Home » Мақалалар » Білім беру мазмұнын жаңартудағы құндылықтар

Білім беру мазмұнын жаңартудағы құндылықтар

Ұстаздар қауымы үшін заман талабына сай бәсекеге қабілетті, жан-жақты жетілген тұлғаны оқытып, тәрбиелеп шығару күн тәртібінен түспейтін, келелі мәселеге айналды. Бар бақытын баладан табатын біздің халық, өзегін жарып шыққан баласын, алты жасқа толғанда жетелеген қалпы, алғаш рет ғаріп танытатын, әріп жаздыртатын – алғашқы ұстазы ретінде бізге өз қолымен әкеп тапсырып, бар үміті мен сенімін біздің мойнымызға жүктейтіні ақиқат, әрі заңды талап болса, ал біз үшін бұл – ардақты да, абыройлы міндет. Өкінішке орай, біз осыған дейін сол ата-ананың сенімі мен үмітін толығымен ақтай алдық па, ардақты да абыройлы міндетімізді дұрыс атқара алдық па, деген сұрақтар төңірегінде күмілжіп қалатынымыз өтірік емес, мен бұл арада тұтас ұстаздар қауымының атына сын айтпақ емеспін. Тіпті ескі білім беру стандартымен де жемісті еңбек етіп, жоғары нәтижеге қол жеткізген көптеген әріптестеріміз өз есімдерін елге әйгілі етті ғой. Дегенмен, кешегі заманның қалыбымен бүгінгі таңда еңбек ету – «Мәңгілік ел» болуға бет бұрған ұлы көштің жұртында қалып қоюмен бірдей екенін естен шығармаған жөн. Сол кездегі оқу бағдарламасының басты кемшілігі – оның шектен тыс ауқымдылығында екендігіне, оқу мазмұнының практикалық жағынан гөрі теориялық жағының басым болғандығына, оның оқушының ойлау дағдысының жоғары деңгейін қалыптастыруға тигізетін ықпалы болмашы ғана екендігіне, қысқасы қазіргі заман талабына сай еместігіне, көзіміз әбден жеткен. Алған білімін іс жүзінде қолдана алатын жаңа толқын өкілдерін оқытып-тәрбиелеп шығару ісін жоғары мемлекеттік деңгейде жүзеге асыруға кірісуіміз – біздің баянды болашағымыздың, кемелді келешегіміздің кепілі екендігін дәлелдеп те қажеті жоқ. Тәрбиесіз білім берілмейді, мектеп қабырғасын алғаш аттаған бүлдіршіннің сана-сезіміне тәрбие тағлымын дарыта отырып, білім кемесінде жүздіре білсек қана, аспанымыз ашық, жүзіміз жарқын, күлкіміз күміс, тұрмысымыз дұрыс болмақ. Жаңа стандартта Отандық білім беру жүйесінің мектептегі құндылықтары есебінде, ескіше тәрбие жұмысы деп аталған, қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік, өзара құрмет, ынтымақтастық, еңбек пен шығармашылық, ашықтық, өмір бойы оқып-үйрену сынды мәселелер қамтылған. Аталған құндылықтарды бойына дарытып, ойына оралтып, санасына сіңіріп, Ұлы өмірге қанат қаққан жас түлекті шыңдап шығарып, үкілеп ұшыру ісі – бүкіл мектеп ұжымы қызметі нәтижесінің басты өлшемі болып табылмақ. «Білім негізі – бастауышта» ұлағатымен еңбек ете отырып, біздер – бастауыш сынып мұғалімдері, біліммен бірге тәрбие жұмысын қатар алып жүру принципін басшылыққа алғанымыз жөн. «Екі шылбыр, бір тізгін» деген қазағымның тәмсілі бар, сондағы екі шылбырымыз – білім мен тәрбие болса, бір тізгініміз – заман талабы дер едім. XXI ғасырдың, жаңа заманның талабы бізді түзу жолға бағыттайтын тізгін ғой, ендеше тізгіннен шықпай, жолдан адаспай ұлы міндетімізді абыроймен атқарайық, құрметті әріптестер!!!

Толежанова Айгуль Ахметовна

№75 мектеп-гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

Астана қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.