Home » Мақалалар » Білім биігінен көрінген «Өрлеуге» 5 жыл!

Білім биігінен көрінген «Өрлеуге» 5 жыл!

Қазіргі қоғамда адами капиталды дамыту саясатында білім беруді жаңғырту, педагогтердің сапалық құрамын жақсарту бойынша ұлт болашағының, ел да­муының сара жолы айқындалған. Осы міндетті орындау үшін Үкіметтің Қаулысына сәйкес әлемдік озық тәжірибелерді ескере отырып, педагог кадрларды сапалы даярлауды қамтамасыз ету үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы құрылды, әр аймақтарда филиалдары қайта тіркелді.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиал ретінде 2012 жылдың 2 қазанында өз жұмысын бастады. Алғашқы жұмысын бастаған күннен-ақ «Өрлеу» БАҰО АҚ ОҚО бойынша ПҚБАИ білім беру жүйесінің сапасын жетілдіру ісі мен педагогтердің заман талабына сай білім, біліктерін жетілдіруде өз жұмысын сәтті атқарып келеді.

«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында», — деп Елбасымыз айтқандай, жас ұрпақтың тағдырына жауапты ұстаздардың қазіргі қоғам сұранысына сай біліктіліктерін арттыру өте маңызды. Осындай маңызды істі атқарып, педагогтерді білім нәрімен сусындатып, санаткерлік әлеуетін дамыту мен біліктіліктерін сапалы арттыру арқылы педагог мәртебесін көтеруде «Өрлеу» БАҰО АҚ-ның алатын орны ерекше.

Тың бастамамен құрылған «Өрлеу» БАҰО АҚ-на биыл 5 жыл ғана толды. Бұл бір қарағанда тым азғантай мерзім. Алайда, осы уақыт орайында «Өрлеу» БАҰО АҚ аяғынан қаз тұрып қана қоймай, отандық білім беру ісіне етене араласып, білім беру саласындағы болып жатқан ауқымды өзгерістерді іскерлікпен жүзеге асыруда. Осы 5 жыл ішінде көңіл толтырарлық көп іс атқарғанымызды мақтанышпен айта аламыз. Айтып отырған 5 жылда жеткен жетістігіміз де аз болған жоқ.

Осындай аз уақыттың ішінде институтымыздың қаншама қызметкерлері халықаралық стандартқа сәйкес Ұлыбритания, Франция, Корея, Сингапур, Россия, Австралия университеттері мен мектептерінде жүйелік негізде білімдерін шыңдап, теорияда меңгерген білімдерін қазіргі таңда өз тәжірибелерінде тиімді пайдалануда.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес 2016-2017 оқу жылынан бастап Қазақстанда жаңартылған білім мазмұнына көшу жұмыстары қолға алынған болатын. Бұл бастаманың мақсаты мектептегі оқу сапасын жоғарылату және оқушылардың білімін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру.

Осы орайда педагогтер қауымы орта білім беру мазмұнын жаңарту аясындағы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр. Бұл процесте «Өрлеу» БАҰО АҚ-ның қосып жатқан үлесі аса зор. Бір ғана «Өрлеу» БАҰО АҚ ОҚО филиалында 1,5 жылдың ішінде жаңартылған бағдарлама шеңберінде 18 мыңға жуық педагог біліктіліктерін арттырды. Институт бұдан да басқа көптеген курстық және курсаралық іс-шараларды үнемі жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді.

Біздің институт қызметкерлері әрдайым педагогтің дұрыс үлгісін жасауға, облыстың ұстаздық қызметіндегі үздік жетістіктерді қолдауға, педагогтің беделі мен мәртебесін көтеру бойынша қисынды ұсынымдар мен айқын өңдеулерді жасауға өздерінің бар кәсіби күш-жігерлерін салып келеді.

«Өрлеу» БАҰО АҚ ОҚО филиалы жұмыстарының табысты және жүйелі атқарылып жатқанын облыс педагогтерінің түрлі баспасөз беттерінде айтқан алғыстары мен курс сапасына, тренерлердің оқыту шеберлігіне тәнті болып білдірген ыстық ықыластарынан анық байқауға болады.

Міне, осының бәрі аз ғана уақыт ішіндегі Мәңгілік елдің іргетасын бірге қалауды мақсат еткен Елбасымыздың көрсеткен сара жолы мен биік белестерді бағындырып келе жатқан «Өрлеу» БАҰО АҚ-ның еңбегі!

«Өрлеу» БАҰО АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ретінде қызмет жасап келе жатқан біздің мекеменің тарихында 5 жылдың өзіндік үлкен маңызы мен мәні бар.

Осы «Өрлеудің» мерейлік маңызды күні  «Өрлеу» БАҰО АҚ ОҚО филиалының ұжымының жұмысына толағай табыстар тілеймін!

Алар асуың асқақ, шығар шыңың биік, бағындырар белесің баянды болсын «Өрлеуім»!!!

                           Ануарова Айгерім Дүйсенбайқызы

                                            «Өрлеу»   БАҰО АҚ филиалы ОҚО бойынша ПҚБАИ

Мониторинг және талдау

                                                      бөлімінің бас маманы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.