Home » Баяндамалар » Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мұғалімнің шеберлігін жетілдірудің тиімді жолдары

Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мұғалімнің шеберлігін жетілдірудің тиімді жолдары

 

      Бүгінгі күнде қоғамның дамуы, оның мүшелерінің білімімен өлшенетін кезі келді. Өйткені, қазіргі өркениетке жеткізетін құрал – білім. Сондықтан білімді ұрпақ қана қоғамның болашақ иесі бола алады.

Өткен ғасырға көз жіберсек, 20-жылдардың басында Қазақстан жаңа білім идеяларын іске асыру мақсатында сауатсыздықты жою үшін, бастауыш және жеті жылдық мектептер аша бастаса, кейін педагогтардың қоғамдағы беделін арттырған жалпыға бірдей орта білім беруге көшу жүзеге асырылды. Қазіргі таңда сол орта білімді беретін мектептің маңыздылығы артып, ол шығармашылық ізденіс пен өмірлік тәжірибені ұштастыра отырып басқаруды қажеттілікке айналдырды.

Білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу, оның қоғамдық пікірлерді ескере келе жасалғандығын түйсіну, сондықтан оны қолдау әрбір басшының міндеті. Соған сәйкес мақсат қойылып, іс-қимыл жоспарларын үйлестіру тәжірибеден белгілі. Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: «Алдағы он жылдықтың мақсаты – біріншіден адамның үнемі дамуын, екіншіден, ұлттық білім беру жүйесінің жалпы әлемдік жүйеге кірігуін қамтамасыз ететін білім беру жүйесін құру» деп көрсетілген. Аталған бағыттарға сай 12 жылдық білім беруге көшу, ондағы педагогикалық талаптар, әлемдік тұрғыдағы тұжырымдалған пікірлер, қоғамдағы сұраныстарды қанағаттандыратын жаңа уақыттың реформасы, бүгінгі басшының басқарудағы шығармашылық әрекеттерінің арқауы деген пікірдемін. Ал, еліміздегі жүргізіліп жатқан білім саясатына келсек, әлемдік білім кеңістігіндегі жалпы білім берудің басымдылық мақсаты – өзгермелі өмір жағдайына тез бейімделетін, өз жолын дұрыс таңдай білетін, оң шешім қабылдай алатын тұлға дайындау болып отыр. Демек, біздің де мақсатымыз бұлармен үндесіп, мемлекеттік саясаттың іргесін нығайтуда мектептің өзіндік маңызды рөлі бар екендігін ақиқатқа айналдырып, оны іс-қимыл нәтижелерімен дәлелдеудеміз.

Педагогикалық орта – тәрбиенің ошағы. Оның баланы тәрбиелеу мен оқытудағы бірізді еңбегі, мәдениеттілігі, шеберлігі, әр адамның іскерлігіне назар аударуы жас маманның қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Әрине, бұған ортаның мынадай әсерлерін бөліп көрсетуге болады:

  • ұжым әсері, көзқарасы;
  • ондағы белгіленген жұмыс бағытының орындалуы, талпынысы;
  • жас маман жұмысына берілетін баға.

Педагогикалық арнаулы орта, жоғары оқу орындары – ұстаздыққа жан-жақты үйретер отырып, оқыту мен тәрбиелеудің әдістеріне қанығады. Оқушылар ісі мен біліміне байқау, зерттеу, бақылау жұмыстарын жүргізе отырып, өздерінің мамандығы бойынша тәжірибе жинап, шеберліктерін қалыптастырады.

