Home » Жаңалықтар » Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында бастауыш мектепте білім беру үрдісін ұйымдастыру ерекшеліктері

Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында бастауыш мектепте білім беру үрдісін ұйымдастыру ерекшеліктері

mar_6669Бекмаганбетова Г.К.,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қостанай облысы
бойынша ПҚ БАИ»  мектепке дейінгі, бастауыш
оқыту және тұлғаны тәрбиелеу кафедрасының
аға оқытушысы, магистр

        Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр», -дегені белгілі. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи, танымдық, педагогикалық — психологиялық сауаттылық, саяси-экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етіледі. Ол жаңалыққа жаны құштар болып, шығармашылықпен жұмыс істесе, оқу мен тәрбие ісіне етене еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгергенде ғана білімі мен білігі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады.

Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында бастауыш білім берудің мақсаты: кең ауқымды дағдылардың негіздерін меңгерген оқушы тұлғасының үйлесімді қалыптасып дамуына қолайлы білім беру ортасын құру.

Осы мақсатқа сай қазіргі заман оқушыларынан кең ауқымды дағдылыр талап етіліп отыр:

  • білімді функционалдықпен және шығармашылықпен қолдану;
  • сын тұрғысынан ойлау;
  • зерттеу жұмысын жүргізу;
  • ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану;
  • коммуникативті қарым-қатынас тәсілдерін, оның ішінде тілдік дағдыларды пайдалану;
  • топпен және жеке жұмыс жасай білу.

Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында бастауыш мектепте білім беру үрдісін ұйымдастыру үшін білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында бастауыш мектепте білім беру үрдісін ұйымдастыру үшін жаңартылған оқу бағдарламаларының ерекшеліктерін білу қажет:

біріншіден, пән мазмұнының  спиралді қағидатпен берілуі маңызды. Брунер адамның танымдық қабілеті шартты түрде бөлінген үш сатыдан тұрады деп тұжырымдайды: белсенді; бейнелік; таңбалық. Бұл спиральді білім беру бағдарламасы тұжырымының дамуына себеп болған. Брунердің жұмысына негізделген спиральді білім беру бағдарламасының негізгі ерек­шеліктері:

  • оқушы мектепте оқыған кезде тақырыпты немесе пәнді бірнеше рет қайталап оқиды;
  • әрбір қайталап оқыған сайын тақырыптың немесе пәннің күрделілігі арта түседі;
  • жаңа білім алдыңғы біліммен тығыз байланысты және бұған дейін алынған ақпарат тұрғысынан қарастырылады.

Оқушы пәнді қайталап оқыған сайын ақпарат толықтырылып бекітіліп отырады, спиральді білім беру бағдарламасы жеңіл идеялардан анағұрлым күрделі идеяларға қисынды жолмен ауысуға мүмкіндік береді, оқушыларды соңғы оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін бұрын алған білімдерін қол­дануға жетелеу спиральді білім беру бағдарламасының басымдықтары­на жатады.

— екіншіден, Блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттарының иерархиясы қолданылады, білім, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау деңгейлері бойынша бағалау критерийлері бойынша сабақ мақсаттары анықталады.

— үшіншіден, бір білім беру аясындағы және пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру мақсатында «ортақ тақырыптар»  беріледі. Әр пәнді жеке оқыту маңызды болып табылатынына қарамастан, пәнаралық байланыс жаттығулары пәндерді анағұрлым сапалы зерделеуге мүмкіндік береді. Каррдың пайымдауынша, пәнаралық байланыс тәсілі білім өзара байланысты құбылыс деп санаған Джон Дьюидің еңбектеріне негізделеді. Оқыту мен оқудың бұл тәсілі оқытудың сындарлы тәсілімен тығыз байланысты, себебі оқушылар бірлесіп жұмыс істей отырып, пәндердің араларындағы мәселелерді талқылап пікірталас жүргізеді. Оқушылар бір пәннің аясында үйренген мәселелерін екінші пәнге пайдалана алады немесе бір пәннің негізінде басқа пәнді оқуды жақсарта алады. Білімдерді ықпалдастыру оқушы үшін оқу үдесірін анағұрлым байланысқан және маңызды етуге бағытталған. Бастауыш мектептің 1-2 сынып оқушылары жаттығуларды белгілі бір пәнге жатқызбайды, сондықтан пәнаралық байланыс тәсілі олардың оқу түрін анағұрлым нақты көрсетеді.

— төртіншіден, оқу үдерісін ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар арқылы ұйымдастырылады.

Бастауыш сынып мұғалімі бастауыш сынып пәндерінің оқу мақсаттарында белгілі бір сыныпта оқушылар үйренеді деп күтілетін тақырыптар, мазмұн және дағдылар сипатталған. Дәл осы оқу мақсаттарын оқу бағдарламасынан, оқу жоспарынан және критериалды бағалау жөніндегі әдістемелік нұсқаулықтан таба алады. Осы арқылы жоғарыда аталған үш құжатты біріктіруге болады. Бастауыш сынып сабағын жоспарлау кезінде бұл үш құжаттың үшеуі де қолданылуы керек, міне, осы жағынан ерекшеленіп отыр.

