Қоғам дамуының жаһандану ахуалында сапалы білім берудің заман талабына құрылуы – өмір заңдылығы. Уақыт пен қоғам бір-бірімен ажырамас егіз. Бір орында тұрып қалу-тоқтау, ал тоқтау – бұл артқа кету, яғни бұл тоқырауға әкеліп соқтыратыны белгілі. Сондықтан бізге тоқтауға да, артқа кетуімізге де болмайды. Өйткені біздің алдымызда анық мақсат бар, ол дамыған 30 елдің қатарына ену. Еліміздің көркейіп дамуы келешек жас ұрпақтың қолында екені баршамызға мәлім. «Мұғалім – адам жанының бағбаны» деп ұлы ғұламаларымыз айтып кеткендей, қай кезеңде, қай қоғамда болмасын жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан алған тәлімнен басталады. Олай болса келешек саналы әрі білімді ұрпақ тәрбиелеу, мына біздерге, ұстаздарға жүктелген міндет деп білемін. Кез-келген дамыған елдің даму жолына үңіліп қарасақ, ең алдымен білім беру жүйесіне жаңа реформа енгізгенін көре аламыз. Сондықтан да қазіргі таңда елімізде жүргізіліп жатқан Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіндегі жаңа реформаны енгізу кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, білім саласына енгізіліп жатқан жаңартылған бағдарлама – бұл заман талабы.
Елбасымыз жаңа нарықтық экономика мен қоғам талаптарына сай білім беретін жүйе қалыптастыруды өз жолдаулары мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ерекше айқын мақсат етіп, осы орайда дүние жүзінің білім саласын зерделей келе білімнің ордасы болып табылатын Кембридж университеті мен Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесін тарату мақсатында жасақталған бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған Қазақстан Республикасында Білім және Ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарына арналған Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағларламаны жүзеге асыруда Жаңартылған бағдарлама бойынша жаңаша көзқарас қалыптасып, білім деңгейінің биікке көтерілетіне нық сеніммен ерекше айқын мақсат қойылды. Сол аталған талап-мақсаттарға тікелей жауап беретін жаңартылған оқу бағдарламасының басты ерекшелігі – оқу мақсаты дәл және сабақ барысында қазақ, орыс, ағылшын тіл пәндерін бір-бірімен ұштастыра келе болашақ ұрпақтың функционалдық сауаттылығын арттыру. Жан-жақты бәсекеге қабілетті білім жүйесін қалыптастыруда мұғалім жауапкершілігі артып қана қоймай, өз білім, білік, дағдысына қарай беделі де артатындығы көңілге серпін әкеледі.
Жалпы бұл бағдарлама бізге тосыннан келіп, төңкеріс жасап отырған дүние еместігін әрбір қазақстандық азамат білуі тиіс. Мұнда сонау Кеңес дәуіріне дейінгі білім жүйесі қайта жаңғырып, әлемдік озық тәжірибелермен дамып, толығып ұсынылғандығы туралы біршама ғылыми дәлелдеме келтірер болсақ, Жаңартылған білім беру бағдарламасының ұлттық рухының биіктей түскендігін байқауға болады.
Бағдарламаның басты мақсаты:оқушының білім, білік дағдысын қалыптастыра отырып өз бетімен ізденуіне, қарым қатынас барысында ойын жеткізе білуіне қорытынды жасай алуға және жан-жақты дамуына жол ашу екендігін және қазіргі таңда өз тіліміз бен дінімізді, салт-дәстүріміз бен тарихымызды, аса бай құндылықтарымызды дәріптей отырып, Қазақстанның әрбір түлегін бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, кез-келген жағдаятта тығырықтан шыға білетін тұлға қалыптастыру.
Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарындағы білім мен оқу әдістерінің дамуы және осы негізде жаңа оқу сапасына қол жеткізу білім беру мазмұнын жаңартудағы стратегиялық міндет болып табылады.
Қай кезеңде,қай қоғамда болсын жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстазға үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу-ұстаздың қолында.
Ата-бабамыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз ғана табысты болады, нәтижеге жетеді.
Жалмуханова Балауса Хоныспаевна
«Өрлеу»БАҰО» АҚ филиалы
Атырау облысы бойынша ПҚБАИ,
«Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру»
кафедрасының аға оқытушысы