Қазақстанның бүгінгі білім беру жүйесінде педагогтың әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды өзгерістер, жаңа енгізілімдер – әлеуметтік шеңбердегі жалпы мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болып табылады.
Қазіргі таңдағы әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жағдайында Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне енуі кезінде мұғалімнің жеке тұлға ретіндегі, оның кәсіби біліктілігі айрықша мәнге ие болуда, өйткені ол мектептегі дәстүрдің жалғастырушысы мен жаңаруының кепілі болып табылады.
Тәуелсіздік алғалы бері еліміз білім беру жүйесінде бірнеше реформаларды бастан кешірді. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман даярлап, сол арқылы әлемдік білім беру кеңістігіне еніп, дамыған елдердің қатарынан орын алу. Қай елдің білім деңгейі жоғары, көші ілгері тұрса сол елдің экономикасы да, әлеуметтік жағдайы да, нақты айтқанда өмір сүру сапасы жоғары болмақ. Біз өмір сүріп жатқан ғасыр бәсекелестік заман. Сол бәсекеде жеңіске жететін тек білімді ел болмақ. Білім беру жүйесінің де нақты бір қалыпқа түсіп, белгілі бір ғана бағытпен жүрмеуінің де себебі осы деп ойлаймын. Егер білім беру жүйесін тек бір ғана бағытта алып жүрген болса, онда даму да болмас еді. Білім беру саласындағы түрлі проблемалар күн тәртібінен еш уақытта түскен де, өз маңызын жойған да емес. Сол маңызды мәселелердің бірі еліміздегі білім беру сапасын оңтайландыру.
Сапалы білім беру ісі – білім беру ұйымдары мен еліміздегі бүкіл педагогтар қауымының алдында тұрған үлкен жауапты әрі қиын міндет. Білім сапасы ең алдымен мақсаттың және нәтиженің сапасы, одан кейін басқарудың, ұстаздың, педагогикалық іс-әрекеттің, оқушының сапасы, ең соңында педагогикалық үрдістің сапасы.
Осындай сапалы білімді ұйымдастырып, оны ары қарай дамытатын басты тұлға – ұстаз. Білім сапасының негізгі кілті – мұғалімдердің кәсіби шеберлігінде. Яғни, қазіргі қоғам талап етіп отырған жаңа формация мұғалімі үздіксіз іздену үстінде болуы шарт. Ұлы орыс педагогы К.Д. Ушинскийдің «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанмен оның мұғалімдігі де жойылады»-деген сөзі осының дәлелі болмақ. Білім беруде ескеретін негізгі жайт – оқытудың нәтижелі болуына алдын-ала болжам жасап, оқушы дағдысын үнемі жетілдіруге және шығармашылық әлеуетін дамытуға жағдай жасау. Мұғалім осы жағдайларды ескерген кезде ғана сапалы білімге қол жеткізуі мүмкін.
Сонымен қатар, сапалы білім болу үшін оқыту үдерісіне үнемі мониторинг жасалып, мониторингтік зерттеулердің қорытындысы бойынша нақты шешімдер шығарылып, сол шешімдер негізінде жұмыс жасалуы қажет. Еліміздегі барлық білім ордаларында мониторинг толықтай жолға қойылған деп айту қиын. Мұның себебі, айналып келіп тағы да кәсіби білікті маманға келіп тіреледі. Педагогикалық мониторинг мұғалімнің кәсіптік деңгейін анықтап, қажеттіліктерін нақтылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұғалімнің еңбегін рейтингілік бағалау арқылы әртүрлі топтарға бөліп, жекелей жұмыс істеу нәтижесінде кәсіби шеберлігінің өсуіне жағдай жасап отыру қажет». Егер, әрбір білім беру мекемелерінде мониторингтік жүйе дұрыстап жолға қойылған болса, елдегі білім жүйесінде болып жатқан түрлі ауқымды проблемалар азайған болар еді. Мысалы, елдегі ҰБТ нәтижелері көңіл көншітерлік емес. 10 жылдан аса уақыт өтсе де ҰБТ өзінің тиімділігін көрсете алмай келеді. Оқушылар өздерінің 11 жыл бойы не оқығандарын емес, соңғы 1-2 жылда түрлі қосымша курстарға барып сонда алған жалпылама, жаттанды білімдерін көрсетіп жатыр. ҰБТ болғалы оқушыларымыз да терең зерделеп оқымайтын