Оқу жоспары көптеген орта мерзімді жоспарлардан, бөлімдерден тұрады, олардың әрқайсысы оқу кезеңінің бірнеше аптасына дейін қамтуы мүмкін. Осылайша бірнеше аптаны топтастырып бірден жоспарлаған тиімді болмақ. Бұл мұғалімге оқушылардың осы уақыт ішінде, тақырып немесе мәнмәтін арқылы байланыстырылған тізбектелген сабақтар топтамасы аясында қалыптастырып, дамытуы тиісті білім мен түсінік, дағдыларды толық қамтуға мүмкіндік береді.

Орта мерзімді жоспарды әзірлеп болған соң, мұғалім әрбір жеке сабақтың жоспарын (қысқа мерзімді жоспар) дайындайды. Сабақты жоспарлауды бастағанда мұғалім бұл сабақтың мақсаты қандай болатынын шешеді. Сабақтың мақсаты оқу бағдарламасында баяндалған оқу мақсатына сәйкес келуі керек, бірақ оқу мақсаттарының барлық тармақтарын қамтымауы мүмкін. Сабақ мақсаттарын тұжырымдау барысында олар оқушылардың сабақ соңында не істей алу керектігі тұрғысынан белгілі бір нәтижелерді сипаттауы керек екенін есте ұстау қажет.  Осы қысқа мерзімді жоспарлау барысында сабақта мұғалімнің не істейтініне емес, оқушылардың немен айналысатынына назар аударылады, сабақты жоспарлауды жеңілдетеді, оқуды бағалауды, оқыту мен оқуды бағамдауды жеңілдетуге көмектеседі.

— бесіншіден, оқытудың тәрбиелік әлеуетін арттыру, оқушының адамгершілік рухани қасиеттері қалыптастырылады. Мектеп оқушыларының бойында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының рухани-адамгершілік құндылықтарын және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру.  Адамгершілігі жоғары азаматты және өз Отанының патриотын тәрбиелеу «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын ескере отырып жүзеге асырылатын болады.

Тұлғаның шығармашылық құзыреттіліктегі, үздіксіз білім мен тәрбиедегі, өзін-өзі кәсіби тұрғыдан айқындауындағы бәсекелі басымдықтарын қалыптастыру мақсатында балаларға қосымша білім берудің мазмұны мынадай негізгі бағыттар бойынша жаңартылатын болады: көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетану, әскери-патриоттық, әлеуметтік-педагогикалық, білім беру-сауықтыру және т.б.

«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын ескере отырып, жаңа бастауыш, негізгі және жоғары мектептің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары бойынша білім берудің оқу бағдарламалары әзірленетін болады.

— алтыншыдан, білім беру деңгейлері аралығында пән бойынша сабақтастықты ескеруге мүмкіндік беретін толық оқу курсы бойынша педагогикалық мақсат қойылады.

— жетіншіден, бөлімдердің мазмұны мен ұсынылған тақырыптардың уақыт талабына сәйкес келуі, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға көп септігін тигізеді. Түрлі мəдениет пен көзқарастарға деген құрмет – жеке тұлғалық, тұлғааралық жəне мəдениетаралық құзыреттіліктердің бөлігі болып табылады. Мінез-құлықтың сəйкес нормаларына баулу оқушыларға қазіргі кезде барынша көпмəдениетті қоғамға айналып келе жатқан қоғамның əлеуметтік жəне еңбек өміріне тиімді əрі конструктивті қатысуына мүмкіндік береді.

сегізіншіден, оқытудағы жүйелі-әрекеттік ұстаным (оқушының білім алу үдерісіне белсенді қатысу). Бастауыш сынып оқушыларын көбірек ойынға, бірлескен жұмысқа бағыттағанда ғана балада креативті ойлау дағдысы дамып, шығармашылықпен жұмыс істеуге дағдыланады. Шығармашылықпен дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған жаңа үлгіні жасауда ықпалы зор. Шығармашылық тапсырмалар оқушыларға зақым келмейтіндей және мәжбүрлемей, оқушының шынайы білімінің тереңдігін көрсетеді. Олар оқушының креативті ой-санасын дамытып ойлануды үйретеді. Сондықтан сабақ барысында «ойлап табыңыз», «құрастырыңыз», «салыстырыңыз», «түзетіңіз», «дәлелдеңіз», «жинақтаңыз», «мағынасына қарай бөліңіз» деген тапсырмаларды ұсынуды қажет болады.

Бағдарламаның басым бөлігі сындарлы оқыту теориясы негіздерін қамтиды. Бұл теория оқушылардың ойлауын дамыту, олардың бұрынғы алған білімдері мен жаңа немесе сыныптағы түрлі дерек көздерінен, мұғалімнен, оқулықтан және достарынан алған білімдерімен өзара әрекеттесуі жағдайында жүзеге асады деген тұжырымға негізделеді.

Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында  бастауыш мектепте білім беру үрдісін ұйымдастыру барысында осы көрсетілген ерекшеліктерді ескеру қажет. Сонда, бастауыш сынып мұғаліміне жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша сабақты өткізу үшін өзін қайтадан «сындырып», қайтадан құрастыру қажет.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.