Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мемлекетіміздің жаһандану көшін ілгерілетудегі ұлттық генетикалық кодымызды сақтай отырып, жаңғыру жолымен жүруге берілген бағдаршам деп қабылдауымыз қажет. Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басып, оған сәйкес қалай рухани тұрғыдан жаңғыру қажет екендігін Елбасымыз өз мақаласында нақты атап көрсетті.
Елбасымыз мемлекетіміздің саяси-экономикалық жаңғыруына ерекше көңіл бөліп келсе, енді рухани жаңғыруға кезек келгендігін және оған кең ауқымды жобаларды жүзеге асыру арқылы жоғары руханиятты ел қалыптастыруға қол жеткізуге болатындығын айтты. Руханият адамға тіл, мәдениет, әдебиет, дәстүр, ғылым, білім арқылы сіңетіндіктен, әрқайсысын жеке дара емес, біртұтас қарағанда ғана толыққанды сипаты танылмақ, ал рухани әлемі бай адам – қазынасы мол құнарлы ұлтты құрайды.
Тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртуға бағытталған Елбасымыздың бағдарламалық мақаласы 2 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім рухани сананы дамытудың негізі ретінде алынған алты бағыттан тұрады. Бұл бағыттар – бәсекелік қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы.
Еліміздің түбегейлі өзгеруі және заман сынағына лайықты төтеп беру үшін Елбасымыз өз мақаласының 2-бөлімінде алты нақты жобалар ұсынып отыр. Атап айтқанда, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер бағдарламасы», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобалары.
Елбасының өзі ұйытқы болып көтерген рухани жаңғыру педагогтар қауымына жаңа міндеттер жүктейді және біз ол биіктікті де бағындырамыз.
«Білімнің салтанат құруы» деп аталатын мақаланың төртінші тақырыпшасын Елбасымыздың педагогтар қауымына қойып отырған басты талабы деп санаймын. Қазақстанның болашағы, бүгінгі жас буын өкілдеріне қажетті бағдар – терең білімді, ағылшын тілін меңгеру, кәсіби мамандық алып шығу. Әлемдік деңгейдегі білім беру жүйелерін қалыптастырмай, әлемдегі ең озық 30 мемлекеттердің қатарына қосылу еш мүмкін емес. Бұл ретте, жаһандық жаңа қатерлерге қарсы адами капиталды да сапалы дамыту қажет. Ал адами капиталдың өзегі – білім. Сондықтан да, Елбасының бұл басымдық бойынша білім саласы қызметкерлеріне қойып отырған талабы – жаңа оқыту әдістері мен тәсілдерін меңгере отырып халықаралық стандарттар деңгейіне сай білім беру.
Әлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағытталған білім беру жүйесін ұсыну – қазіргі таңда негізгі талап. Білім арқылы бәсекеге түсу, білім арқылы озу – қай жағынан алғанда маңызды. Өйткені, ғылым дамымай, дүние дамымайтыны баршамызға аян. Сол кезеңге сай интеллектуальды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, әлемдік деңгейдегі жоғары білімі бар азаматтарды тәрбиелеу – мемлекеттік ең маңызды стратегия. Мұғалім дайындау – мемлекеттің алдыңғы қатарда дамуын қамтамасыз ететін негізгі ресурс, себебі мұғалім мемлекеттің зияткерлік капиталының іргетасын қалайды.
Сондықтан да Елбасымыздың мақаласындағы білім және тәрбиеге қатысты талаптары педагогтарға үлкен міндеттерді жүктеп отыр. Мақаладағы «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім екенін әркім терең түсіну керек. Жастарға басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен де жоғары қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деген Елбасының салиқалы пікірі өмірлік аксиомаға айналуы тиіс және еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сыңдарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір білім беру ордасы қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен, жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық.
М.Б. Нуралиева
Тараз қаласы, Абай атындағы Жамбыл
гуманитарлық колледжі,
директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары