Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев ұлттық білім беру саласына өте жоғары талап қойып отыр. Біздегі білім беру жүйесі Қазақстан мектебінің түлектері өз білімдерін әлемдік оқу орындарында әрі қарай кедергісіз жалғастырып әкететіндей дәрежеде бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы болуға тиіс. Қазақстан біркелкі дамып келе жатқан жас мемлекет ретінде халықаралық білім қауымдастығының бір бөлшегі болуға ұмтылыс жасап отыр.
Мемлекет болашағының кепілі – жастарға білім мен тәрбие беру мәселесінен өткір мәселе жоқ екені белгілі. Қазақтың кемел талантты ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек», — деген.
Қазақстан Республикасының білім беру реформаларының негізгі мақсаты – білім беру жүйесін жаңа экономикалық ортаға бейімдеу. Бұл тұрғыда ел Президенті Н.Ә. Назарбаев еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуы туралы міндет қойғаны мәлім. Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарады. Болашақта өркениетті, дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет.
Ал, дамудың негізі білім мен ғылымға келіп тіреледі. Сондықтан да, әлемдегі дамыған елдер сияқты Тәуелсіз елімізде білім жүйесі сапасын жетілдіру ең негізгі өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Осыған орай, білім беру жүйесінде жастарға сапалы білім беріп, олардың үйлесімді дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуында ұстаздың кәсіби шеберлік көрсеткіштерінің бірі – жалпы педагогикалық, ғылыми-теориялық, әдістемелік жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік меңгерудің маңызы зор.
Қазіргі ұстаздар алдындағы міндет: ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушының білімі терең, іскер және ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Мұндай талапқа сай қызмет істеу үшін ұстаз үздіксіз ізденісте кәсіби білікті болуы тиіс.
Инновациялық оқыту нәтижелері оқушының өз бетінше әрекет етуі арқылы білімді меңгеруіне ықпал етуі тиіс. Оқушының ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымдық көзқарастары мен танымдық белсенділігін арттыруда, зерттеушілігі арқылы шығармашылық икемділігін дамытуда, біліктілікке ұмтылуда, яғни тұлғаны жан-жақты дамытуды жүзеге асыруда оқу үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу шешуші рөл атқарады, оң нәтиже береді.
Иә, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақстан Республикасы орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде бірқатар пәндер бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру курстары жүргізілді.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты – білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру, «Биология» және «Жаратылыстану» пәндері бойынша бағдарламаны жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу мәнмәтінінде мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру. Орта білім мазмұнын жаңартудың көптеген компоненттері, соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы осы мақсатқа бағытталған.
Жаңартылған оқу бағдарламаларының ерекшеліктері – бірнеше бөлімдерден тұратын жаңа құрылымы болып табылады:
- Пәннің маңыздылығы;
- Пән бойынша оқу бағдарламасының мақсаты;
- Тілдік мақсаттары жүзеге асыру;
- Оқыту үдерісіне ұйымдастыруға қойылатын талаптар;
- Пәнді оқытуда қолданылатын педагогикалық әдіс-тәсілдер;
- «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идесының құндылықтары;
- Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану құзіреттілігі;
- Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту;
- Оқу нәтижелерін бағалау жолдары;
- Оқудың мазмұны, ұйымдастырылуы мен бірізділігі.
Бағдарламаның міндеттері:
— мұғалімдердің пән бойынша бағдарламаның жаңартылған мазмұнын білуін қамтамасыз ету;
— Пән бойынша жаңартылған бағдарламаға сәйкес педагогикалық тәсілдер мен оқу материалдарын қолдануды үйрету;
— Пән бойынша жаңартылған бағдарламадағы оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін критериалды бағалау жүйесін қолдануды үйрету.
Оқудан күтілетін нәтижелер:
— мұғалімдер пән бойынша жаңартылған бағдарламаның мақсаттарын, міндеттерін, құрылымын және мазмұнын біледі және түсінеді;
— мұғалімдер пән бойынша жаңартылған бағдарламаға сәйкес педагогикалық тәсілдерді, оқу материалдарын қолдана біледі;
— мұғалімдер пән бойынша жаңартылған бағдарламадағы оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін критериалды бағалау жүйесін түсінеді және қолдана біледі.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсы жоспар бойынша орындалды. Ондағы жүргізілген тиімді әдіс-тәсілдер – педагогтардың оқытудың әмбебаб үлгісін және тиімді әдістер жүйесін қолданып, оқушыларға тәуелсіз болуға, сыни тұрғыдан ойлауға, оқуға жауапкершілікпен және шығармашылықпен қарауына көмектесетін сыни тұрғыдан ойлауға бағытталған.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы – озық технологиялардың барлық қыр-сырларын білуге жетелейді. Әр сабақтарда сын тұрғысынан ойлауға дамыту үшін әсіресе биология сабақтарына моделдеу, жобалау, эксперименттік сабақтар оқушының қиялын дамытуға бағыттайды. Курсқа келген мұғалімдер сол ортада болғандарын ерекше бір сезіммен айта отырып, қаншалықты баланың дамуына, сабақты идеялық жағынан ғылыми негізде, өмірмен байланысты ұйымдастыру оқушының қызығуын, білім құмарлығын таныту, әр сабақта оқушыларды ойлануға, өздігінен ізденіс жасауға баулып, ойын ауызша, жазбаша жинақтап баяндай білуге, мәдениетті сөйлеуге үйрету арқылы ұлттық әдет-ғұрыпты бойына сіңіруге дағдыландыру – әрбір ұстаздың абыройлы борышы деп санайды.
Бұдан шығатын негізгі түйін: баланы білуге өз еркімен, шын махаббатпен жетелей білсек, өзіндік ұстанымы, көзқарасы бар шәкірт тәрбиелесек, көздеген мақсатқа жете білгеніміз. Яғни, баланың ынтасын жетелеу – қызығушылығын ояту арқылы оқыту, үйрету, көрнекілікпен көрсету, оны өз беттерінше практикада қолдана білуі қажет деген сөз.
Каирбаева Ж.Х.
Басқару және білім сапасы кафедрасының аға оқытушысы
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша ПҚБАИ