Шеберлікті жетілдіру сан-салалы. Бұл, әрине ең алдымен, осы мамандықты насихаттап, мамандықтың құрметті де, қиын әрі қызықты екенін түсіндіруден басталады. Мектепте ұстаздар балалармен жұмыс жасай отырып, олардың ұйымдастырушылық қабілетін байқайды. Яғни, оларға әр түрлі қоғамдық жұмыстарды тапсыра отырып, өз бетімен жұмыс істей білуге жетілдіреді. Мұндай жұмыстар оқушы бойына міндеттілікті, тұрақтылық, өз ісін адал атқаратын еңбекқорлықты сіңіріп, тәрбиелік жұмыстарды атқару ісі арта түседі. Мектеп қабырғасында мұғалімнің бала тәрбиесіндегі атқаратын жұмысы ұшан теңіз. Әрбір даталы күндерге арналған қызықты ертеңгіліктер, сыныпаралық жарыстарды қызықты ұйымдастыру да оқушылардың бойына сапалы тәртіп қалыптастырады. Мысалы: Әр оқушының туған күнін біліп, оларды топтастырып, сыныпта дәстүрлі туған күн кешін өткізу;

  • Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыпты қалыптастыруда “Наурыз – жыл басы” ертеңгілігін өткізу;
  • Ер балалар арасында “Жігіт сұлтаны”, қыздар арасында “Қыз сыны”, “Көктем аруы” т.б. өткізу.

Міне, осындай тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастыруда мұғалімге өз көмегін аямайтын ақылды, елгезек оқушыларды ұстаздыққа мектеп қабырғасында арнаулы бағдарлама бойынша дайындап, олардың келешекте педагогикалық оқу орындарына түсіп, өз жолын табуына жағдай жасау керек. Мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін қалыптастыруды ұйымдастыру әр түрлі жолмен жүреді. Осыған орай мұғалімдерді оқу-тәрбие жұмысын жүргізуде мынадай топтарға бөліп қарау артық емес:

  • бірқатар мұғалімдердің бірер пәнді оқытуды жақсы меңгеріп, сабақта ұтымды әдістер арқылы елеулі нәтижеге қолы жетіп жүрсе, бірқатары барлық пәндерден солай. Осылардың қайсысы да өз жұмысына сын көзбен қарап, оқығанын, білгенін, көргенін творчестволықпен дамыта, оқушы білімінің деңгейіне, даму дәрежесіне қарай жетілдіре қолданады.

Екінші бір топ мұғалімдерге баспасөзде жарияланып, баспалардан шығып жататын методикалық еңбектерді саралап, өз лабораториясында қорытып, қолдану белсенділігі жетіспейді, олардың біразына жаңалыққа тосырқай қараушылық, кейде жете мән бермеушілік психологиясы тән.

Үшіншіден, мұғалімдердің енді бір тобы өздерінің жұмыстарына теориялық жағынан да, методикалық жағынан да талдау жасай білмегендіктен, өзінің де, өзгенің де творчестволық өсу деңгейін мөлшерлей алмайды. Мұғалімнің өз ізденісі, толғанысы, іштей ширығуы болмаған соң, бойдағы белсенділік келіп, тың пікір тумайды.

Жоғарыда аталған үш түрлі дайындықтағы мұғалімдерге де дем беріп, осы үш түрлі жағдайды бір арнаға түсіріп, оқу-тәрбие ісінде барша жаңалықтарды жинақтап отыратын орын – мектептегі методикалық бірлестік.

Жалпы орта білім беретін мектептерде осы жұмысын арнайы айналысатын мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары бар. Ол мұғалімдердің сабақтарына да, сыныптан тыс жұмыстарына да араласып отырады, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Егер мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болмаған жағдайда, бірлестік жұмысын мектептегі тәжірибелі мұғалімдер немесе мұғалім-методист басқарады.

Әдістемелік жұмысты қалай ұйымдастыру керек?

Мектепте әдістемелік бірлестік саны сынып санына байланысты емес. Әр секцияның өз жетекшісі болады, бірақ олар бірлестік мүшесі болып есептеледі де, тапсырылған жұмыстарды басқалар қатарлы орындап отырады. Сонымен қатар секция жетекшісінің бірлестік мәжілісінде есеп беріп отыруы керек.

Бірлестік жұмысын жоспарлау.

