеңберде,

Тұрғанымды қалайды.

Амансыз ба?- дейміз барлық адамға,

Амандасу парыз маған, саған да!

Бәлкім, содан ұзарады жасымыз

Ауырмаймыз мен де, сен де бәріміз.

3 тілде амандасады.

Балалар, бізге хабарлама келді, қанеки, көрейікші.

(Экраннан білім ханшайымы шығады)

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Маған сендердің көмектерің керек. Менің еліме бүлдіргіш кірген. Ол барлық сандарды, дыбыстар мен сөздерді шатастырып жіберіпті, және табиғатты бүлдірді. Менің елімнің тұрғындары қорқып қалған. Көмектесетін ешкім жоқ. Қымбатты балалар, егер де сендер, алғыр  және қиындықтан қорықпайтын болсаңдар, бізге көмекке келіңдер! Білім патшалығына қауіп төнуде.

-Қалай, балалар, білім ханшайымына көмектесеміз бе?

Балалар: Ия, көмектесеміз.

Бірақ, білім еліне бару үшін сұрақтарға дұрыс жауап берулерің керек. Дұрыс жауап берсеңдер сиқырлы таяқша жанып, білім еліне жол көрсетеді.

  1. Д/ойын: «Зейінді бол»

1  Қазір жылдың қай мезгілі?

  1. Қыс айларын ата.
  2. Бір жылда неше ай бар?
  3. Апта күндерін ата.
  4. Дүйсенбіден кейін қай күн болады?
  5. Мен, сен, ол барлығымыз нешеуміз?
  6. Бір қолыңда неше саусақ бар?
  7. Түнгі аспанда неше күн бар?

 

Жарайсыңдар.

  1. 2. Математика қаласы
  2. Қараңдаршы, кейбір үйлер нөмірсіз қалыпты. Осы үйлердің нөмірлерін тауып берейікші.

(балалар үй нөмірлерін жазады).

Тура, кері санату.

  1. -Д/ойын: «Көршісін тап»

-15 санының көршілерін ата.

-8 -ден кейінгі санды ата.

-5-тен бір санға артық санды ата.

-Қандай сан 12-ден үлкен, 14-тен кіші?

-7 санының алдында қандай сан бар?

  1. Есептер шығару.
  2. Балалар, бүлдіргіш қала тұрғындарының көліктерін шашып тастапты.

Ал, біз көліктерін құрастыруға  көмектесейік. Олай болса, үстел үстіндегі суретті аламыз. Суретке мұқият қарап, есте сақтаймыз.  Алдарыңдағы геометриялық пішіндерден суреттегідей көлікті құрастырамыз.

Саусақ жаттығуы.

Санайық жаңаша,

1, 2, 3.

Достықта біздің күш.

Оң қолымда бес саусақ,

Сол қолымда бес саусақ.

Оларды атап шақырар,

Әрқайсысының аты бар.

Бас бармақ,

Балаң үйрек,

Ортан терек,

Шылдыр шүмек,

Кішкене бөбек.

Графикалық диктант.

  1. Тәрбиешінің айтуымен әрбір тор көзге сурет салу. 2-жоғары, 2-оңға, 1-жоғары, 1-оңға, 3-төмен, 3-оңға, 1-жоғары, 1-оңға, 5-төмен, 2-солға, 2-жоғары, 1-солға, 2-төмен, 2-солға, 4- жоғары, 2- солға.

Математика қаласын не күзетеді екен? (Ит)

— Математика қалашығында біз тәртіп орнаттық,  саяхатымызды әрі қарай жалғастырамыз.

Экология қаласы.

«Шатастырғыш» ойыны:

Үстел үстінде ағаштар, жәндіктер, құстар және  жабайы аңдар суреттері. Суреттерден өз топтарын жинап, атау керек (жануарларды бөлгенде, олардың қайда мекен ететінін, үйлерінің қалай аталатынын: мысалы, түлкі- ін, қасқыр-апан, аю-апан)

Сауат ашу қаласы

Балалар, дыбыстарды, сөздерді  шатастырып тастапты. Қала тұрғындарына көмектесейік.

Дыбыс дегеніміз не?

Әріп дегеніміз не?

Балалар, сендерге сызба бойынша сөйлем құрастыруларың керек.

Сөйлем нелерден тұрады?

1-ші сөйлемде неше сөз бар?  (2, 3)

Жарайсыңдар.

«Жұбыңды тап» деген қызықты ойын ойнаймыз.

(Сурет таратып беру)

Суретке мұқият қараңдар. Қандай дыбыстан басталатынын ойланыңдар.

Ал енді, бір дыбыстан басталатын жұптарыңды табыңдар.

Суретті көрінетіндей етіп ұстаңдар.

Қандай дыбыстан басталады?

Балалар, келесі тапсырманы үстел басында орындаймыз.

Сендердің карточкаларыңда сурет берілген, сол сурет атауына дыбыстық талдау жасаңдар.

Қыс. Шана. Тон. Шырша. Қолғап.

Неше дауысты дыбыс бар?

Сөздерді буынға бөлу.

Міне, балалар, білім патшалығында тәртіп орнаттық.

Қорытынды :

Білім елінде немен айналыстық?

Балалардың жауаптары.

Есептер шығардық.

«Көршісін тап» ойынын ойнадық.

«Жұбын тап» ойынын ойнадық.

Геометриялық пішіндерден көліктер құрастырдық.

Табиғатты өз орындарына орналастырдық.

Дыбыстық талдау жасадық.

Барлығың да — жарайсыңдар.

Осымен саяхатымыз аяқталды.

Қане, бәріміз бірге айтайық:

Орныңда айнал,

Өз тобыңа орал.

Балалар, міне білім ханшайымынан тағы хабарлама келді, тыңдайық:

  1. Қымбатты достар! Сіздерге, көмек көрсеткендеріңіз үшін, көп рахмет! Берілген тапсырмаларды жақсы орындадыңыздар. Білім патшалығы бұрынғысынан да керемет болды. Менің патшалығымда туралық пен тәртіп орын алған. Сіздерге менің кішкентай көмекшілерім, менің елімнің тұрғындары атынан және өз атымнан медаль тапсырылады. Сіздерге ұнайды деген ойдамын.

Қол ұстасып тұрайық,

Шеңберді біз құрайық.

Көріскенше күн жақсы,

Сау-саламат болайық.

Күтілетін нәтиже:

Біледі: 1-ден 20-ға дейін тура, кері санауды, табиғат белгілерін айыруды. Буынға бөлуді.

Игереді: Кеңістікті бағдарлауды, дыбыстық талдау жасауды, сөйлем құрауды.

Меңгереді: Берілген материалдармен жұмыс жасауды.

 

Нурсеитова Нуршат Зеитхановна,

     Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің

    №87 «Қадыр» балабақшасының

    мектепалды даярлық тобының

     тәрбиешісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.