Еліміздің ертеңі бүгінгі ұрпақтың қолында,
ал ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында.
Н.Ә. Назарбаев.
Жыл ішінде мектеп әкімшілігі мен пән мұғалімдері жаңа бағдарлама бойынша тынымсыз еңбек етуде. 2016-2017 оқу жылында жаңартылған білім мазмұнын оқу үрдісіне енгізуде мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, ата-аналар болып бірлесе жұмыс атқаруда. Кез келген ата-ананың көкейінде «бұл бізге не береді?» деген сауалдың болуы заңды. Қолданыстағы білім мазмұнымен салыстырып көретін болсақ, мәселен, қолданыстағы білім «мектепте нені оқытады?» деген сұрақ аясында болып, баланың теориялық біліміне, яғни, бала біледі және түсінеді дегенге бағытталған. Ал қазіргі жаңартылған білім мазмұны «мектепте не үшін оқу керек?» деген сұрақ аясында болып, білім мазмұны күтілетін нәтижеге және баланың бойындағы түрлі дағдыларды қалыптастыруға бағытталады.
Қыркүйек айынан бастап жаңа мазмұнда білім беру жүйесінің 1 сынып сабақтарына енуімен мұғалімдер оқушыларға бағдарламадағы оқу мақсаттарын игертуге қарқынды жұмыс жасап жатыр. Бұл бағдарламаның дәстүрлі бағдарламадан ерекшелігі — пәндер бойынша ортақ тақырыптардың болуы. Жаңадан енгізілген пәндер қатарында, ағылшын тілі, жаратылыстану және ақпараттық технология сынды заманауи қажеттіліктерге байланысты жүргізілетін пәндер бар. Жаратылыстану пәнінде (химия, физика және биология пәндері) дүниетану пәнінде (география, тарих, қоғамтану) алғашқы ұғымдары қалыптастырылады. Жекеленген пәндерде үш тілділік мақсатын жүзеге асыруда тақырыпқа қажетті тірек сөздердің қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сабақта қолданылуы жүзеге асады. Оқу мақсаттарының белгіленіп беріліп, сол мақсаттар бойынша оқушылардың оқу жетістігін «жетті», «талпынды» деп бағалау жүргізіледі. Әрбір оқушы үшін оқу мақсатына жетудегі оқушының үлгерімін көрсететін портфолио жинақталып, ол қалыптастырушы бағалау үшін қолданылады. Бұл бағдарлама бойынша жетістіктермен қатар, жекелеген пәндер бойынша қиындықтар да кездесті. Атап айтсам, ағылшын тілі, орыс тілі пәндерінен кезекші сөздерін қолдануда қалыптастырушы ортаның жоқтығынан оқушыларда тілге төселу баяулық танытуда. Әйтсе де пән мұғалімдерінің шеберлігімен оқушыларға жеке жұмыстар жүргізіліп, оқушыларды алға жылжыту үшін саралау жұмыстары атқарылуда.
Қорыта айтқанда, аталмыш бағдарламаның мәні – баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асырып, пайдаға асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі — «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Бірінші сынып оқушыларын жалпы мектептің ортасына бейімдеу жүргізіліп, оқытуда әріп тануға, оқу мен жазуға үйрету, ана тілі, орыс тілі және ағылшын тілі пәндерінен айтылым–тыңдалым дағдыларын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алдиярова Мирагул Байгалыковна
№177 жалпы білім беретін мектептің директордың оқу
жұмысы жөніндегі орынбасары
Алматы қаласы, Жетісу ауданы