Home » Жаңалықтар » Білім бөлімі өткізген семинар

Білім бөлімі өткізген семинар

2018 жылдың 24 сәуірі күні Орал қаласының №47 жалпы орта білім беретін мектебі базасында «Заманауи әдіскер: бастама, шығармашылық, құзіреттілік» тақырыбындағы Халықаралық әдістемелік ассорти аясында аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша әдіскерлеріне арналған «Әдістемелік қызметті дамыту мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын қамтамасыз ету факторы» тақырыбында оқыту семинары оздырылды. Оқыту семинарын ұйымдастырған Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу әдістемелік кабинетінің әдіскері Кудашева Даурия Төлегенқызы. Іс шараға барлығы 12 әдіскер қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты: Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша әдістемелік қызметтің сапасын көтеруге және жетілуіне жағдай жасау, көмек беру болды. Облыстық шығармашылық тобының мүшелерімен (Т.С. Есқалиева, М.Ә. Буентаева, Г.Е. Тулепова) бірлесе ұйымдастырылған семинар барысында «Әдістемелік жұмысты нормативті-құқықтық сүйемелдеу», «Педагогтердің озат педагогикалық жұмыс тәжірибелерін енгізу, талдау, зерделеу технологиясы», «Тәрбие мен оқыту жүйесінің мониторингі мен диагностикасы» тақырыптары талқыланып, нормативты лото, шатастырылған оқиғалар, ақпараттық- құжаттама (информ-досье) ойындары арқылы жүзеге асырылды.
Семинар барысында қатысушылар «Тапқырлар» мен «Білімпаздар» болып екі топқа бөлініп, нормативті сұрақтарға жауап беріп, лото ойынының ұяшықтарын жауып отырды. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты қандай талаптарды анықтайды…», «ҚР Білім және Ғылым министрлігінің 22.06.2016 №391 бұйрығымен бекітілген құжаты?», «Педагог өтпелі тақырыптарды таңдағанда нені ескеру керек?», «Мектепке дейінгі тəрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұны қандай құжаттар арқылы жүзеге асырылады?» секілді сұрақтар қойылды. Әр топ өзара ой-пікірлерімен бөлісе отырды. Ойын қорытындысында «Тапқырлар» тобы 9 сұраққа, «Білімпаздар» тобы 10 сұраққа түгелдей жауап беріп жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ, семинарға қатысушылар педагогтердің озат педагогикалық жұмыс тәжірибелерін енгізу, талдау, зерделеу технологиясымен танысып, мектеп жасына дейінгі балалардың біліктері мен дағдыларының дамуын қадағалайтын индикаторлар жүйесінің біріңғай тәсілдерін меңгерді.
Қорытындылай келе шара қонақтары шеңбер құрып, бір-біріне деген ізгі  тілектерін білдірді. Жылы сөз темір қақпаны да ашады демекші, шараға қатысқан әрбір әдіскер ашылып, сырласып, көңіл-күйлері көтеріліп, жақсы сезімге баулыды.
Кездесу соңында шараны ұйымдастырушы әдіскерлер тарапынан  ұйымшылдықпен және өте қызықты өткенімен құттықтап, алдағы уақытта мұндай іс-шаралар жалғасын табатынын білдіріп, келген қонақтарға сертификаттар табыстады.

Адема Ерболатқызы,
«Білім айнасы», Орал қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.