болды. Мұғалімнің жұмысы тәжірибеде оқушы білімін бағалау үшін алатын тақырыптық тестерден көрінеді. Мұның бәрі айналып келгенде бақылаудың жоқтығынан. Бұл көрсеткіш төмен бола тұра «… әлі күнге дейін тестілеу проблемасымен шұғылданатын бірде-бір зертхана жоқ, «Педагогикалық өлшеулер» мамандығы бойынша кадрлар дайындалмайды». PISA, TIMSS халықаралық халықаралық зерттеулер нәтижесі де оқушылардың түрлі мәтіндер мазмұнын түсінуі мен өзіндік ойлау қабілеттерінің жеткіліксіз екенін, теориядан алған ақпараттарға сын тұрғысынан бағалау мен болжам жасау, өзіндік көзқарасын негіздеу деңгейінің төмен екендігін көрсетті. Осы проблемаларды ескере келе елімізде білім беру жүйесіне бірыңғай мониторингтік жүйе жасалып, сол жүйенің дұрыс орындалып, орындалмай жатқанын қатаң қолға алғанда ғана білім беру сапасының артуы ықтимал. «Барлық озық жүйелерде білім сапасын анықтайтын өлшем жүйесі жасалмайынша, оның сапасын көтеру мүмкін емес деп есептелінеді. Сондықтан әлемнің жетекші елдерінде білім беру сапасы мониторингі жүйесін құруға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, АҚШ білім беру саласын дамытуға жұмсалатын қаражаттың 20-25 пайызы мониторинг жүйесін жетілдіруге жұмсалады». Қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында оқу үдерісіне мониторинг жасаудың маңызы зор екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Мониторинг жасау қай салада болмасын өз өзектілігін жойған емес. Әсіресе, білім беру саласындағы мониторинг қызметі бақылаудың ерекше түрі болып табылады.
Әрбір мұғалім мектепке келген кезде білімі мен білігі бойынша түрлі мониторингтік зерттеулерден өтіп, сол зерттеулер қорытындысы бойынша жұмыс жасаса, яғни қай тұстан ақсайды, өзінің білігі қай деңгейде, қай бағыт негізінде нақты жұмыс жасау қажеттігін білер еді. Мониторинг жүргізудің негізі қағидасы оның үздіксіздігінде. Демек, мониторингті айына бір рет қана, болмаса жылына жасап қоюға болмайды. Оны білім беру ісінде үздіксіз жүргізіп, сол бойынша басқарушылық шешімдер шығарып отыру қажет. Сонда ғана ол өз өзектілігіне ие болмақ.
Қазіргі таңда кейбір мектептерде, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде мониторингтік зерттеулер жүйелі түрде жұмыс жасап, өзінің оң нәтижесін де беріп келеді. Оқу үдерісіне мониторинг жасау арқылы педагогтардың жұмысын өз деңгейінде бағалауға және сол мониторинг қорытындысы бойынша ынталандыру сыйлықтарын объективті тұрғыда шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқу үдерісіне жүргізілген мониторинг мұғалімнің педагогикалық шеберлігін нақтылайды, педагогикалық мүмкіндігін анықтайды, мұғалімге нақты көмек көрсетуге мүмкіндік береді және мектепішілік басқару процесін жүзеге асырады.
Әлемдегі жетекші кез келген елді алып қарасақ, ол елдерде білім үдерісіндегі мониторинг нақты жұмыс жасайды. Олар сол мониторингтің қорытындысы негізінде нақты шешімдер шығарып, осал жақтарын үнемі дамытып отырады.
Қорыта айтқанда, кез келген елдің білім беру жүйесінде өзіндік ерекшеліктер мен артықшылықтар, тіпті кемшіліктері де болады. Біз отандық білім беру жүйесіндегі өзіндік ерекшелігімізді сақтай отырып, артықшылығымызды арттырып, кемшілігімізбен күресуіміз керек. Оқу үдерісіндегі орын алып жатқан олқылықтарды жою үшін еліміздегі барлық білім беру мекемелеріне бірізді мониторинг жүйесін жасауды ұсынамын. Барлық жалпы орта білім беру мекемелерінде мониторингтік жүйе орын алса, елдегі білім беру сапасы да артар еді.
Ануарова Айгерім Дүйсенбайқызы
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ОҚО бойынша ПҚБАИ
Мониторинг және талдау бөлімінің бас маманы