Әдетте әдістемелік бірлестіктер жоспарына мына жұмыстар енгізіледі:

  • мұғалімдер құрамы туралы мәлімет;
  • методикалық бірлестіктің өткен оқу жылындағы атқарған жұмыстарына талдау;
  • бірлестіктің жаңа оқу жылына арналған міндеттері;
  • ұйымдастыру жұмыстары;
  • ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары;
  • тәжірибеден алынған баяндамалар;
  • озат тәжірибені жинақтау және тарату;
  • методикалық газет-журнал беттеріне жарияланған материалдарға шолу;
  • өзара қатысқан сабақтарда қолданылған ұжымды әдістерді жинақтау;
  • оқушылардың білімдері мен іскерлік дағдыларын тексеруге көмек;
  • білім жетілдіру курсында болған мұғалімдердің хабарламаларын тыңдау;
  • көрнекі-құралдар байыту жұмыстары;
  • мұғалімдердің творчестволық есебін тыңдау;
  • семинарлар.

Аталған бөлімдердің барлығы бірдей бір отырысқа топтастырылмайды. Кейбірі қажетіне қарай алынады.

Әдістемелік бірлестіктің жұмысы – шеберлікті жетілдіретін негізгі буын. Ол мұғалімнің өз жұмысына сыни көзбен қарап, баға беруіне де, өзгенің творчествосын көріп, тәжірибе жинақтауына да пайдалы. Қазір көпке танымал болып, облыс, республика көлемінде өзін көрсетіп жүргендер – осы жұмысқа тікелей араласып, оның пайдалы ұсыныстарын дер кезінде өз жұмысына қолдана білгендер.

Егер мұғалім оқушы біліміндегі олқылықты жоя алмаса, балаға дұрыс тәрбие бере алмаса, бағдарламалық материалды меңгертуде кемшілік жіберсе, ол – методикалық бірлестік жұмысының өз дәрежесінде өтпейтіндігінің айқын көрінісі.

Осыған орай мұғалімдердің шеберлігін шыңдай түсу үшін және оқу-тәрбие жұмысын дұрыс, әрі сапалы жүргізе білуіне көмек ретінде, тәрбие жөніндегі жетекші мынадай істер жүргізгені дұрыс:

  • мұғалімдермен жеке және топтық пікірлесу, кеңесу сәттерін өткізу;
  • оқу-тәрбие жоспары мен жұмысына талдау жасау;
  • мұғалімдермен сұқбаттасу үшін арнайы сұрақтар дайындау;
  • тәжірибесі жеткіліксіз мұғалімдер мен ұстаздық жолын жаңа бастаған мұғалімдер үшін жеке тапсырмалар орындауды ұйымдастыру;
  • ай сайын “методикалық оқу” күнін өткізу.

Бала тәрбиесі – өте күрделі, нәзік те жауапты іс екені баршаға аян. Сол себепті де мұғалімнің алдында жасөспірімдерді қалай оқыту, олардың әрқайсысының бойына Отанға сүйіспеншілік, қоғам игілігіне еңбек ету қажеттігін қалай қалыптастыруға болады деген сұрақтар тұруы заңды. Ендеше мектепте, сыныпта мұғалімнің басты тұлға аталынуы да бекер емес. Болашақ азаматтың қандай болып шығуы оған білім мен тәрбие беруші бүгінгі мұғалімнің сапасына, білімділігі мен іскерлігіне, тәжірибесіне байланысты.

 

Қолданылған әдебиеттер:

  1. “Педагогика” Қоянбаев Қ. 2014 ж.
  2. “Мен – Адаммын” /жеке тұлғаның рухани – адамгершілігін дамытуға арналған әдістемелік құрал/ Игенбаева Б.Қ. Алматы, 2011ж.
  3. “Адамгершілік сабақтары” Игенбаева Б.Қ. Алматы, 2014ж.

Зауре Білісбаева,

Қызылорда облысы, Сырдария аудандық білім бөлімінің әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.